«Талап-2023» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңіріміз үшін аса маңызды жобаны қолға алып отыр. Олар Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының құрылыс жұмыстарына аса қажетті кірпіш шығаратын жаңа зауытты жабдықтап, іске қоспақшы.
Кірпіш зауыты Талап ауылынан бір шақырымдай жерден бой көтереді. Серіктестік жаңа өндірістің орналасатын жерін аукцион бойынша сатып алды. Жергілікті шикізаттан арзан өнім шығаруды көздеген инвестор бұл жобаға 500 млн. теңге инвестиция салатын болып отыр. Қазірде олар құрылыс материалдары мен зауыт жабдықтарын жеткізумен айналысуда. Белгіленген жоспар бойынша зауытты биыл іске қосып, 5 млн. дана кірпіш шығармақшы.
– Ауылымыздың іргесінен ашылатын кәсіпорында 60-тан аса жаңа жұмыс орны болады деп күтілуде. Талап ауылында бүгінде 39 жұмыссыз адам бар. Әуелгі кезекте солардың жұмысқа тұруына басымдық беріледі. Біз бұл жобаның сәтімен жүзеге асарына үмітпен қарап отырмыз, – дейді Талап ауылының әкімі Қайрат Бапанов.
Иә, инвесторлардың жобасы ойдағыдай жүзеге асар болса, өңір тұрғындары мен кәсіпорындарының тұрғынүй құрылысына қатысты проблемаларының оңтайлы шешілуіне мүмкіндік берері анық. Зауыт іске қосылып, толық өндірістік қуатына көшкен кезде жылына 20 млн. дана кірпіш шығаратын болады.
Амандық РАХҰЛЫ.