Біз кейде айдаладағы біреулерге табынып, әспеттеуге әуес болып, дәл өз қасымызда жүрген тарлан талант, кемел тұлғаны елеп-ескеріп, дұрыс бағалай бермейтініміз бар. Мысалға, өнер мен білім, әдебиет пен руханият салаларына өзіндік дара жол салып, бедерлі биіктерге жетіп жүрген қаламгер, ғалым Кенжебай Ахметовті алайықшы. Осы өңірдегі зиялы қауым ортасында айрықша орны бар Кенжебайдың бір басына жетерліктей атақ-даңқы мен жетістіктері баршылық. Ол Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, сценарист, кинорежиссер, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Осынау жолдағы асқаралы асулары мен толағай жетістіктерге ол оңайлықпен жеткен жоқ. Бүгінде алпыстың асуына жетіп, ат шалдырып отырған Кенжебай Кәрібозұлы екінің біріне бұйыра бермейтін бұл айрықша биік белеске бойдағы талант, бастағы білім, табанды еңбегінің арқасында қол жеткізгені анық.
Ол да ауыл баласы болатын. Аудан орталығынан алпыс шақырым жердегі Қараағаш ауылында құлын-тайдай шапқылап өсті. Сабаққа алғыр болды. Алдыңғы қатарлы оқушы атанып, ауылдағы Ынталы орта мектебін ойдағыдай бітірді. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде әдебиетке жақын жүретін. Шағын мақалалар жазумен қатар, сықақ, мысал сияқты әркімнің әуезі келе бермейтін жанрларға әуестенді. Олары аудандық «Жаңаарқа» газетінде жарияланған сайын жазуға деген құштарлығы арта түсетін. Мектеп бітірісімен арман құшағында білім қуып, әсем қала Алматыға жол тартты. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Кенжебайдың әдебиет иіріміне терең бойлауға құштарлығы осы университет қабырғасында жүрген кезінде қалыптаса бастады. Студенттік шақтың бес жылында білім нәрімен барынша сусындауға ұмтылды. Оған қазақ әдебиетінің көрнекі ғалымдары мен ғұлама ұстаздарының да ықпалы айрықша тиді. Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали, Ханғали Сүйінішәлиев, Тұрсынбек Кәкішев сынды ірі ғалымдардың дәрісін тыңдап, әдебиет зерттеу әлемінің сырына қаныға түсті. Қадыр Мырзаәлі әдебиеттануға кіріспеден сабақ беретін. Ақын болған соң, негізгі дәріс арасында поэзия құдіретіне қатысты әңгімелер де жиі айтылатын. Бойында оты бар студенттер Қадекеңді жиі төңіректейді. Кенжебай ол уақытта өлең жазбаса да, ақын ұстазының жыр туындыларын қызыға оқитын. Қасиетті өлеңге қатысты айтылған ойларын көңілге түйе жүретін. Кейінірек өлең жазуға бой ұруына да ақын алдынан сабақ алған шақтың әсері тиген болар.
Университетті 1985 жылы бітірген соң туған ауылға оралды. Өзі оқыған Ынталы орта мектебіне мұғалім болып орналасты. Ауыл мектебінде алты жылдай мұғалім болды. Сол тұста Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына жоғары білімді тіл мамандарын іздестіріп жүргенін естіген Сайлаухан Нәкенов ағамыз ҚазМУ-ді ойдағыдай бітірген бір лайықты маманның ауылда жүргенін айтып, кафедра басшыларына көздестіріп жібереді. Сірә, қашанда жастарға қолдау мен қамқорлық танытуға бейім тұратын ақын ағамыз Кенжебайдың қаламының қарымын, бойдағы дарынын байқап жүрсе керек. Сөйтіп, 1991 жылы арнайы шақыртумен Жезқазған университетіне оқытушы болып келді. Содан бері осында еңбек етіп, біршама ғылыми жобалары мен шығармашылық ізденістерін біртіндеп жүзеге асыра бастады. Бірте-бірте аға оқытушы, доцент болды. Университетке келуіне шапағаты тиген Сәкеңнің есімін Кенжебай үнемі ризашылықпен еске алып отырады.
Негізінде талантты азаматтың ізденіске толы жемісті жылдары осы кезден басталады. Кенжебай Кәрібозұлы 2001 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен «Айқын Нұрқатовтың әдеби сын, ғылыми-зерттеу еңбектері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғады. Бірнеше мектеп оқулығын жазуға атсалысқан сыншы, әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатовтың мұраларына ертеден қызыға үңіліп, жарыққа шығарғысы келіп жүретін. Өмірден 1965 жылы 37 жасында ерте кеткен әдебиет зерттеуші ғалымның еңбектерінің аса еленбей, көмескіленіп бара жатқаны ойландыратын. Осыған орай, құнды мұраны ғылыми айналымға шығару жолында біраз уақыт табандылықпен еңбектенді. «Айқын Нұрқатов – әдебиет сыншысы», «Айқын Нұрқатов – әдебиет зерттеушісі» еңбектерін жазды. Сонымен қатар, «Жүсіпбек Аймауытов драматургиясын оқыту», «Драматургиядағы тарихи шындықтың көркемдік сипаттарын оқыту», «Студенттердің жазбаша ғылыми жұмыстары» сияқты қосымша оқу құралдары мен ғылыми мақалалар жазып, болашақ әдебиетші мамандардың игілігіне айналдырды. Ал, ғалым Кенжебай Ахметовтің авторлығымен шыққан «Әдебиеттану әліппесі», «Әдебиеттануға кіріспе» оқулықтары еліміздің жоғары оқу орындарында және Қытай Халық Республикасындағы Ұлттар университетінде оқу барысындағы құнды құрал ретінде пайдаланылуда. Оқу үдерісіне қосқан сүбелі үлестері үшін ол 2004 жылы Жезқазған университеті бойынша «Жылдың үздік оқытушысы» атанып, университеттің «Алтын белгісімен» марапатталды. 2006 жылы ҚР ЖОО Қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы медаліне ие болды.
К. Ахметов Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде Бас жүлде иеленген «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» қойылымының әдеби нұсқасының, «Алағай да бұлағай бір дүние» атты прозалық, «Қоңыр күй» атты өлеңдер жинақтарының, прозалық және драмалық шығармалары топтастырылған «Қос қағыс» жинағының авторы. «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» деген сатиралық комедиясы, «Шырақ», «Шырға алаңында», «Қанда бар ғой, қанда!» драмалары театр сахналарында көп жылдардан бері қойылып келеді. Басқа да драмалық шығармалары бар. Ол 2003 жылы ҚР Мәдениет министрлігі тұңғыш ұйымдастырған Ұлттық «Астана – Бәйтерек» конкурсының лауреаты, республикалық «Жалын» журналының Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлығының 2006 жылғы лауреаты атанды. «Дәуірлер тоғысында» драмасы 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы бірлесіп ұйымдастырған әдеби конкурстың Бас жүлдесіне ие болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 2015 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразиялық Топ (ERG) бірлесіп ұйымдастырған «Алаш тарихының ақиқаты» атты шығармашылық бәйгенің драматургия жанры бойынша жүлдесі де Кенжебайдың еншісіне бұйырған болатын.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы», – деп ұлы Абай айтпақшы, Кенжебайдың поэзия әлеміндегі қолтаңбасы туралы да көп айтуға болар еді. Ол көбіне өлеңдерінде тұспалдап айтып, оқырманын терең ойға жетелейді. Қоғамдағы, адамдар арасындағы өзекті мәселелер төңірегінде өзгеден бөлек, тосын ой түйеді.
Бәрі жылтыр, киім де, көлік, үй де,
Ақыл ғана бұл күнде өлі күйде.
«Единица» еленбей Абай айтқан,
Атқа мініп, айналды «нөлі» биге.
Жылт-жылт етіп арбайды бәрі көзді,
Жылтыр қызға жылтыңдап, кәрі қозды.
Жылтырақтан жиреніп жатқанда ақыл,
Жылтыр-жылтыр сөйлеген бәдік озды, – дейді Кенжебай ақын «Жылтырақ» деген өлеңінде. Оның «Қоңыр күй» деген жыр жинағына алғысөз жазған ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының мына пікірлерінің мәніне үңіліп көрейікші: «Шалғайдағы шағын ғана шаhарды мекен етіп жүрсе де, Кенжебай өзін тек туған жері мен өскен өңірінде ғана емес, кең көлемде сегіз қырлы, бір сырлы нағыз хас талант ретінде танытты… Бір басына осынша олжа жинаған Кенжебайдың басқа жерді емес (Алматы, Астана дегендей), тек Жезқазғанды ғана тұрақ-мекен етіп жүруінің нақты себебі маған беймәлім. Меніңше, мұндай толағай талант иесінің өріс-қонысы бүгінгі ортасынан гөрі әлдеқайда кең болса керек… Жезқазған жерінде Менделеев кестесіне тән қанша кен байлығы болса, Кенжебайдың жүрегінде де қазақ халқына қажетті қаншама қазына жиылып, қаламынан жыр болып құйылып жатыр… Осыншалық рухани қазынаны ұлт игілігіне айналдырып келе жатқан ол ең алдымен – ақын. Ол осыншалық жанрлардың жүгін, меніңше, ақындықтың арқасында ғана қиналмай көтеріп келеді. Оның тал бойындағы талант құдіреті – ақындығында», – деп баға беріпті Алаштың айтулы шайыры. Иә, оның ақындық жолдағы ізденістері ізсіз емес. Жыр кітабынан бөлек, республикалық «Бір өлең – бір әлем», «Мәңгілік Ел – ұлт мұраты», «Ел қорғаны – Ер Жәнібек» және басқа да әр жылдардағы мүшәйралардың жүлдегері болғанын білеміз.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» таланттың талайларды таңғалдырған тағы бір таңғажайыбы – оның киногерлік өнері. Ол бұл тың саладағы қадамын О. Бегайдаровтың режиссерлығымен шыққан «Саяқ» фильмінің сценарий авторы болудан бастаған-тын. Одан беріде басты кейіпкерінің тағдыр шырғалаңын арқау еткен «Наза» фильмін түсірді. Жергілікті өңірмен қатар Астанада көрсетілген бұл көркем туындының авторы да, режиссёры да Кенжебайдың өзі болатын. Ал, сыршыл әндерімен елімізге кеңінен танылған әнші-композитор, Ұлытаудың даңқын алты қырдан асырған жерлесіміз Жақсыкелді Сейіловтің балалық және бозбалалық шағы туралы түсірілген «Неге солай?» фильмі өткен жылы көрермендер назарына ұсынылып, жақсы бағасын алғаны көпшіліктің есінде болса керек.
Қаламгер Кенжебай Ахметовтің көркем аударма саласындағы еңбектері тіпті ерен. Ол кез-келген аудармашының тісі бата қоймайтын ежелгі дүние классиктерінің мұраларын тәржімалауды батыл қолға алды. Олардың ішінде поэзиялық шығармалар да бар. Бұл еңбектерінің біразын атап айтар болсақ, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітаптар сериясы бойынша «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» аталатын 4 томдықтың үшінші және төртінші томдарын, «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағын, Дж. Боккаччоның «Декамерон» новеллалар кітабын, Дантенің әйгілі «Құдіретті комедия» поэмасын, сондай-ақ, «Ежелгі өркениет тарихы мен қазынасы» сериясы бойынша Ежелгі Мысыр, Ежелгі Қытай мәдениеттеріне қатысты кітаптарды қазақшалап, оқырмандар назарына ұсынды. Одан кейінгі аудармаларының өзі атан түйеге жүк боларлықтай. М. Булгаковтың «Ит жүрегі», Ю. Казаковтың «Тэдди», Л. Толстойдың «Арылу», «Өмір жайында», А. Моруаның «Жас жігітке өмір туралы ашық хат» және басқа да аударған кітаптары баспадан жарық көрді. Осы жақында Геродоттың «Тарих» еңбегінің 1-ші және 4-ші кітаптарын аударып баспаға тапсырыпты. Қазіргі таңда Э. Дешодттың «Атилла» кітабын тәржімалау үстінде.
Оның аудармашылық шеберлігі туралы әдебиетшілердің жылы пікірлері көп. Жазушы Өмір Кәріп Стефан Цвейгтің «Бальзагын» қазақша оқыған соң әлеуметтік желі арқылы жуырда Кенжебайға былай деп пікірін білдірген еді: «Өзің аударған кітапты оқып шықтым. Аудармаң мінсіз. Еркін төгілдіріп отырасың. Қалай болғанда да, сенің мына аудармадағы шеберлігің мені ойландырып тастады». Аудармалары ресми органдар тарапынан да лайықты бағасын алып жүр. Мәселен, К. Ахметов 2014 жылы Қазақстан халықтарының мәдениетін қорғау жөніндегі «Алтын ғасыр» бірлестігі мен «Тамыр» журналының академиялық және көркем аударма номинациясы бойынша халықаралық «Алтын асық» сыйлығымен марапатталды. Ал, 2015 жылы ҚР Мәдениет министрлігі, Ресейдегі Қазақстан Республикасының елшілігі, Қазақстан Жазушылар одағы және «КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауының поэзиялық шығарманы аудару бойынша жеңімпазы болса, өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған тұңғыш Ұлттық «Айбоз» сыйлығының лауреаты атанды.
Әдебиетші ғалым-қаламгердің әр қыры туралы кеңінен толғап, көсіле айту бір мақаланың ауқымына сыймасы анық. Кенжебай не жазса да, ескі ізге түсіп, таптаурын тақырыпқа бармайды. Ол тыңға түрен салуға бейім. Руханият әлемінде өзіне тән дара жолы бар. Тарлан таланттың басты ерекшелігі де осында болса керек.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.