Төл мерекелері қарсаңында мәдениет саласының шырақшысы болып жүрген жезқазғандықтарға құрмет көрсетілді. 10 аталым бойынша қала әкімінің дәстүрлі «Үкілі қобыз» сыйлығының биылғы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.
Лимузин, қызыл кілем, қолшатыр. Құдды бір кино әлемі. Иә, бұл мәдениет қызметкерлері үшін дайындаған әдемі кеш болды. Өздеріне арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өткен мәдениет ардагерлері ерекше сезімді бастан өткергендері анық.
Жезқазған – өнерімен өрісті өлке. Бүгінде мысты шаһардың мәдениет және өнер ордаларында 365 адам еңбек етеді. С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры, Т.Қалмағанбетов атындағы филармония, тарихи-археологиялық мұражай, 11 кітапхана және 7 мәдениет-сауық мекемесі халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетеді. Әртүрлі жанрдағы 30-ға тарта шығармашылық ұжым: хор, би, эстрада, вокал ансамбльдері бірлесіп жұмыс істейді. Салтанатты шара басталмас бұрын қонақтарға арнайы дайындалған бейнефильм көрсетілді. Қобыздың үні әуеледі.Кеш жүргізушілері – муызкалық тележобалардың продюсері Бекболат Арыстанбеков және эстрада жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова.
Ұлттық мәдениетімізді насихаттап, рухымызды ұлықтап, руханиятсаласына еңбегі сіңген сала қызметкерлері үлкен құрметке лайық. Бүгін – олардың еңбегін елейтін, алғыс айтатын күн.
Кеште мәдениет саласының қызметкерлеріне Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Биылғы жылдың үздіктерінің есімдерін еститін сәт те келіп жетті. «Жыл әртісі» С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының әртісіАйнұр Қабдырашоваға, «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртісі Гүлдәурен Жидебаеваға берілді.
«Жыл хореографы» «Шалқыма» өнер академиясының хореографы Акерке Омароваға, «Көркем өнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» «Шалқыма» өнер академиясының жетекшісі Мақпал Садықоваға, «Жылдың үздік кітапханашысы» Гүлназира Сүйіндіковаға бұйырды.
«Жылдың үздік музей қызметкері» Жезқазған тарихи-археологиялық музейі мен көрме залының бас қор сақтаушысы Құралай Жухановаға, «Алтын жолақ» номинациясы ақын, жазушы Кенжебай Ахметовке, «Көркемсөз шебері» қаламыздың мәдени-рухани шараларына белсене қатысып, өз үлесін қосып жүрген Раушан Қожабаеваға, үздік техника маманы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің қоюшы операторы Данияр Ульяновқа табысталды. Жүлдегерлердің әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Басты марапат – «Мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан үлес іүшін» номинация және 300 мың теңге ақшалай сыйлықты С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының режиссері, қала деңгейінде өткен көптеген іс-шаралар мен мерекелік бағдарламалардың қоюшы режиссері Теміржан Жанботаев алды. Кеште Теміржан Жанботаев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды деген қуанышты хабар жетті.
Мәдениеті биік елдің мәртебесі де биік болатыны сөзсіз. Сондықтан, бұл дәстүр алдағы жылдары да жалғасын тауып, жергілікті билік тарапынан мәдениетке, өнерге қолдауы арта бермек.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.