«Қазақмыс» корпорациясының өндірісте еңбек ете жүріп өнер, спорт сынды салаларды қатар алып келе жатқан еңбеккерлері осы салаларда оң нәтижеге қол жеткізе алуда.
Қалам тербегелі отырған кейіпкерім Жансая Рахметуллаева «Қазақмыс Дистрибюшн» ЖШС жылу, энергетика кәсіпорны № 1 электр станциясының бақылауөлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі слесарі болып еңбек етуде. Ол спорттың таяқ тарту түрінен түрлі дәрежедегі жарыстарда топ жарып жүр. Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Жансая спорттың аталған түрінен ойын көрсетті. Қазақстан чемпионы, еліміздің ұлттық құрамасының мүшесі. Жансая таяқ тарту спортына кездейсоқ келгенін айтады.
– Бұл спортқа қызығушылығым басым болған соң қадам жасап көрейін деген ниетпен келген болатынмын. Алғашқы жаттықтырушым Қайрат Нұрымов мас-рестлингтің ережелерін түсіндіріп, үйрете бастады. Мен жарыс жолына биыл ақпан айында шықтым. Жезқазған қаласының ашық біріншілігінде әйелдер арасында 60 келі салмақта І орынды жеңіп алдым. Жаңаарқа ауданында өткен ашық турнирде де жеңімпаз атандым. Осылайша мен таяқ тартудан алғашқы жеңістеріме қол жеткізе бастадым.
Осы жылы өткен Қазақстан чемпионатында өзімнің бағымды сынадым. Еліміздің 8 өңірінен келген спортшылар күш сынасты. Мен Астана қаласынан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан келген спортшылармен кездесіп, Қазақстан чемпионы атандым. Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында өткен Азия чемпионатында ойын көрсеттім. Бұл жолы жүлде бұйырмады. Спорттағы қадамым енді басталғандықтан Азия чемпионы атануға әрекеттеніп жатырмын, – деді спортшы ару.
Жансая Рахметуллаева V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 65 келіде бақ сынады. Ұлытау облысының намысын қорғады. Жақында ол таяқ тартудан шәкірт тәрбиелеу құқығына ие болды. Арнайы сертификатқа қол жеткізді.
– Менің ендігі мақсатым – спортта үлкен жетістікке жетіп, әлем чемпионатында Қазақстанның атын таныту. Енді дамып келе жатқан таяқ тартудан мықты спортшыларды тәрбиелеу. Мен осы жолда аянбай еңбек етуге дайынмын, – деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.