Жақында Қарағанды құю-машина жасау зауытында өндірістегі тәлімгерлік негіздеріне арналған екі күндік тренинг өтті.
Аталмыш бұл игі шараны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ұйымдық даму және персоналды басқару дирекциясының персоналды дамыту және оқыту департаментімен бірлесіп Қарағанды құю-машина жасау зауытының басшылығы ұйымдастырды. Тренингтің модераторы Қазақстан Республикасындағы тәлімгерлердің қызметін оқытуға және сертификаттауға уәкілетті «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы болды.
Тренингте дуальды оқытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен міндеттері, жұмыс орнында оқытудың педагогикалық негіздері, оқыту технологиялары, проблемалық жағдайларды шешу, тәлімгердің өзін-өзі ұйымдастыруы және т. б. мәселелер қарастырылып, зерделенді.
Тренингке барлығы 32 бастаушы тәлімгер қатысты. «Қазақмыс» қызметкерлерінен басқа, оқуға Қарағанды машина жасау колледжінің қызметкерлері шақырылды, өйткені ҚҚМЖЗ ұзақ уақыт бойы колледжбен дуальды оқыту бағдарламалары бойынша бірге жұмыс істеп келеді.
Оқуға қатысушылар атаулы сертификаттарға қол жеткізумен бірге «Атамекен» ҰКП тәлімгерлерінің тізілімінде тіркелді. Айта кету керек, өткен тренинг «Қазақмыста» тәлімгерлік жүйесін трансформациялаудың басталуын білдіреді және болашақта бұл тәжірибе жалғасатын болады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.