Кеңес заманындағы қуғын-сүргіннің ізі Жезқазған жерінде сайрап жатыр. ГУЛАГ жүйесіндегі Степной лагері Карлаг аумағының бір бөлігін қамтып, 1948 жылдың қыркүйек айында Жезқазғандағы әскери тұтқындарға арналған № 39 лагердің негізінде құрылған еді. Арнайы лагерь құрамында әуелде 9 бөлімше болса, 1955 жылы 6 бөлімше жұмыс жасады. Олар Жезқазғанда, Перевалкада, Кеңгірде, Жездіде, Теректіде және Шығыс Қоңырат кентінде орналасқан болатын. Саясиқуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыстық Қоғамдық келісім басқармасының ұйтқы болуымен Жезқазған тарихи-археологиялық музейі Степной лагерінің № 3 бөлімшесі орналасқан жерге экскурсия ұйымдастырды.
Мыс қорыту заводының шығыс жағындағы жарты шақырымдай жерде орналасқан Степлагтың № 3 бөлімшесі ғимараттарының бүгінде қираған қабырғалары ғана қалған. Ал, лагерь басқармасы орналасқан екі қабатты ғимараттардың ішкі жағының аңғал-саңғалы шыққанымен сыртқы жобалары бүтін сақталыпты. Бірақ, олар қазірде жеке адамдардың меншігінде көрінеді. Лагердің № 3 бөлімшесінің асхана, барақтар мен клуб үйі болған ғимараттарының қирандылары қалған аумағын қоршап, екі жылдан бері Жезқазған тарихи-археологиялық музейі қарамағына алып отыр. Кіреберісіне «1948-1956 жылдары кеңестік ГУЛАГ жүйесіне кіретін Степ Лагерьлерінде жазықсыз жапа шеккен тұтқындардың рухына арналған» деген жазуы бар белгі тас орнатылды. Сол кезеңнен қалған тарихи орынға эксурсия жасап келген этно мәдени қоғамдық бірлестіктері мен орталықтарының өкілдері, облыстық Ардагерлер кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары зобалаң заманның қасіреті туралы еске алды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың ұрпақтары Ирина Богдановна Лесник пен Лилия Дмитриевна Тюрина әке-шешелерінен естігендері бойынша қилы кезеңнің қияметтері туралы естеліктерін айтты.
Экскурсия жүргізушісі – Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері Светлана Сефербекова лагерь тарихы туралы әңгімеледі. Степной лагерінде 1949 жылдың 15 мамырындағы дерек бойынша 18500-дей тұтқын болған. Ондағы тұтқындар «Казмедьстройға» қарасты өндірістік және тұрмыстық ғимараттардың құрылыстарында, Жезді мырыш кентінде, мыс өндіретін кен орындарында, ауыр өндірістерде жұмыс істеді. Кен байыту фабрикасы, ЖЭО, Кеңгір су қоймасының бөгеті, қаладағы алғашқы тұрғын үйлер Степлаг тұтқындарының күшімен салынған. КСРО ІІМ-нің ГУЛАГ жүйесіндегі көлемі жағынан ең үлкен және қайғылы көтеріліс 1954 жылдың 16 мамырында Степной лагерінің осы №3 бөлімшесінде болып, 40 күнге созылған болатын. Көтеріліс «Т-34» танкісінің 5 экипажынан құралған әскерилердің күш қолдануы арқасында жаншылып басылады. Көптеген адам опат болады. Осы қасіретті оқиға себеп болып, 1956 жылы Степлаг жабылды. Тұтқында болғандардың біразы Жезқазғанда бертінге дейін болған еді. Қазір көзі тірілері қалмапты. Ұрпақтары бар.
Экскурсияға қатысушылар Украинадан, Прибалтика елдерінен, Венгриядан және Израильден Степлагте отырған тұтқындардың ұрпақтары келіп орнатқан Мемориалдық кешен басына да барып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым жасады. Ізгі ниетпен аспанға ақ көгершіндер ұшырды.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суреттерде: саясиқуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және белгі тас.