«Махаббат – өмір көркі», – деп ұлы ақын Абай айтқандай-ақ, сиқыр сезім құдіретке толы. Адам баласының бойындағы сезім толқыны өмір-өзеннің әр жағалауына апарып соқтырмақ. Бір-біріне ынтығу, жақсы көру, құмарту – тәтті сезімдер. Әркімнің өз жартысын іздеуі – жаратылыс заңы. Теңін тауып, сүйгеніне қосылу – бағының жанғаны, ал тағдыр тәлкегіне ұрынып, сыңарына қолы жетпеудің, не болмаса, қате таңдау жасаудың өкініші көп. Мынау дүние тек жақсылық пен ізгіліктен тұрмайтыны және анық. Сонымен айтарымызды Жалғыздықтан басталық.
- Жалғыздық
Махаббат – мәңгілік тақырып. Қаламмен сыр суыртпақтаған суреткерлер қауымының адамдар арасындағы нәзік сезімді арқау етпегені жоқ. Әсіресе, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының жазған әдеби туындыларының жөні бөлек. Көпшілік қауымның қаламгерді «махаббат жаршысы», «әйелдердің жекеменшік жазушысы», «сезім суреткері» деп атауы тегіннен-тегін емес. Оның әр туындысы шынайы сырға толы. Ер мен әйелдің бір-біріне деген сезімі әдепсіздікке жатпайды. Бір сөзбен айтқанда, оқырман Бексұлтан Нұржекеұлын эротикалық тақырыпта қалам тербеген жазушы деп біледі. Сондықтан өзіміз сөз еткен жайттарды жазушы шығармаларымен тұздықтағанды жөн көрдік.
«Шыққан жан» атты әңгімесіндегі жалғыздық туралы жазғанын тебіренбей оқу мүмкін емес. Басты кейіпкері Қайран археологиялық жазба жұмысымен айналысып жүргенде Сарысу өзенінің бойындағы бір үйге қонаққа барады. Қайрандарды әлгі малшының төрт ұлы, төрт келіні, жасы жиырма беске келген қызы Қарлығаш түгелдей тік тұрып күтеді. Жекешелендіру кезінде үлесіне тиген бір қора қойын бір баласына, бір үйір жылқысын бір баласына, бір табын сиырын бір баласына бақтырып, ең үлкенін солардың үстінен қаратып отырған жайы бар екен.
Кешінде Қайран мен Қарлығаш екеуі оңаша тілдескен сәтте қыз ағынан жарылып былай дейді:
«– Шаршадым, аға. Жиырма шақты адамның ішінде, әке-шешем мен бауырларымның қасында жүрсем де, жалғыздық мені әбден шаршатты. Жиырма беске келгенше бір жігіт білегімнен ұстап көрмепті. Не балалық махабат, не бойжеткендегі махабат менде болған емес. Құдайшылығыңызшы айтыңызшы, со да өмір ме, аға?».
Міне, бұл – Қарлығаштың жан сыры. Жалғыздықтан жаны қиналған бойжеткеннің қынжылысы. Қыздың «–… жалғыздық мені әбден шаршатты», – деуінен өзегін жарған өкінішті ұғамыз. Әңгімені одан әрі оқи түскенде қыздың: «Ақыр түбі не қатыны өлген, не әйелімен ажырасқан біреумен амалсыз бас қосатын шығармын деп қорқамын», – дегенінде жастық шақтың сүйіспеншілікке тән тәтті сезімінен құралақан қалғанына жаның ашиды-ақ.
Жазушы осы әңгімесінде Қарлығаштың Жалғыздығын тегіннен-тегін арқау етпепті. Қылшылдаған қырық бірдегі Қайран отыз сегіздегі үлбіреген келіншегі мен үш баласы бар бола тұра тағдырдың тәлкегімен Жалғыздық күй кешуіне куәгер боламыз. Жазушының түпкі айтпағы осы екен. Бірнеше ай дала кезіп, отбасын сағынып оралған Қайран сол күні-ақ келіншегі Үлдірдің сатқындығының үстінен шығады! Қайран бұдан соң қандай шешімге келді дейсіз ғой? Ол балаларын анасыз жетім қалдырмауға бекінеді.
Қайранның белін неменеге бекем буғанын мына жолдарды оқығанда ұғынамыз: «Ертесі ішкі есеппен үйіне кеш келді де, шәй-пәй ішпестен, балаларын бастарынан бір-бір иіскеді де, жатын бөлмеге тіке өтіп кетті. Үлдір соңынан ілесе кірді. Бірақ оған бұрылып қарамады.
– Маған бөлек, мұнда сал, – деді қабырға жақ еденді нұсқап. – Бөлек жатқанымызды балалар ешқашан көрмейтін де, білмейтін де болсын. Менің сенен соңғы өтінішім – сол.
Сөйтіп сол әдет апта бойы қайталанды. Түбінде бұл әдет бір күні бұзылар деп сенген болу керек, Үлдір үндемей сол айтқанын үнсіз орындап жүрді… Бұл жағдай ай бойы жалғаса берген соң ғана бір күні Үлдір әйелдік танытып:
– Немене, өмірбақи өстіп өтесің бе? – деп қалды.
– Мен бұдан былай өзім үшін емес, балаларым үшін өмір сүрем… Маған енді сенің де, басқа әйелдің де керегі жоқ, – деді өңменінен өтердей қатқыл үнмен».
«Шыққан жан» атты әңгіменің басты кейіпкері Қайран зайыбы Үлдірдің жаны шыққанға дейін «он жеті жыл бойы отбасы бар, бірақ әйелі жоқ адам боп» Жалғыздықпен өмір кешеді.
Қандай аянышты Жалғыздық!
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының шығармаларынан үзінділер келтірген тұста оқырмандарға ескерте кететін бір жайт бар. Бұл туындыларды оқып отырғанда жазушының орыс тілі әліпбиіндегі «я, ю, х» сияқты әріптерді қолданбайтынын аңғарамыз. Біз келтірген жоғарыдағы үзінділердегі тәрізді «махабат», «ләзат» деп жазғанын алдағы уақытта сол қалпында көшіретінімізді ескерте кеткенді жөн көрдік.
Жалғыздық туралы сөзді одан әрі жалғастыра отырып, мына бір диалогтарға назар аударуларыңызды қалаймыз:
«– Өкініш деген – өмірдің өзіндік үкімі. Өкінбейтін адам – ар-ұйаты аз адам. Жақсылықты көксейтін, соны аңсайтын адамның бәрі өкінеді. Өкіну де әділдікке ұмтылу. Бір нәрсені кезінде әділ істемедім-ау деген адам ғана өкінеді. Ондайыңыз бар ма?
– Бар болғанда қандай! Әсіресе күйеуіммен ажырасқаныма өкінем.
– Өкінетініңіз бар, неге ажырастыңыз?
– Бүйтіп өкінетінімді білмеген кезде ажырастым ғой».
Есіңізге түсті ме, бұл үзінді «Әйелдерді арбап алатын еркек» әңгімесінен ғой. Енді мына тұсын есіңізге салайын:
«– …Күйеуіммен ажырасқаныма үш жыл өткенде, егделеу бір кісіге көңілім ауды, аға. …Есептесер кезде ақшасын бере салмай, мені әдейі сөзге тартты: – Қарындасым, сенің қас-қабағыңа қарап, көп ойға кеттім. Байқауымша, күйеуіңмен ажырасқан адам сияқтысың. Бала-шағаң бар шығар. Демек, сен анасың. Ананың парызы бір басқа, әйелдік өміріңді онымен шатастырма. Қазір сенің нағыз ойнап-күлетін шағың. Қазақ айтады: «Көк өрікті, ойнамаған, күлмеген не көріпті?» – деп. Құдай әйел ғып жаратқан соң, әйел екеніңді де ұмытпағаның жөн емес пе? Ертең жұмыстан соң екеуміз біраз оңаша әңгімелессек қайтеді?» – деді. Қалай көне салғанымды өзім де білмеймін, бірден «мақұл» деппін. Тегі жалғыздықтан әбден шаршап жүрген кезім болу керек… Ертесі әлгі кісі қаланың сыртындағы сайажайына алып барды. Қондық. Титтей де арыма тиетін қылық көрсетпеді. …Ұмыт бола бастаған әйелдік сезімдер қайта ойанып, сол түні біраз ағытылды. Таңертең енді тұрғалы жатқанымызда, тәксилетіп әлгі кісінің әйелі үстімізден түсті. Ойбай-ай, ұйат-ай! Қара жер қақ айырылып кетсе, ойланбастан кіріп кетер ем. Айқайламай, шабаланбай, қабағын түйіп қана келді де, әйелі мені екі-үш итеріп, үйден шығарып жіберді. Бір боқтау сөз айтпады. Қалың сайажайдың ішінде жайау қаңғып келе жатып: «Мен де өстуім керек еді», – деп, үш жылдан кейін ғана сонда ақылым кірді».
Бұл – Жалғыздықтан шаршаған әйелдің жан сыры. Өзінің көзіне шөп салған күйеуін ашудың бетімен үйіне кіргізбей қойғанына өкінгені. Жалғыздықтың ащы дәмінен сабақ алғандығы. Кім білсін, Жалғыздықтың жан азабын татпас үшін қосағының бір «еркелігін» кешіргені әлдеқайда жеңіл болар ма екен?!
Және бір сырлы сезімге толы әңгімеге тоқталсам деймін. Ол туынды «Жалғыздық» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, мұны Жалғыздық жайындағы терең толғаныс десе де болғандай. Оны тұтастай оқып шығып барып қана әсерге бөленесің. Жалпы мазмұнын ежіктемей-ақ сезімге толы мына бір сөйлемдерін теріп алдық: «Кеудемді бақыт кернеп, үйленемін деп қуанып келіп ем, бақытсыздық кеудемді қан жоса тырналап, үйлене алмай, тірідей өліп қайтып келем».
«Сағыныштың жалғыздығы – қалың елдің қақ ортасында да жалғыздық. Аймалағанын, аймалап жатып сыбырлағанын, сыбырлап жатып сүйіп-құшқанын – бәрін сағынасың, бәрін бір өзің ғана білесің. Өзің ғана білетін сезім өзіңді ғана өртемегенде қайтеді? Байғұс балам-ай, оның бәрі біздің де бастан өткен дүние ғой».
«… Өмірдің түсінуге де, түсіндіруге де болмайтын құдіретін қараңызшы: мен ғой күнде күйеуінің қойнына жатып шығатын бір баласы бар әйелге үйленгелі жүрсем, ол бастығымен анда-санда ұрланып ойнап-күліп жүрген, екі бала тауып берген өз әйелінен ажырасып кетіп отыр. Осының себебін сіз түсіндіре аласыз ба?».
«– Қай сүюдің қылмыс, қандай сүюдің қылмыс емес екенін екеумізге дейін де ешкім тыйанақтап шешіп кеткен жоқ, екеумізден кейін де оның құпиасын ешкім біржола шешім бере алмайды, өйткені әрбір сүюдің өзіне ғана тән, өзің ғана білетін, тіпті қыр-сырын өзің де білмейтін, бірақ жаныңды жолына құрбан ғып тұратын құдіреті болады; оның қандай құдірет екенін ешкімге ешқашан анық сипаттап айта алмайсың, тек сезесің, сол сезімнің тәттілігіне рахаттанасың, тіпті сол рахатқа сені батырып жатқан сүйікті әйеліңнің де дәп сенің дәрежеңде рахатқа батып, иә батпай жатқанын дәл біле алмайсың; қаншалық өзің жақсы көрсең, соншалық сеніп, сол сеніміңе қарай рахатқа батасың. Солай, балам».
Иә, осы бір жолдарды оқи отырып, өзіңше ой түйесің. Жалғыздықтың емі жаныңды түсінетін адамды іздеу, өзіне лайық сырлас табу екенін ұғынасың. Сүю, сүйе білу, сүйгізе білу дегендер жай ғана сөз емес, өміріңді өмір ететін құдірет, ең тәтті сезім.
Мұрат АПАҚАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).