Кеңестік кезеңде биліктің бишігін ұстаған Одақ экономикалық саясатта республикаларды жіпсіз байлап-матап ұстаудың жүйесін қалыптастырды. Бірі шикізат шығарса, келесісі содан өнім өндірді. Тіпті бір техниканы құрастыруға қажет торап пен бөлшек-сайман бірнеше республикадан тасымалданды.
Материалдық-техникалық жабдықтау бір орталықтан жүргізілді, өндірілген өнімді бөлу де орталықтың құзырында болды. Тағы басқа толып жатқан күрмеуі қиын түйін билік басындағылардың басқаны уысында ұстауына толық мүмкіндік берді.
«Мызғымас» Одақ ыдырады. Сындарлы сәтте жоғарыға жалтақтап, желкелеумен жүріп-тұруға үйренген көптеген кәсіпорын тығырыққа тірелді. Олар нарықтық қатынастың қатал талабына дайын болмай шықты. Осындай өлара кезеңнің құрбаны болғанның бірі – Жезқазған тоқыма фабрикасы.