2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет, қоғамдық тамақтанудың 11 млн. теңгеден астам қызметтеріне арыз-шағымдар түсіп, тұтынушыларға 9 млн. теңгеден астамы қайтарылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Ұлытау облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша ауқымды іс атқарып отыр.
– Бүгінгі таңда электрондық сауда саласына өтініштер саны артып келеді, –деді осы департаменттің басшысы Алмас Шәймерденов. – Негізгі шағымдар тиісті және тиісті емес сападағы тауардың қайтарылуы, ақшаны қайтарудан бас тарту, тауарларды уақтылы жеткізбеу болып табылады. Цифрлық трансформация және цифрдың күнделікті өмірімізге терең енуі жағдайында біз тұтынушылардың шағымдарының өсуі жалғасады деп ойлаймыз. ҚР Сауда және интеграция Министрлігі электрондық платформалар өкілдерінің қатысуымен бірқатар кеңестер өткізген болатын, оның ішінде тұтынушылардың проблемаларын жедел шешу үшін Вайлдберис өкілдерімен өзара іс-қимыл шаралары аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы шеңберінде тауарларды өткізу мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылған. Тиісінше, офлайн сатушыға қойылатын барлық талаптар онлайн сатушыларға да қолданылатын болады.
Брифинг барысында – ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының алға қойған басты елдік міндеттердің бірі болып табылатыны айтылды. Бірақ оған қол жеткізу жергілікті атқарушы органдар, қоғамның, тұтынушылардың, қоғамдық институттармен БАҚ өкілдерінің тұтастай бірлесе жұмыс атқарғанда ғана қол жеткіземіз дейді. Оны жүзеге асыру үшін «Сапалы өнім» тұжырымдамасының маңызы зор. Айта кетейік, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында ҚР «Сауда және интеграция» министрлігі жаңа редакцияда заң жобасын әзірледі және ол қазіргі уақытта ҚР Парламентінде қаралуда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.