«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қарасты Жезқазған мыс қорыту зауытының өнімдері алыс және жақын шетелдер мен еліміздің ішкі нарығында сұранысқа ие.
Балқыту, шихта дайындау, күкірт қышқылы, мысты электролиздеу сынды төрт бірдей ірі құрылымнан тұратын зауытта мыс тотияйны өндіріледі. Бүгінгі таңда аталмыш өнім түрін еліміздегі ірі ауылшаруашылығымен шұғылданатын нысандар тапсырыспен алуда.
Нұрсұлтан Оспанов басшылық жасайтын мысты электролиздеу цехында мыс тотияйны телімі бар. Жақында аталған телімнің жұмысын көзбен көріп, оны өндірудің жолдарымен танысып қайтқан болатынбыз.
Цех басшысы Нұрсұлтан Оспановтың айтуынша мыс тотияйнының жазғы мезгілде 100 тоннасы, қыс мезгілінде 80 тоннасы өндіріліп, нарыққа шығарылады.
– Зауытта бірнеше элементтердің түрлерін мыс құрамынан айырып алу үдерісі жүреді. Мыс тотияйнын алудың да өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Бірнеше кезеңде жүзеге асатын үдеріс барысында біз өнімнің сапасына ерекше мән береміз. Сапа бақылауынан өткен өнім түрі ғана тапсырыс берушіге жөнелтіледі, – дейді цех басшысы.
Мысты электролиздеу цехының басшысымен сұхбаттасқаннан кейін мыс тотияйны телімінің шебері Гүлбақыт Қойшығаринаны әңгімеге тарттық.
2012 жылдан бері сөз етіп отырған телімде еңбек ететін Гүлбақыт Қойшығарина мыс тотияйнын алу жолдарын бізге былайша түсіндірді:
– Техникалық регламент бойынша мыс тотияйнын алу жолы бізге электролит келуден басталады. Оның құрамында литрына 40-60 грам мыс қоспасы, 1350-180 грам күкірт қышқылы, 10-20 грам мышьяк сынды элементтер болады. Бұл өнімдер мысты электролиздеу цехынан алынады. Мыс тотияйнын өндіру әуелі электролиттік пеште қайнатып, тұнбасын айырудан бастау алады. Қоспа жаз мезгілінде 8-10 сағатта, қыста 4-6 сағатта 90-120 градуста қайнатылады. Қайнатылған өнім арнайы кристализатор деген аппаратта суытылады. «Нучт-фильтр» деген апаратта сүзіп алынады. Суытылғаннан кейін қоюын бір бөлек, сұйығын бір бөлек алу жүзеге асады.
Ұнтақ түрінде өндірілетіндіктен біз өнімді барабанды пеште кептіреміз. Содан кейін өнімнің сапасына талдау жасалады. Талдаудан өткен соң өнім арнайы қаптарға салынып, дайын өнімдер цехына жөнелтіледі. Ол жерде техникалық бақылау бөлімінің мамандары стандарт бойынша бақылау жүргізеді. Автоматтандырылған жүйеде мыс тотияйнын алу осылай жүзеге асады. Біз өз тұтынушыларымыздың дер кезінде сапалы өніммен қамтылуына ықпал етіп отырмыз, – дейді Гүлбақыт Қойшығарина.
Мыс тотияйны телімінің сулы ертінділерді электролиздеушісі Азамат Тобағабылов атшаптырым аумақты алып жатқан телімнің өнім өндіру алаңына алып барды. Оның бұл телімде жұмыс жасағанына – 10 жыл. Мыс тотияйнының алыну үдерісін жаңылмай атай алатын маманның тәжірибесінен көп жағдайға қанықтық.
Телімнің шебері Гүлбақыт Қойшығарина түсіндіріп берген қайнату, сүзу, кептіру сынды үдерістерді атқаратын аппарттардың тілін жақсы меңгерген Азамат Тобағабылов:
– Мыс тотияйнын алу өзге өнімдер тәрізді белгілі бір мерзімде жүзеге асады. Ол үшін телімде арнайы аппараттар қойылған. Әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметтері бар. Элементтер қосылғаннан кейін олар арнайы пеште қайнатылып, суытылады, кептіріледі. Ұнтақ дайын болғанға дейін сапасы бірнеше мәрте сараланады. Біздің бұл өнімді қазіргі таңда «Казцинк», «Масалев», «Оазис», «Глиссад» сынды ірі кәсіпорындар ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланады. Дайын өнімдер партия легімен жөнелтіледі. Бір партияда 5 тонна мыс тотияйны тапсырыс берушіге жіберіледі. Бұрындары жоғары сападағы мыс тотияйны да осы телімде дайындалған. Ол тек медициналық бағытта пайдаланылған. Кейіннен жоғары сұрыптағы тотияйн өндіру тоқтатылған, – дейді Азамат Тобағабылов.
Мыс тотияйны телімінде Бәкір Дүйсековтің бригадасы өндірістік үдерісті жіті бақылап, сапалы өнім шығаруға атсалысып отыр. Оның бригадасында 20 адам бар. Сулы ертінділерді электролиздеушілер мен аппаратшыгидрометаллургтар мыс тотияйнын алуда шеберліктерімен танылуда.
Бәкір Дүйсековтің осы телімде еңбек еткеніне 29 жыл болыпты. Білікті бригадир өнім алудың жолдарын кейінгі буынға жалықпай үйретіп келеді.
– Мыс тотияйнын алу үдерісінде ең әуелі техникалық қауіпсіздік талаптары қатаң ескеріледі. Қауіпсіз еңбек жағдайы қалыптасқан кезде ғана сапалы өнім шығатынын бригаданың жігіттері жақсы бағамдай біледі. Ауысым басталғаннан мыс тотияйнын дайындауға аса мұқияттылықпен кірісеміз. Әрбір кезеңде ұқыпты атқарылған жұмыс өнімнің сапалы шығуының кепілі болып табылады, – дейді Бәкір Дүйсеков.
Сарыарқаның сайын даласында жарты ғасырдан аса мыс балқытқан Жезқазған мыс қорыту зауытында сұранысқа ие мыс тотияйны білікті де тәжірибелі мамандардың іскерлігінің арқасында өз тұтынушыларына жол тартуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.