Еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау бағытында кәсіподақтың атқарар қызметі орасан. Бүгінгі таңда ел аумағы бойынша елу алты мыңнан аса мүшесі бар тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының филиалдары қарқынды жұмыс жасауда.
Шығыс Қазақстан облысындағы өндірістік алаңдағы еңбеккерлердің басын біріктірген Өскемен қаласындағы филиалдың қызметі көптің көңілінен шығуда. Анатолий Назаров төрағалық ететін филиал ұжымы еңбек адамына қажетті барлық қажеттілікті өтеп отыр. Жақында «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов бастаған топ филиалдың жұмысымен танысып, атқарылған шаруаларды пысықтады. Анатолий Назаров ұжымымен бірге осы кезге дейін біраз шаруаның бетін қайрыпты. Семинар кездесуде ол өзінің іскерлік тәжірибесімен бөлісіп, материалдық көмек беру, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті бақылау, еңбеккерлерді бұқаралық спортқа тарту сынды жұмыстардағы ерекшеліктерді алға тартты. Бір қағидаға топтасқан ұйымның әрбір атқарған жұмысы қарапайым еңбек адамы үшін игілікті екендігін аңғартты. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасай отырып, кәсіподақтың қоғамдық өміріне тартуда филиалдың белсенділігі жоғары.
Шығыстағы шырайлы жүздесуде кәсіподақ төрағасы Уәлихан Қуанышбекұлы филиал жұмысының тиімді тұстарына мән беріп, өзге филиалдар да осы ұйымның тәжірибесін қолданысқа енгізуді алға тартты.
– Біздің басты міндетіміз еңбек адамына қолайлы жағдай жасау екендігін есте шығармаған жөн. Әрбір филиалдың өз ерекшеліктері бар, соны тәжірибе ретінде қолдана білуіміз керек. Өзіміз куә болып отырған Шығыс Қазақстандағы кәсіподақ филиалынан алар тәжірибе мол, – деді төраға.
Шығыс өңірге сапар барысында Уәлихан Нұржанов «Шығыстүстімет» ЖШС басқарма төрағасы И.Даутовпен кездесіп, алғады жоспарларды талқылады. Екі тарап болашақта еңбекң адамының құқығын қорғауда бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты. Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы «Кенші» бастауыш ұйымында болып, ұжыммен тілдесті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.