Өндіріспен бірге өркендеген саланың бірі – теміржол. Экономиканың негізін құрайтын бұл саланың біздің аймаққа келгеніне биыл 95 жыл толып отыр. Осы мерейлі шақпен қатар өңірдің теміржолшылары кәсіби мерекелерін қатар атап өтпек. «Қазақмыс» корпорациясы сынды алыптың жүгін тасымалдауда ірі құрылым саналатын «Транко» АҚ Жезқазған аймағындағы «Транко Жез» кәсіпорнында өмірлерін теміржолмен байланыстырған майталмандар баршылық. Қос мерекеде біз саланың саңлақтары жайында да қалам тербеуді жөн санадық.
Теміржол саласында 44 жылдық еңбек өтілі бар Ширехан Мелдеханов теміржолшылар әулетінің өкілі. Түркістан облысының Арыс қаласында өмірге келген оның көргені сарт-сұрт теміржолмен қатынап жатқан вагондар болатын. Әкесі Мұхамбетжан, анасы Пернекүл, әкесінің ағасы Әбіләкім, бір құрсақтан шыққан ағалары Әлиасқар мен Әмірханның жолы Ширеханға да жұғысты болды. 1979 жылы Арыстағы теміржол қатынасы мектебін бітіріп, Түркістан ДЕПО-сында, кейін Кентау ДЕПО-сында еңбек етіп, мамандығының қыр-сырына қанықты. 2003 жылы Жезқазғанға қоныс аударып, осындағы теміржол кәсіпорнына жұмысқа орналасты. 6 ай машинистің көмекшісі болған Ширехан Мелдеханов кейін электровозды өзі тізгіндеді. Міне, содан бері жүк тасымалдау үстінде.
Ширехан Мелдеханов
– Бұл кәсіпорынға келгенде оның директоры Болат Жүнісов деген азамат болатын. Алғаш 6 айда электровоз машинисінің көмекшісі ретінде жүрдім. Бұған дейінгі жиған-терген тәжірибемді байқаған станция басшылығы тепловоз тізгінін қолыма берді. Аймақтағы № 55, 65, 67, 73, Сары-Оба сынды шахталардан фабрикаға кен жеткіземін. Осы жиырма жыл ішінде қауіпсіз еңбек етудің арқасында бірінші санатты машинист деген дәрежемнен түспей келемін. Теміржолшылар әулетінің өкілі болғандықтан осы атаққа дақ түсірмей еңбек ету басты ұстанымым, – дейді майталман.
Ширехан Мелдеханов – бірнеше шәкірт тәрбиелеген тәлімгер. Оның мектебінде шыңдалған Жұбаныш Байтұрсынов, Асхат Қойшығұлов сынды азаматтар бригадирлік қызметте. Қазіргі көмекшісі Саша Епонешниковтің де тәжірибесі толысып, тізгін ұстауға таяу. Бұл Ширехан Мұхамбетжанұлының өз мамандығына деген адалдығының белгісі іспетті.
Саланың тағы бір сайыпқыраны – Александр Блинков. 1986 жылы Беларуссиядан Қазақстанға қоныс аударған ол алғашында «Казмедьстрой» тресінде, Жезқазған жылу, электр орталығында еңбек етті. Кейін Жезқазған теміржол кәсіпорнына келді. Озат теміржолшы, электровоз тізгіндеудің шебері Александр Викторович осы салада еңбек еткен жылдары бірнеше жас буынды тәрбиелеп, бағыт-бағдар берді. Ауған соғысының ардагері оларды маман ғана болып қана қоймай, Отанының патриоты болуға үндеді.
Александр Блинков
Бүгінде алғы шептегі майталманның омырауында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі жарқырайды.
Қарашаңырақ Қарсақбайдың түлегі Нұрсейіт Сейілов теміржол саласында 1989 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Еңбек даңқы» төсбелгісінің толық иегері Нұрсейіт Сейтқасымұлы бұл саланың барлық сатысынан өтті. Қазір байыту фабрикасы станциясының жол шебері. Нұрсейіт Сейілов бригадир де болды, станция да басқарды. Осы 34 жыл ішінде ол кәсіпорынның, бөлімнің бірнеше басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Бірнеше шәкірт тәрбиеледі. Жүк тасымалын қауіпсіз ұйымдастыруда тәжірибесіне сүйеніп келеді.
Нұрсейіт Сейілов
– Біз осы салада аға буынның мектебінің арқасында жетістікке жеттік. Мен мұнда алғаш жұмысқа келгенде Бағдат Байбурин деген азамат басшылық жасады. Ал тікелей тәлімгерім ретінде Рахымбек Аяшевтің үйреткені көп болды. Қазір филиал басшымыз – Қайрат Ералиев. Тәжірибелі басшының арқасында жұмысымыз оңға басып келеді. Қатар еңбек етіп келе жатқан Серік Қалиев, Ерлан Теміров, Сергей Хорченко сынды майталмандар бар. Ербол Меркутов, Бақыт Мадишев, Данияр Алтайбаев, Болат Нұрмағанбетов сынды шәкірттеріммен мақтанамын, – дейді Нұрсейіт Сейілов.
Нұрсейіт Сейтқасымұлы да ауған соғысының ардагері. Жас буынға өнеге болар оның теміржол саласындағы еңбек жолынан кейінгілер тәлім алып келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.