«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың тамыз айының 11-12 күндері Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңа жол селосының маңында орналасқан атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына арналған іс-шараларға корпорацияның еңбек ардагерлері қатынасып келді.
Барамын деп ниет білдірген, құрамында 24 еңбек ардагері бар делегация 11 тамызда таңғы сағат 4-те Жезқазған қаласынан Қарағанды бағытындағы тас жолмен екі автокөлікпен жолға шықтық. Сол күні сағат 14 шамасында Баянауыл ауданының Жаңа Жол селосынан шамамен 7-8 шақырым жерде орналасқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне келдік. Біздің делегацияны Мәшһүр Жүсіптің немересі Қажымұқан есімді азамат қарсы алып, арнайы тігілген киіз үйге орналастырды. Шай ішіп тамақтанғаннан соң Ескелді шатқалының шетіндегі төбенің басына жерленген әулие Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне тағзым етіп, құран бағыштадық. Кесене жанынан заманауи үлгімен екі қабатты қонақ үй, шағын мешіт, Мәшһүр Жүсіптің музейі орнатылған. Асхана, тамақ дайындайтын және мал соятын ғимараттар және бар. Тойға арналған іс-шара жоспарымен таныстық. Тойға арнап 100-ден аса ақшаңқан киіз үйлер ретімен орналасқан.
Мәшһүр Жүсіптің музейіндегі жәдігерлермен, құнды құжаттарымен таныстық. Музей кітапханасында әулиенің кітаптары қойылған. Делегация мүшелері кітаптар мен сувенирлер алды. Арнайы орнатылған киіз үйлерді араладық, қолөнер шеберлерінің көрмесін қызықтадық. Басқа аймақтардан келген делегация мүшелерімен және ұйымдастырушылармен танысып, пікір алмастық.
Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің (Көпжасарұлы) көп қырлы талант екені елге мәлім. Қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқыған білімдар. Ақынның 1907 жылы үш бірдей кітабы – «Көп жасағаннан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты жыр жинағы жарық көрсе, «Миғраж», «Хаятбақшы», «Қорқыт», «Гүлшат-Шеризат» деп аталатын қисса-дастандарын, публицистикалық этнографиялық еңбектерін, халық ауыз әдебиетін жинаудағы қыруар жұмысын атасақ та жеткілікті.
«Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы өзінің айтуынша – қазақша қой жылы, арабша ережеп айында, жұма күні, бесін кезінде Қызылтауда Найзатас деген жерде дүниеге келеді. 1931 қой жылы жұмаға қарай таңға жақын аяулы ақын, зерделі жинаушы, жақсы азамат жарық дүниемен біржола қоштасты», – делініпті. Сегізден тоғызға аяқ басқан шағында қалың топтың алдында бірде-бір мүдірместен мақамына келтіре отырып «Төрт жігіттің өлеңі», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпос дастандарын жатқа толғайды. Жиылған қауым дән риза болып, «Баланың аты – Мәшһүр болсын, тіл-көзден аулақ болуы үшін басына үкі тағып қойыңдар», – дейді.
Мәшһүр Жүсіп, өзі айтқандай, он бес жастан кейінгі өмірінің бәрін дерлік өлеңмен сөйлеген. Ақын дүниетанымын, адамдармен қарым-қатынасын, нені сүйіп, нені жек көретінін, кімнен үйреніп, кімнен жиренетінін де өрнектеген. Біз оның мұндай туындыларынан сол кездегі адамдардың өмірге деген көзқарасын, ішкі жан дүниесін, тұрмысын жан-жақты танығандай болдық. Мәшһүр Жүсіп туралы бұрындары естімеген деректерге қанық болдық, рухани байыдық деуге әбден болады. Осы жерде Ұлы Абайдың сөзін келтіргенді жөн көрдім, Абай: «Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын. Дегенмен, ол ақын болғанымен Құдайға жақын, Сондықтан да Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой».
Кешкісін Ұлытау облысынан келген делегация мүшелеріне қонақасы берілді.
Ертесіне арнайы орнатылған үлкен шатырда әулиеге арналған ғылыми конференцияда ҚР Мәдениет және спорт және ақпарат министрі сөз сөйледі, бірқатар ғалымдар баяндама жасады. Конференция аяқталғаннан кейін үлкен сахнада Мәжіліс парламентінің төрағасы Е. Қошанов құттықттау сөз сөйледі. Қазақстанның танымал ақын- жазушылары, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатынасты. Айтыс ақындарының сайысын, балуандардың күресін, ат жарыстарын қызықтадық.
Әулиенің рухына арналған асты біздің делегация мүшелеріне Павлодар қаласындағы Ә. Марғұлан университетінің арнайы орнатылған киіз үйінде берді. Кең дастарқан басында университет басшыларымен Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан туралы әңгіме жарасымды болды. Университет кітапханасына Ұлытау-Жезқазған тарихынан сыр шертетін кітаптар сыйладық.
Мәшһүр Жүсіп музейінде салтанатты жағдайда Ұлытау облысы атынан сый-сияпаттарымызды табыстадық. Ақын Ғазиз Ештанаев Мәшһүр Жүсіпке арнаған өлеңін оқыды, ал ақын Ізтілеу Түсіп арнауын мәнерлеп орындады.
Осы сапар аясында Баянтауға бет алдық. Баянауыл табиғатын қызықтадық, Сабынды және Жасыбай көлдеріне бардық, естелік фотоларға түстік. Одан кейін Торайғыров селосының маңындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне барып, құран бағыштадық.
Делегация мүшелері осы сапардан бойларына үлкен рухани күш жинап, Қазақстанның әсем табиғатын қызықтап қайтты. Шапағаты мол саяхат болды. Уақыттың тығыздығы, ұзақ жолдың қашықтығынан шаршамай, қажымай келген еңбек ардагерлері, осы сапарды ұйымдастырушыларға зор ықыластарын білдірді.
Әлмұқан Ысмағұлұлы,
еңбек ардагері.