Тіршіліктің күретамырына айналған теміржол саласының өндіріс үшін маңызды да негізгі құрылым екендігі анық. Сондықтан, «Қазақмыс» корпорациясының жүктерін тасымалдауда сенімді серіктеске айналған «Транко» АҚ жүк тасымалын кідіріссіз атқарып келеді.
Жезқазған өндіріс аймағындағы «Транко Жез» ЖШС теміржолшылары кеніштерден шыққан кендерді – фабрикаға, концентраттарды зауытқа жеткізу қызметін жауапкершілікпен жүзеге асырып отыр. Кәсіпорында қозғалыс қызметі бөлімі – жүк тасымалдау үдерісіне жауапты құрылымның бірі. Мұнда 300- ден аса адам еңбек етеді.
Тимур Жүнісов
«Нар жолында жүк қалмас» деген қағиданы ұстанған бөлім еңбеккерлері тасымалды толассыз атқаруда. Тимур Жүнісов басқаратын бөлімнің құрамында станция басшысы, диспетчер, станция кезекшісі, жүкті тасымалдаушы-қабылдаушы, белгі беруші, пойыз құрастырушы, бағыттаушы сынды мамандар қамтылған. Тимур Сарыбасұлын әңгімеге тартқанымызда: – Қозғалысты ұйымдастыру бөлімін кәсіпорын жұмысының «жүрегі» деп айтсақ артық емес. Тасымалдаудағы барлық үдерістер осы бөлімнің бақылауымен жүзеге асады. Жүк тасымалында біздің еңбеккерлер еңбек қауіпсіздігі саясатын қатаң ұстанады. Өндірістік жарақаттанудың алдын алуда да жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Сондықтан, еңбеккерлер арасында жарақаттанудың деңгейі де төмендеп отыр. Саладағы жемісті еңбегі үшін табысқа қол жеткізген еңбеккерлер ұжымымыздың мақтаныштары. Атап айтқанда, бағыттаушы Елене Бубелене, диспетчер Бақыткелді Қажбаев үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Олардың өнегелі еңбек жолы ұжымға жаңадан келіп жатқан жастарға үлгі, – дейді Тимур Жүнісов. Өткен жылдан бері бөлімнің бұйдасын қолға алған Тимур Жүнісов теміржол саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. Пойыз құрастырушыдан басталғанеңбек жолынан бөлім басшысына дейінгі сатыдан өтуде Тимур Сарыбасұлына тәлімгерлерінің ақыл-кеңесі әсер етті. Сергей Иванов, Вячеслав Чубаров сынды сала саңлақтарының сынынан сүрінбей өткен Тимур Жүнісов бүгінде ұжымды бірлік пен берекеге ұйыстырып, табысқа бастап отыр.
Серік Қасымов
Теміржолшылар әулетінің өкілі Серік Қасымов 2011 жылы «Қазақстан теміржолы» АҚ еңбек жолын бастаған. Серік Қайратұлының бұл салаға қызығушылығын атасы мен әкесінің және нағашыларының теміржолда еңбек еткендігі түрткі болыпты. – Жастайымнан теміржолшы болуды мақсат еттім. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл кәсіпті қолға алған 11 жыл ішінде Қарағанды облысы аймағындағы станцияларда қызмет жасадым. Өзімнің жүрек қалауыммен нәсіп болған бұл сала маған жер мен ел тануға, орта қалыптастыруға ықпал етті. 2021 жылдан бері қозғалыс қызметі бөлімінде басшының орынбасары қызметін атқарып келемін, – дейді Серік Қасымов.
Жас та болса бөлімнің «Комбинатский» станциясына басшылық жасап отырған Бақытжан Сүлейменов кәсіпорынға 2010 жылы пойыз құрастырушы болып жұмысқа орналасқан. 2013 жылдан 2020 жылға дейін «Байытушы» станциясының тізгінін ұстады. Оның қарамағындағы 50 адам жүк тасымалын ұйымдастыруда қырағылық пен жауапкершілікті басшылыққа алып келеді. Бақытжан Жанатұлы да теміржолшылар әулетінің өкілі. Аталары, әкесімен әкесінің бауырларының тағдыры теміржолмен тоғысқандықтан Бақытжан да осы саланы таңдапты.
Бақытжан Сүлейменов
– Үлкен әулетіміздің ақылшысы болған Ескер атамыздың жолын жалғастырған балалары Жанат, Болат, Әубәкір әкелерім теміржол саласына зор еңбек сіңірді. Осы кісілердің жолы маған өнеге болды. Сондықтан мен де өз тағдырымды теміржолмен байланыстырдым. Басшылық үнемі қолдау білдіріп отырады. Соның арқасында болар, екі бірдей станцияға басшылық жасау бақыты бұйрыпты. Қазір басшылық жасап отырған «Комбинатский» станциясында өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарап, өнімді еңбек етіп жүрген Еркебұлан Қазанбаев, Бағлан Борбилов, Дархан Маратов, Дәулет Молдашәріп сынды майталмандарымыз бар, – дейді Бақытжан Жанатұлы.
Мейіржан Әбенов
Қозғалыс қызметі бөлімінде 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Мейіржан Әбенов бүгінде үлгілі пойыз құрастырушы. Мейіржан Болатбекұлы да мамандығында сатылай өсіп келеді. Аға буынның тәлімінде шыңдалған ол жүктердің бір нысаннан екінші нысанға дін аман жетуіне бақылау жасап, пойыздардың әр сапарға дайын тұруына жауапты. – Өндіріс пен теміржол саласы бітеқайнасып кеткендіктен бұл салаға бетбұрысым оң шешім болды деп ойлаймын. Қоғам үшін аса қажетті теміржолшы мамандығының маңызы қай дәуірде де өз құндылығын жоғалтпайды, – дейді Мейіржан. Теміржол ТАРЛАНДАРЫ Тіршіліктің күретамырына айналған теміржол саласының өндіріс үшін маңызды да негізгі құрылым екендігі анық. Сондықтан, «Қазақмыс» корпорациясының жүктерін тасымалдауда сенімді серіктеске айналған «Транко» АҚ жүк тасымалын кідіріссіз атқарып келеді. Тасымалдың тасқынын толассыз жүзеге асырып отырған «Транко Жез» ЖШС теміржол тарландарының тау қопарар ынтасының арқасында өндірістегі табыс та өрге басып келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.