Егеменді Ел болғалы тарихымызды саралап, толықтырып жатырмыз. Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақ тарихы қайта басылып жатыр. Десек те, егемендігіміз үшін күрескен ата-бабаларымыздың ерлігі кейде көлеңкеде, архив сөрелерінде жатып қалады. Әсіресе жазықсыз жазаланған аталарымыздың тағдырын зерттеу бүгінгі уақыттың еншісінде.
Бұл тұрғыда Ұлытау өңірінде үлкен жұмыстар қолға алынып жатқанын айта кету ләзім. Жезқазған қаласындағы университеттің тарихшылыры әлігі айтқан архив сөрелерінен сол тарихи деректердің шаңын қағып, жинақтап, кітап етіп елге ұсынуда. Желтоқсан айының соңында сондай бір тамаша тарихи кітаптың тұсауы кесілді. Жезқазған қаласының кітапханасында Ұлытау облысы әкімшілігінің демеуі-
мен жарық көрген Жезқазған университетінің оқытушысы, тарих ғылымының докторы Ғабдол Әуезовтың Алаш арыстарының бірі, дипломат, филолог, Қазақ ревком мүшесі болған, Қазақ милициясын құруға ат салысқан, Ұлытау өңірінің азаматы – Ахмет Баржақсыұлы туралы еңбегінің таныстырылымы болып өтті. Шараны Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ашып, жаңа кітаптың оқырмандар үшін қаншалықты құнды екенін, кейіпкердің қазақ қоғамындағы орны мен ерен еңбектері жайлы баяндады.
Алаш азаматы Ахмет Баржақсыұлының туғанына 120 жыл толуына орай жазылған еңбектің көлемі жұқа болғанымен, кітаптың маңызы өте құнды, зор. Автор еңбекті Астана, Алматының, Ресейдің Омбы қалаларынан құпия сақталған, бұрын жариаланбаған деректермен өрнектеген. Еңбек жоғары оқу орнының студенттеріне, мектеп оқушыларына қосымша құнды дерек көзі деп ойлаймын. Осындай, ел ертеңі, егемендігі үшін атсалысып, жазықсыз құрбан болған Алаш арыстарының бірі – Ахмет Баржақсыұлын дәріптеген ғалым Ғабдол Жәнділдаұлына алғысымызды айта отырып, келешекте Ұлытау өңірінің тарихын зертеуде осындай зерделі, ғылыми дүниелер жарыққа шығара берсе деген тілектеміз.
Серік Қолданұлы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Денсаулық сақтау саласының ардагері,
«Шапағат» медалінің иегері.