Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және криминогендік жағдайды төмендетуді көздейтін «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс басталды. Осы ретте Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаевтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан ішкі саясат бөлімдерінің мамандары, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының өкілдері қатысып, қазірігі қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде облыс орталығындағы сауда нүктелерінде ішімдіктің сатылуы, сондай-ақ кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық тақырыбын қозғады. Нәтижесінде кеңеске қатысушылар полиция департаментімен біріге отырып, мобильді топ құрды.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күні-ақ 42 әкімшілік хаттама толтырылған. Полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнаманы түсіндіру жұмыстары бойынша халық арасында кең ауқымды іс-шаралар өткізуде.
– Бізде отбасы мүшелерін, әсіресе, мас күйінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу бойынша мәжбүрлеп емдеу мекемесі әлі ашылған жоқ. Осы түйіткілді мәселе болып тұр. Алкогольге тәуелділік пен нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу бойынша мекеме биыл ашылады деген үміттеміз. Екіншіден, Сәтбаев қаласында медициналық айықтырғыш жоқ. Яғни уақытша оқшаулау, бейімдеу орталығы жоқ. Осы мәселелерді қазір облыс әкімдігінің тікелей тапсырмасымен белсенді түрде жұмыс жасап жатыр, – деді Ұлытау облыстық ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Ерғали Қожабеков.
Айта кетейік, жедел алдын алу іс шарасы 21 қаңтарға дейін жалғасады. Басты назарға маскүнемдер, тұрмысы қолайсыз отбасылар және «есепте тұрған» басқа да санаттар алынған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.