Елдің атын шығарып, халықтың алдында жүрген азамат туралы әңгіме бола қалса, жасы үлкен қариялар ақ сақалын тарамдап: «Е, оның әкесі жақсы адам еді. Ол сол жақсының жалғасы, асылдың сынығы ғой» деп сыртынан сүйсініп отырады. Осыны бүгінгі кейіпкеріміз, саналы ғұмырын еңбекке арнап, еңбекпен есейген жан Ташмұхамед Камалұлына арнап айтуға болады.
Тарихтан там-тұмдап
Кешегі кеңес өкіметінің қасаң саясаты Тәкеңнің әулетіне де оңай тиген жоқ. Байларды тәркілеу, қудалау өз заманының ауқатты азаматы, өзіне қарасты елдің тұтқасы һәм асыраушысы болып отырған Жақыптың да шаңырағын айналып өтпеді. Жақып деп отырғанымыз, Ташмұхамедтің атасы. Ұлытау өңірін жайлап отырған сол Жақып белсенділердің басқа шауып, төске өрлегеніне шыдамай бір түнде оңтүстік өңірге ауа көшкен еді. Бұл жақтан да береке таппады. Құрығы ұзын кеңес өкіметі бәрібір дегенін істеді. Мал-мүлікті сыпырып алды. Елге оралудың да жөнін таппады. Осылайша оңтүстік өңірде мекендеп қалды…
Азаматқа абырой-атақтың бір күнде, бір сәтте келмейтіндігі белгілі. Оған жету үшін адами ізгіліктер мен қасиеттер, ізденімпаздық пен еңбекқорлық қажет. Жақыптан туған үш ұл – Айбек, Томарбай және Камал сондай тектілік қасиеттерінің арқасында ел аузына ерте ілігіп, өз ортасына сыйлы бола білді. Соның арқасында Камал Қозыбаев Ленин ауданында (қазіргі Қазығұрт ауданы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді. Еңбек жолын балалар үйінің директоры болып бастаған екен. Іскерлігін, елмен тіл табысып жұмыс істей білетінін қабілетін байқаған басшылар оны аудандық партия комитетіне қызметке шақырды. Бұл соғыстың алдындағы аласапыран жылдар болатын. Өңірде білікті кадр тапшы кез еді ол. Камал Қозыбаев сияқты азаматтар қолға түсе бермейтін. Ұлы Отан соғысы басталған кезде де Камал бронмен тылда қалды. Қаншама рет майданға сұранып, өтініш жазғанымен жоғары жақтағылар «Тыл да – майдан. Оған да сен сияқты қолбасшылар қажет», деп қайтарып жіберді.
Камал Қозыбаев он жылдан артық аудандық партия комитетін басқарып, 1954 жылы денсаулығына байланысты еңбектен қол үзді. Осы жылы өмірге ұлы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ташмұхамед келді. Дәл осы жылы Камалдың бауыры Томарбай Жақыпов Жезқазғанға білім бөлімінің басшысы қызметіне жіберілді. Осылайша, кешегі аумалы-төкпелі заманда ата жұрттан ауған әулеттің елге оралуының сәті түсті. Камал Теректі ауылына келіп қоныстанды. Ташмұхамед Жезқазған қаласында интернатта жатып он жылдықты бітірді.
Еңбекпен есейген жан
Бүгінде 70 жасқа толып отырған Ташмұхамед Камалұлы еңбек майданында шыныққан жан. Барлық саналы ғұмыры кен өндірісі саласында өтті. Рас, ол еңбек жолын теміржолда бастады. Мектеп бітіргеннен кейін бір жылдай темір жол бойында жұмысшы болып еңбек етті. Еңбекпен келетін ащы тердің дәмін болат жолдың бойында жүріп татты. Бір жылдан соң Жезқазған қаласындағы педагогикалық институтқа құжаттарын тапсырды. Сынақтан сүрінбей өтті. Әйтсе де, еңбекпен есейген жігіт институт пен үйдің арасын жол етуді өзіне азсынды. Оқи жүріп жұмыс істеуге бел буды. Осылайша ол тау-кен саласының құтқарушысы болып жұмысқа тұрды. Оқуын да, жұмысын да қатар алып жүрді. Бірақ, ол мұғалімдіктен гөрі өндіріс саласын бір жола таңдады. Сексенінші жылы әскерилендірілген тау-кен құтқару отрядында құтқарушы болып келді. Он жыл осы салада еңбек етті. Құтқарушы болып жүріп сан мәрте шахтаға да түсті. Бұл сәт оның кенші болып, жер астынан кен шығаруға деген ықыласын оятты. Тоқсаныншы жылдың басында Батыс Жезқазған кенішінің №55-шахтасына проходчик болып жұмысқа кірді. Сол кездегі білікті кеншілер оған қызығы мен қиындығы қатар жүретін саланың қыр-сырын үйретті. Жастайынан еңбекпен есейген жігітке кеншілік жұмыс еш ауырлық тудыра қоймады. Жаңа мамандығын тез арада меңгеріп алды.
Жұмысқа төселген, өз ісіне мығым, тапсырылған істі тап-тұйнақтай орындайтын жігіт бірнеше мәрте жарыс жеңімпазы болды. Елдің аузына ілікті. Оны маңайындағы кеніштердің басшылары да бақылап, байқап қалды. Арада екі жыл өткенде Шығыс Жезқазған кенішінің директоры аттай қалап өздеріне шақырып алды. Бірақ, бұл кеніштегі жұмысы көпке бармады. Осы уақытта Анненск кеніші ашылып, жан-жақтан бригадалар, учаскелер ұжым-ұжымымен осы кенішке келіп жатқан. №57 шахтаның жоғары гаризонтында жұмыс істейтін Ташмұхамедтің бригадасы да Анненск кенішіне ауыстырылды. Сөйтіп ол 2007 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы кеніште еселі еңбек етті. Бригадир болды, кеше өзі біреуден үйренсе, енді өзі кейінгілерге тәлімгер болатындай тәжірибе жинақтады.
Абыроймен атқарған еңбек қашан да өз жемісін береді ғой. Ташмұхамед Қозыбаевтың да еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Құрмет грамоталыры, Алғыс хаттар, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі – осы төгілген тердің өтеуі. Бірнеше мәрте бағалы сыйлықтар да алды. Әсіресе, кешегі тоқырау жылдарында, дүниенің қат кезінде сыйлыққа алған түрлі-түсті телевизоры, бейнемагнитафоны, мұздатқышы неге тұрады.
Отбасы – өз қамалы
Ташмұхамед Камалұлы еңбек ері ғана емес, отбасының ұйытқысы, бір әулеттің тірегі. Кешегі сексенінші жылдардың басында оңтүстік өңірдің аруы Нұржамал атты бойжеткенмен танысты. Жезқазғанда жұмыс істейтін апасын сағалап келген Нұржамал Измадинова ол кезде ет комбинатында жұмыс істейтін еді. Алғаш танысқаннан бірін-бірі ұнатып, отау құрды. Бүгінде бір ұл, бір қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып отыр. Қыздары Лунара Алматы жақта тұрмыста. Ал ұлы Әлібек қарашаңырақты ұстап отыр, Ташмұхамед пен Нұржамал осы ұлдарының қолында Қарағанды қаласында тұрып жатыр. 2007 жылы зейнеткерлікке шыққанан кейін осы қалаға қоныс аударған еді. Қазір немерелерін бағып отырған бақытты ата мен әже.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.