«AMANAT» партиясының 2023 – 2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында Жезқазған қаласында «Намыс» спорт академиясының құрылысы жүріп жатыр.
Жоба Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС аясында құрылған меморандум шеңберінде жүзеге асырылуда.
Бүгін «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыс басына барып, жұмысымен танысты. Спорт академиясының 80 % жұмысы аяқталған. Ішкі монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Сумен жабдықтау, жылу, кәріз, электр желілері тартылған. Материалдық құрал-жабдықтар түгел алынған. Мамыр айының соңында құрылыс аяқталады дейді.
– Академия 5000 шаршы метрден тұрады. 50 адамға арналған асханасы, жатақханасы бар. Жалпы, 110 орындық. Облыстан жиналған балалар арнайы тестен өтіп, осында жатып оқитын болады. Кәсіби спортшыларды дайындайтын академия болмақ. Қаладағы № 24 мектеппен келісім-шарт жасалды, балалар сол білім ордасында оқитын болады. Ұлытау облысының намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатын академия болады деп сенеміз» – дейді «Намыс» қоғамдық қорының Жезқазған қаласындағы басшысы Берік Деңгелбаев.
Спорт мекемесінде спорттың еркін күрес, қыздар күресі, дзюдо, бокс, стол теннисі, футбол түрлері болмақ. Тенниске 7 жастан асқан балаларды қабылдаса, күреске 10 жастан бастап қабылдамақшы. Балалар 11-сыныпты бітіргенше академияда жатып оқитын болады. Колледждермен де меморандумға отыру жоспарлануда.
Жаңа оқу жылында спортқа құмар балалар жаңа спорт академиясында оқитын болады. Құрылыс аяқталғанға дейін партия бақылауында.
«AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.