Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы және бейбіт еңбектің ардагері, Ұлытау, Жезді аудандары мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдығына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты көрме №2 үлгілі кітапхана-филиалында ұйымдастырылды.
Кітапхана қызметкерлері осы іс-шараны ұйымдастыру барысында өлкеміздің танымал тұлғаларын жас ұрпаққа жақынырақ таныстыру, насихаттау мақсатында Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражай қызметкерлерімен байланысып, көрменің мағыналы, есте қалардай өтуіне атсалысуларын сұрады.
Іс-шараны кітапханашы Ұлы Отан соғысы жайлы мағлұматпен бастады. Өлкемізден шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері Мәкен Төрегелдинге арналған көрмені таныстыруға мұражай қызметкеріне сөз берілді. Мұражайдың бөлім меңгерушісі Үрзия Қапарова көрмеге қойылған Мәкен Төрегелдиннің мұражайдағы экспонаттары, фото-суреттер, медальдары, жеке заттарына жеке-жеке тоқталды. Жезді ауданына 16 жыл бойы үзбей басшылық еткен, сондай-ақ зейнет демалысына шыққан соң Жезді кентінде ТМД-да теңдесі жоқ тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайын ұйымдастырған, бар ғұмырын ел мүддесі үшін арнап өткен Ұлы Отан соғысы ардагері туралы көптеген мәліметтерді кітапхана оқырмандарына түсінікті жеткізді. Сонымен қатар, іс-шараға №11 жалпы білім беретін мектебінің 6, 7-сынып оқушылары мен кітапханашысы, М. Құлышева атындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі мен тәрбиеленушілері қатысты. Көрмеге қойылған әрбір құнды материалға оқырмандар қызығушылық танытты.
Ұлы Отан соғысының ардагерінің соғыс және бейбіт кездегі жасаған ерліктері мен атқарған қызметтері жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берер, тағылымды да мағыналы іс-шара болды.
Ақнұр Сабырқызы, Жезқазған қаласының ОКЖ
№2 үлгілі кітапхана-филиалының меңгерушісі.