Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне орнығып, бүгінде тамырын жайған өзге ұлт өкілдері қоғам дамуына өз үлестерін қосты. Міне, сондай ардақты жанның бірі – Лидия Антоновна Норко.
Лидия Норко 1932 жылы 26 ақпанда Белоруссияның Витебск облысындағы Рубинка ұжым шарында дүниеге келген. Соғыс басталған жылдары сол ұжымшарда еңбек жолын бастаған. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен жастайынан жұмысқаа раласып, егін шаруашылығында жүріп, бой жетті. 1955 жылы Қазақстанға көшірілгендердің қатарында Лидия Норка да болатын. Ол алты ай бойы Ақадыр кентінде жұмыс істеп, сол жылдың күзінде Никольский қаласына келіп, құрылыста жұмыс жасайды. 1959 жылы жастармен Балқаш қаласына қоныс аударған. Сол жылдардан бастап Балқаш мыс қорыту зауытында еңбек етті. Жолдасы Норко Иосиф Иванович металлургиялық пештерді жөндеу ұжымына жұмысқа орналасты. Сол жерден 1980 жылы құрметті демалысқа шығады. Лидия Антоновна металлургиялық пештерді жөндеу ұжымына 1961 жылы келіп, 1987 жылға дейін еңбек етті.
Тыл және еңбек ардагері Лидия Антоновна жақында торқалы тоқсан жастың төріне көтерілді. Металлургиялық пештерді жөндеу цехының ұжымы ардақты жанды мерейтойымен құттықтап, құрметтеді. «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мен ардагерлер кеңесі цех ұжымы атынан Лидия Антоновнаға жылы лебіздер арнап, сый-сияпат тапсырды.
Ардақты ана, ақылшы әже Лидия Норка өзіне көрсетілген құрмет үшін зауыт, цех басшылығы мен кәсіподақ ұйымына, ардагерлер ұйымына алғысын жеткізді. Металлургиялық пештерді жөндеу ұжымы сүйегі асыл, көпті көрген қартының барын мақтаныш етеді.
Бағдат АЙТӨРЕ.