Телехабарлардың, жаңалық сюжеттерінің бейнематериалдарын түсіруге жауапты маман – телеоператор телевизияда ең басты рөлді атқарады. Онсыз жаңалық та, эфир де жоқ. Жиырма жылдан бері камерасын арқалап, аймағымызды шарлап тынымсыз еңбек етіп жүрген осындай мамандардың бірі Нұрбол Әметұлы Үздікбаевты Жезқазған өңірінің жұртшылығы жақсы білсе керек. Кез-келген уақытта, бейне түсірілімдермен жедел қамтамасыз ету қажеттілігі туындаған мазасыз сәттердің бәрінде тегеурінділік танытып, өз ісін жауапкершілікпен атқарып жүрген Нұрбол оператормен кәсіби мерекеміздің қарсаңында кездесіп, әңгімелескен едік.
Нұрбол Жаңаарқа ауданындағы Қарағаш ауылындағы орта мектепті бітіріп, 2003 жылы Жезқазған қаласына келіп Орталық Азия университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Бірінші курстан кейін сабақтан тыс уақытында жұмыс істеуге ниеттеніп, жергілікті теледидар дирекциясына оператор керек дегенді естиді. Жолы болып жұмысқа қабылданып, еңбек жолын 2004 жылы «Дидар» телеканалында оператор болып бастады. Содан бергі уақытта ол осы мамандықтың қызығын да, шыжығын да көріп келеді.
Камерамен бейнематериалдарды талапқа сай, сапалы түсірудің қыры-сырын телеканалда бірі бас инженер, екіншісі аға телеоператор болып істейтін ағайынды Махмуд пен Мақсұт Сексенбаевтардан үйренді. Кез-келген оқиға мен болып жатқан іс-шараларды уақытылы түсіру үшін телеоператорға біліктілікпен қатар шапшаңдық керек. Бейнематериалда хабарға ең қажетті деген сюжеттерді қырағылықпен қалт жібермей қамтуға тиіс. Нұрбол тәлімгер-ұстаздарының баулуымен осы талаптардың үдесіне сай мамандығын жылдам меңгеріп, ұжымның сеніміне ие бола білді. Біз кадр сыртында оператор тұрғанын үнемі біле бермейміз. Шынтуайтында телеоператор еңбегінің мазасыз тұстары аз емес. Тәуліктің кез-келген кезінде жұмыс істейтін кезі де болады. Негізінде телевизия хабарларының материалдары оператор, журналист және режиссер үшеуінің бірлесе жұмыс істеуі арқылы құралатын ұжымдық еңбектің нәтижесі болып табылады. Нұрболдың бұл шығармашылық тандемнің сырына да жете қанық екенін байқадық.
– Марқұм Жанболат Мұқанов, қазірде «Орталық Қазақстанның» бас редакторы болып істейтін Ерсін Мұсабеков, Бақыт Маукенова, Арман Әмен сияқты тәжірибелі журналистермен бірге жүріп, жаңалықтар дайындауда ол кісілерден көп нәрсе үйрендім. Барлығымыздың басты ұстазымыз «Дидар» телеканалын ұзақ жыл басқарған Базарбай Әлеуханұлы болды. Шығармашылық ұжымның қалыптасып, ойдағыдай еңбек етуіне бұл кісі көп еңбек сіңірді. Ол кісінің бір қасиеті жұмыс істейтін қызметкерлерді бағалап, қолдау көрсетіп отыратын. Базекеңнің ағалық қамқорлығының арқасында оқуымды үзіліссіз, ойдағыдай бітіріп, аса қиналмай үйлі болдым. Жалғыз мен емес, көптеген жастардың баспаналы болуына Базарбай аға мекемеден несие беру арқылы көмегін жасап, қамқорлық көрсетті. Жасаған бұл жақсылықтарын ұмытпаймыз. Абзал азаматтың жатқан жері жайлы болсын, – дейді Нұрбол Үздікбаев.
Басшының жастарға сүйеу болуының арқасы болар, ауылдан қалаға келіп орныққан Нұрболдың жас отауы бүгінде босағасы берік іргелі шаңыраққа айналды. Жұбайы Мөлдір мектепте мұғалім болып істейді. Екеуі желкілдеп келе жатқан 4 қызын тәрбиелеп өсіруде. Үлкендері Асылай 8-сыныпты бітірсе, кішісі Аялы 3 жаста. Орталарында Зере, Раяна деген бүлдіршіндері бар.
Айтпақшы, Нұрболдың телеоператорлығынан бөлек, тағы бір қырымен танылғанын айта кетейік. Ол белгілі қаламгер әрі киногер Кенжебай Ахметовпен шығармашылық бірлестікте болып, екі көркем фильм түсіруге қатысты. «Наза», «Неге солай?» фильмдерін түсіріп, кино операторы ретінде өз қолтаңбасын танытты. Кино туындысының өнерге тән өзіндік көркемдік шешім табуы да түсіруші оператордың шеберлігіне байланысты. Бұл фильмдердің жобасымен айналысқан автор-режиссері Кенжебай мен киноға түскен актерлар да Нұрболдың операторлық еңбегіне дән риза екенін естіген болатынбыз.
…Ұлытау облысы құрылғаннан кейін республикалық телеарналар Жезқазғанда тілші пунктерін аша бастады. Сол уақытта Нұрбол Үздікбаев телеоператор болып «Хабар», «Хабар-24» телеарналарына ауысты. Содан бері жаңа облыстың жаңалықтарын республика көлеміне таратуда журналистер Елдос Кәкенов, Елизавета Васильева, режиссер Гүлшахира Серекбаева, екінші оператор Нұрдәулет Аманкешев бір командада бірлесе жұмыс істеп, жемісті еңбек етіп келеді. Теледидар – жедел ақпараттың көзі. Соған орай бұлар аймақтағы маңызды жаңалықтарды дер кезінде жеткізу үшін әрдайым сапар үстінде жүреді. Қашанда тыңғылықты ісімен танылған Нұрбол оператор да осы сапта өзіне жүктелген тапсырмаларын абыроймен атқаруда.
Амандық РАХҰЛЫ.