Шаңырақ көтергеніне әлі жыл толмаған облысымызда жаңадан құрылған көптеген мемлекеттік мекемелер қатарға қосылып, өз салалары бойынша айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Біз осындай жаңадан ұйымдасқан басқармалардың басшыларымен сұхбат құрып, олардың қазіргі қолға алып жатқан істері мен алдағы жоспарлары туралы газетіміз арқылы халыққа кеңінен таныстырып отыруды ұйғарып отырмыз. Аймақтағы жаңа құрылымдардың бірі «Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» болып табылады. Бұл мемлекеттік мекеменің басшысы Қуат Анасұлы ИМАНТҮСІПОВ 1978 жылы Жаңаарқа ауданының Қараағаш ауылында туған. 2004-2007 жылдары Ақмола аймақтық «Экология және орман шаруашылығы» колледжінде оқып, орман шаруашылығы технигі мамандығын алып шыққан. Одан кейін Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универсиетінің «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығы бойынша ауылшаруашылығы бакалаврын бітірді. Негізгі еңбек жолы да осы саламен байланысты. 2001 жылдан бастап «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» ММ-нің Қараағаш орманшылығының орман күтушісі, одан соң аталмыш мемлекеттік мекеменің орман қорғау және күзету жөніндегі инженері болса, 2008 жылдың желтоқсан айында «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» КММ-нің директорлығына тағайындалады. Аудандық мәслихаттың екі шақырылымында депутат болып сайланып, 2016 жылдан қазіргі қызметіне тағайындалған 2022 жылдың маусымына дейін Жаңаарқа аудандық мәслихатының хатшысы болып қызмет атқарды.
– Аумағы үлкен болғанымен облысымыздың табиғи ресурстары аса бай деп айтуға келмес. Шағын өзен-көлдерімен қатар, суға тапшы жерлері мен шөлейтті аймақтары да баршылық. Өзіңіз басшылық жасайтын басқарманың негізгі жұмыс бағыттары қандай? Бүгінгі таңда жаңа мекеменің жұмысты ұйымдастыруы өзіндік қалыпты арнасына түсті ме?
– «Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі бекітілген ережеге сәйкес 89 функция бойынша қызмет атқарады. Өзінің қарамағындағы орман қорын қорғау, сақтау, пайдалану, орманды молайту және өсіру, су нысандарын тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жүргізу, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу және қоршаған ортаға тиесілі эмиссиясына рұқсат беру салаларына басшылық жасайтын мемлекеттік орган болып табылады. Алқаптары жұтаңдау өңір деген түсінік қалыптасқанмен, табиғаттың берген сыйынан біз де кенде емеспіз. Облыс аумағында бірталай су қоймасы мен бөгеттер, 200-ге тарта өзен көлдер, екі орман шаруашылығы бар. Біздің басқармада 6 мемлекеттік қызметкер, 3 штаттан тыс жұмыскер қызмет атқарады. Мекемені ұстап тұруға, басқа да жоспарлы шараларды жүргізуге тиісті бюджет көлемі айқындалып, қазірде алға қойған жұмыстарымызбен толықтай айналысып отырмыз.
– Бізді қоршаған ғаламда табиғатсыз тіршілік етіп, өмір сүру мүмкін емес екені белгілі. Бүгінгі таңда табиғатты қорғау, аялау аса маңызды міндет болып саналады. «Орманы бардың – қорғаны бар» демекші, орман қорын қорғау мен оның жасыл желек аумақтарын молайту жөнінде қандай шаралар жасалып жатыр?
– Облыс аумағындағы екі орман алқабының біреуі – Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Табиғи парктің жер көлемі 58,9 мың гектар аумақты құрайды. Саяхатшыларға, демалушыларға өңірдің тарихи-мәдени жерлерін таныстырып, аралату бағытында қызмет жасайды. Ұлттық парк тікелей ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайды. Қаржыландыру көзі де осы комитет арқылы жүргізіледі. Ал, екіншісі – Жаңаарқа ауданындағы «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл біздің басқармаға қарайды. Оның жалпы жер көлемі 21 843 гектар болса, оның ішінде 5629 гектар алқабы орманмен көмкерілген. Ал, 6800 гектар аумағы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын зоологиялық қорық мәртебесіне ие. Бекітілген кестеге сәйкес орман шаруашылығында 42 адам қызмет атқарады. Маусымдық кезеңде уақытша жұмысқа қосымша адамдар алынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында алдағы бес жылда орман қорына 2 млрд., елді-мекендерге 15 млн. ағаш егуді тапсырған болатын. Соған сәйкес Қараағаш орман қорын молықтыру үшін 3386 гектарға 18 598 түп ағаш егу жоспарланған еді. Өткен екі жылдың ішінде 75 гектар аумаққа үйеңкі мен қараағаш көшеттері егілді. Енді биылғы жылы 240 гектарға қарағай егуді жоспарлап отырмыз. Орман қоры аумағында аң-құстардың бірнеше түрі мекендейді. Олардың жайлы мекендеуі үшін биотехникалық іс-шаралар жүргізіледі. Орман заңдылықтарын сақтау жөнінде халық көп жүретін аумақтарға билборд, аншлагтар орнатылған. Жылда жаңартылып отырады. Үстіміздегі жылы орман қорын қорғап сақтауға және өсімін молайтуға облыстық бюджеттен 367,7 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қоса бұл қаржыдан материалдық-техникалық базаларын нығайтуға да бағытталады. Атап айтқанда, төрт трактор, жұмыскерлерді тасымалдауға арналған автобус, шағын өрт сөндіру машинасы, басқа да құрал-жабдықтар, 240 гектар жерге егілетін ағаш көшеттерін сатып алу көзделуде.
– Ұлытау ауданының өңіріндегі орманның жай-күйі қалай болады?
– Жаңа айтып өткенімдей, Үкіметтің 2021 жылғы желтоқсандағы қаулысымен 2022 жылдан бастап аудан көлеміндегі 58,9 мың гектар алқапты құрайтын «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылып, қызметі өңірдегі туризмнің дамуына ықпалын тигізуге бағытталуда. Осыған байланысты мұнда ағаш егу шаралары қарастырылмаған. Ондағы жұмыстар негізінен республикалық комитеттің құзырында. Ұлттық паркте табиғатын, аң-құстарын сақтау жолында штат бойынша 101 адам жұмыс істеуі керек, іс жүзінде 77 адам істейді. Бір айтарлық мәселе, жалпы бізде орман шаруашылығының мамандары жетіспейді. Жаңаарқадағы орман шаруашылығында да 6 адамның орны бос тұр. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау ауданында болып, ұлттық парктің жұмысымен танысқанда бұл мәселені шешу үшін жергілікті колледждерде осы саланың мамандарын даярлау жөнінде тапсырма берді. Қазірде жергілікті колледждерде орманшы, орман шебері, аңшылық маманы, ветеринариялық маман даярлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол бөлімдер алдағы жаңа оқу жылында ашылуға тиіс.
– Өңірдің экологиялық ахуалы жайлы да айтылар жай аз емес екені белгілі. Бұл мәселе төңірегінде не айтасыз?
– Басқарманың атында тұрғандай, біз табиғи ресурстарды пайдалануды реттеп, Экологиялық кодекске сәйкес табиғат пайдаланушыларға қорытынды шығарып, рұқсатнама берумен де айналысамыз. Биылғы жылы болжам бойынша, қоршаған ортаны ластаудан түсетін эмиссия мөлшері 5,4 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаржы тұтастай өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталады. Экологиялық ахуалға Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшатын зымырандардың әсерінен келетін залал туралы да айтылып жүр. Оның үстіне Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында үлкен өндіріс орындары шоғырланған. Қоршаған ортаға, ауаға олар белгілі мөлшерде зиянды қалдықтар таратуда. Ауаның ластану деңгейін анықтап көрсетіп тұратын датчиктер қою көзделуде. Ауаны өндірістік кәсіпорындар ластап отыр деп жай айтылғанмен, соның деңгейін анықтап отыратын приборлармен қамту кенжелеп қалған екен. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл 29,7 млн. теңге қаржы бөліп, облыс орталығының төрт жеріне экологиялық ахуалдың деңгейін көрсетіп тұратын прибор орнатқызамыз. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын қала, аудан, ауылдық округтерде «Экологиялық кодекстің» талабына сәйкес заңдастыруымыз қажет. Облыстың аумағында ғарыштық мониторинг шеңберінде 243 заңсыз төгілген күл-қоқыстар анықталып отыр. Ол тазартылуға тиіс. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді.
Тағы бір айналысып жатқан ауқымды істі айта кетейін. Жер аумағы бойынша біздің облысымызда тұрған Құмкөл мұнай компаниясының ауаны ластағаны үшін эмиссиялық төлемі Қызылорда облысына түседі. Бұл жер оларға 2025 жылға дейін жалға берілген. Алайда, Экологиялық кодекс бойынша өндіріс қай жердің ауасы мен қоршаған ортасын ластап отырса, эмиссиялық төлемді сол жерге төлеу қарастырылған. Біз осы заңдылыққа сүйене отырып, жалға беру мерзімінің аяқталуына қарамастан, Құмкөл мұнай өндіретін компаниясының қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін тиісті қаржысын Ұлытау ауданына түсіру үшін жұмыс жүргізудеміз.
Облысымыздың аумағы шөлді және шөлейтті аймаққа жатады. Экологияға әсерін тигізетін басқа да факторлардың бар екені белгілі. Сондықтан атмосфералық ауаны реттеудің жолы ретінде ағаш көшеттерін егіп, көгалдандыру мен абаттандыру шараларына барынша көңіл бөлінбекші. Осы мақсатта өткен жылы облыстық бюджеттен 24 млн. теңге қаржы бөлініп, Жаңаарқа ауданында 70 гектар аумақты алатын тұрақты тұқымбақ ашу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып сараптамадан өткізілді. Смета бойынша тұқымбақтың жалпы құны 2 млрд. 571 млн. теңге. Әрине, мұндай қаражат облыстық бюджетке ауыр тиетіні сөзсіз. Құрылыс жұмыстарын бастау мақсатында облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөліп, қалған 2 млрд. 371 млн. теңгені республикалық бюджеттен қарастырып беруді сұрап отырмыз. Сондай-ақ, Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары бойынша Жезқазған, Сәтбаев қалаларының аумағына 150 мың ағаш егу «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-мен келісілген болатын.
– Қуат Анасұлы, экологиялық ахуалды сөз еткенде кейінгі кезде қоғам белсенділері тарапынан жиі көтеріліп жүрген Жезқазған-Ұлытау өңіріне Арал апат аймағына жататын экологиялық аймақ мәртебесін беру жөніндегі көкейкесті мәселе туралы айтпай кетуге болмас. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да назар аударып, өңірдің экологиялық ахуалына сараптама жасау қажеттігін айтқан болатын. Қазірде осы шаруаның барысы қалай болып жатыр?
– Иә, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірлерін Арал экологиялық аймағына жатқызу жөнінде бізге тапсырма берілді. Облыс әкімінің қаулысымен құрамында аудан, қала әкімдері, облыстық, қала мен аудандық мәслихаттың депутаттары, облыстық, қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері бар 29 адамнан тұратын комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов. Зерттеу-сараптама жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми-зерттеу орталықтарына жүгіндік. Үш ғылыми-зерттеу орталықтары хабарласып, ұсыныстарын білдірді. Комиссия отырысына Алматыдан «Экосервис» ЖШС келіп қатысса, Қарағанды қаласындағы «Казинсоп» ЖШС «ZOOM» арқылы қосылып байланысып отырды. Бағаларын ұсынды. Соған орай комиссияның шешімімен аталған аймақтар бойынша ауа, топырақ, жерасты, жерүсті суларын, өсімдіктерін, жануарларын, онкологиялық ауру белгілерін, бала туу, адам өлімі себептерін түгелдей зерттеп, зерделеуге облыстық бюджеттен 640 млн. теңге бөлініп, атқарылатын жұмыстардың техникалық сипаттамасы жасалды. Техникалық сипаттама ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілді. Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес ашық конкурс арқылы жарияланымға шықты. Бұл жұмыс одан әрі 2023-2024 жылдары жүргізілмекші.
– Біздің өңіріміз үшін су мәселесі аса өзекті екені белгілі. Халық негізінен Кеңгір су қоймасының суын тұтынуда. Оның ашық жағалаулары тиісті талапқа сай қорғалмаған деп айтылады. Жалпы, су нысандарын қорғап, тиімді пайдалану жөнінде қандай шаралар қолға алынуда?
– Облыс аумағында біршама су қоймалары мен су бөгеттері, өзен-көлдер бар екенін айттық қой. Басқармамыз құрылған бетте Қарағанды облысынан үш су қоймасын қабылдап алдық. Қалғандарын кейінірек рәсімдедік. Қазірде облыс аумағындағы су қоймалары мен өзен-көлдерін түгелдей электрондық базаға енгізіп, оның сыртында 60-тан аса өзен-көлдерді құжаттандыруға облыстық бюджеттен 53 млн. теңге қаржы бөлінді. Осыған орай конкурс жарияланды. Өткен жылы 6 млн. теңге қаржы бөлініп, Жезқазған қаласындағы «Қостанкелді су өткізу каналы» «Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансына алынды. Ел аузында «болота» аталып кеткен бұл су арнасы көрінген лас қалдықтарды әкеліп төгу салдарынан иістеніп, қаланың экологиясына жағымсыз әсер туғызатын жаман жағдайға жетіпті. Жағалай шағын бизнес иелері көлік дөңгелегін жөндейтін әртүрлі нысандар салып тастаған. Осыны реттеп, бұл жерді абаттандырып, халық демалатын аймаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Су өткізу арнасының табанын түбінен тазалап, жағалауын көтеру жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілетін болады. Соның негізінде экологиядан түскен қаржыға 2024 жылы осы жобаны жүзеге асыру қолға алынады. Ағаш егіліп, көгалдандырылған соң жағалауын халық серуендеп, демалатын саябаққа айналдырмақ ойымыз бар.
Иә, расымен де қала тұрғындарының негізгі ауыз су қоры және шаруашылық-техникалық су көзі болып есептелетін Кеңгір су қоймасы бүгінгі күн талабына толық жауап бере алмайды. Себебі жасанды су қоймасы ешбір мекеменің баланстық жауапкершілігінде жоқ. Соның салдарынан онда гидротехникалық жұмыстар талапқа сай жүргізілмейді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен бүгінге дейін сақталып келген су қоймасының сорғы станцияларына, негізгі суасты бөгеттері мен шлюздік қақпаларына ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырған. Алайда, ауызсу сапасын арттыру үшін тоғанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қоса сараптамалық сынамалар қатар жүргізіліп, су қоймасының табанын тазалау секілді ауқымды шаралар атқарылуға тиіс-тін. Осы жағдайға байланысты біз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолдап, тоғанды гидротехникалық талапқа сай күтіп ұстап, қорғау үшін республикалық балансқа алуға көмектесуін сұрап отырмыз.
Қалаға жақын жердегі Жезді су қоймасы мүлдем күтімсіздікке ұшыраған. Ол «ҚазСуШар» РМК-нің иелігінде. «Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті» РММ тексеріс қорытындысы бойынша су қоймасы ауызсуға да, шаруашылыққа тұтынуға да жарамсыз екені анықталды. Біздің тарапымыздан «ҚазСуШар» РМК-на хат жазылып, су қоймасының табанына тазалау жұмыстарын жүргізіп, гидротехникалық жағдайын жақсартуды сұрап отырмыз. Келешекте, бұл су қоймасының жағдайы жақсарған уақытта Талап ауылдық округінде бұрынғы суармалы жерлерді қайта жандандырып, көкөніс егуге болар еді. Жезді өзенінің арнасын тазалау жұмысы күн тәртібіне қойылды. Жезді кентіндегі Көкбұлақ көшесінен бастап облыстық маңызы бар жол көпірінің соңына дейін өзеннің 2 шақырымдық арнасының табанын тазалау жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 511 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар биылғы жылы жүргізіледі.
– Ауыл шаруашылығын өркендетуде маңызды орын алатын шалғай өңірлердегі су қоймалары мен бөгеттерін жөндеп, қалпына келтіру қолға алына ма?
– Ол бағытта да жоспарлап отырған істер баршылық. Мәселен, Қаражал қаласынан 90 шақырым жердегі Шалғия кентіндегі Шалғия су қоймасына күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізуге 329,6 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Мұнда суармалы танаптарды сумен қамтамасыз етумен қатар балық шаруашылығын дамыту мүмкіндігі бар. Жаңаарқа ауданындағы Манақа су бөгетіне күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 589,4 млн. теңге бөлініп, жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл Орынбай ауылдық округінің аумағында. Биыл толықтай аяқталатын жөндеу жұмыстары ықтимал апаттардың алдын алуға және бөгеттің суын ауыл шаруашылығы мақсаттарына пайдалануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы үшін маңызы бар Жаңаарқа ауданындағы Бидайық су қоймасын қалпына келтіру қажет. Сондықтан облыстық бюджеттен 15 млн. теңге қаржы бөліп, техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалық-сметалық құжаттамасын жасатып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге жібермекпіз. Жөңдеу жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. Жалпы, облыс бойынша барлық су нысандарының су қорғау белдеулері мен аймақтарын белгілеу қолға алынады. Бұл жұмыстарға биыл 130 млн. теңге қаражат бөлінді. Кешікпей жұмыстар басталады.
Суға қатысты болашақта қолға алатын басқа да жобалар бар. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында балық ресурстарының табиғи популяциясын өсірудің көрсеткішін орындау үшін резервте тұрған су айдындарына балық шабақтарын жібермекпіз. Біздің түпкі мақсатымыз – қардың, жауынның суларын су арналарында тежеп, бөгеттер салып, оларды ұтымды әрі тиімді пайдалану. Соның негізінде ауыл шаруашылығын, балық шаруашылығын дамытуға және бұрынғы суармалы жерлерді қайта жандандыруға жол ашуды ойластырып отырмыз.
– Емен-жарқын сұхбаттасқан әңгімеңізге рахмет. Қолға алған істеріңізге сәттілік тілейміз!
Амандық РАХҰЛЫ.