Еңбек адамының құқықтары мен мүддесін қорғау міндетін жүзеге асыратын «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Ерболат Сатыбалдин апта басында Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен өткен кездесуде кәсіби науқасы бар кеншілер мен еңбек етіп жүрген жұмысшыларды медициналық бақылау бойынша туындаған бірқатар мәселелерді көтерді.
Денсаулық сақтау миністрлігінің 2015 жылғы №1053 бұйрығы бойынша зиянды мамандықтардағы жұмыскерлерге қосымша ақылы еңбек демалыс күндері бекітілген. Енді осы мамандық иелері кәсіби дертке шалдыққан кезде, жұмыс орнының аттестациясы бойынша еңбек жағдайы қалыпты деп бағаланатын жайттар да кездеседі, сол себепті кейбір зиянды мамандық иелеріне медициналық-әлеуметтік талдау толық әлеуметтік мәртебеге сәйкес келіп жатпайды. Осы мәселені алға тартқан Ерболат Жалғасбайұлы: – Өкпе дертінің (силикоз) орнына шаң-тозаң бронхиті делінуі мүмкін, себебі кейінгі қабылданған бұйрықтар бойынша «кремний оксиді бар өндірістік шаң» деген түсініктер алынып тасталып, қайта қаралып, біраз шу тудырған. Сол бұйрықтарды қайта қарастыру қажет. Осы соңғы бұйрықтарды, жұмыс орнын аттестациялау регламенттерін қайта қарау үшін кәсіподақтарды да жұмыс тобына қоссаңыз. Технология мен еңбек жағдайы өзгерген жоқ, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары өзгереді, осыған көңіл аудару қажет және шұғыл түрде шешу керек. Бұрынғы бұйрықтардың шарты бойынша кәсіби дертіне байланысты мүгедектікке шыққан кеншілер мен қазіргі кеншілердің арасында айырма жер мен көктей болып, бұл мәселе қызу талқы туғызып тұр. Дұрыс қойылмаған диагноздар салдарынан кеншілердің толыққанды ем-шара ала алмау жағдайы кездеседі, енді бейнетінің зейнетіне жеттім дегенде, диагнозын дәлелдеп, аурухана табалдырығын тоздырып жүргендері шындық. Біз бұл мәселені дер кезінде қолға алмасақ, үлкен сын, – деді. Денсаулық сақтау министрі кәсіподақ төрағасының көтерген мәселесі орынды екендігін айта келіп, оны шешу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашеваға тапсырма берді. Алдағы уақытта кәсіподақ пен министрлік туындаған жайтты бірлесіп шешпек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.