1954 жылы Жезқазған кенішінен 7 шақырым жерде кеншілерге арналып жаңа жұмысшылар поселкесінің іргесі қаланып, 1956 жылы поселкеге – Никольск деген ат беріледі. Ал, 1973 жылы 25 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының өкімімен Никольск поселкесі Никольск қаласы деген статус алды. Арада жиырма жылдай уақыт өткенде, нақтырақ айтқанда 1990 жылы 13 қыркүйекте Никольск қаласы Сәтбаев қаласы болып ауыстырылады. Алдағы аптада кеншілер қаласының жұртшылығы шаһардың 50 жылдық торқалы тойын арқа-жарқа атап өтпек. Осы жарты ғасыр тойы қарсаңында біз қала әкімі Шапағат Әубәкірге жолығып, қаланың келешегі, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы ой бөліскен едік.
– Шапағат Момынбайұлы, мерейтой құтты болсын!
– Рақмет! Бұл тұтас өңірдің тойы ғой. Ұлытау обылысы қайра құрылғалы бері өңірімізде осындай мерейтойлар көптеп өтіп жатыр. Былтыр өндірісті өңір Жәйрем кентінің 50 жылдығын, биыл қазыналы Қаражал қаласының 60 жылдығын тойладық. Енді, міне, кеншілер шаһары Сәтбаев қаласының жарты ғасырлық тойы да келіп жетті.
– «Сабақты ине – сәтімен» демей ме дана қазақ. Мерейтой қарсаңындағы сұхбатымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі Жолдауымен тұспа-тұс келді. Ендеше әңгімемізді де осы саяси маңызды құжаттан бастасақ.
– Әрине. Бұл Жолдаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Ол – бүгінгі қолданыстағы дүниелерге басымдық беруі. Яғни, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп назарымыздан тыс қалып жататын жайттарға қайра мойын бұрғызып отыр. Бұл – су мәселесі, бұл – цифрландыру, бұл – білімнің сапасы, бұл – коммуналдық сала.
«Судың да сұрауы бар» деген балалар сөзін қайра жаңғыртты Мемлекет басшысы. Қазір суды қалай болса солай пайдаланып, ертең бір тамшы суға зәру болып қалмауды ойлау керектегін тағы ескертті. Коммуналдық салада жылу мәселесін шешудің жолдарын қарастыру, түйінін тарқату уақыт күттірмейтін шаруа екенін де еске салды. Тағы бір маңызды мәселе – атом электр сатнциясын салуға қатысты да Президент ұтымды ой тастады. Ол – осы шаруаны жүзеге асыруды халық болып шешу. Яғни референдум арқылы елдің келісімімен жасау. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын аттап өтпей, елдің қоғамдық іске деген көзқарасын бұруы. Бұл ісі де көңілге қонымды…
– Сөзіңізді бөлгеніме кешірім сұраймын. Жалпы, Жолдау жүктеген міндеттер жайлы кейін кеңінен сөз қозғайтын боламыз. Қазір негізгі тақырыбымызға ойыссақ. Сіздің Сәтбаев қаласына әкім болып келуіңіз қаланың 50 жылдық мерейтойымен сәйкес келді. Бұл өз алдына үлкен жауапкершілік жүктегені де сөзсіз. Алда ауқымды жұмыстар тұрды. Жұмысты неден бастадыңыз. Не нәрсеге басымдық бердіңіз?
– Қарап отырсақ, халыққа көп нәрсенің керегі жоқ. Халықтың көңілінен шығу үшін ең бірінші елдің арасында жүруіміз керек. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» демей ме халық. Сол елмен бірге елді мазалайтын өзекті деген мәселелерді бірлесе шешуге ынталы болсаң олар сенен басқа ештеңені талап етпейді. Мен соны түсіндім. Және осы бағытты берік тұстандым. Ал, елді мазалайтын мәселелер – жол, жылу, инженерлік-коммуникациялық желілірдің қолжетімділігі. Мен өз жұмысымды осыларды дұрыс жолға қоюдан бастадым. Жолдарды жөндеуге бағытталған жоспарларды талапқа сай жүзеге асыруға баса назар аудардым. Оған қаланың депутаттар корпусы мен қоғам белсенділерін, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерін тарттық. Осы орайда жаңадан сайланған қалалық мәслихат депуттаттарының ықпалы зор болды. Депутаттардың өзі сайдың тасындай дейтіндей, іскер, жұмысқа жаны ашитын, тіпті жергілікті биліктің өзінің терін сығып алатындай азаматтардан жасақталды ғой. Міне, сол азаматтар жолдың әр шаршы метірі үшін мердігерлерден сапалы жұмыс талап етті. Соның арқасында қалада биыл 25 мың шаршы метр жол ағымдағы жөндеуден өтсе, 7,7 шақырым жол орташа жөнделуде. Сапасын уақыт көрсетер. Бірақ, өзіміздің пайымдауымызша жаман болған жоқ.
Осы жерде мына бір мәселеге де тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Жол жөндеу жұмыстарының созылып кетуіне қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізу себеп болып отыр. Жаңа талап бойынша орташа жөндеуден өтуге тиісті жолдарға арнайы сараптама жасалуы керек екен. Бұл бұрын болмаған үрдіс еді. Осыдан барып, жылдың басында өткізілген конкурстар қадағалаушы органдар тарапынан тоқтатылып, қайтадан, жаңартылған заң шеңберінде конкурс өткізілді. Оның процедуралары енді аяқтадып жатыр. Жалпы алғанда, биылғы жоспарланған жол жөндеу жұмыстары толық аяқталатын болады. Негізінен бұл жұмыстар қаланың төменгі бөлігіндегі 6 көшенің жолдарына қатысты. Бұл көшелердің ұзындығы аса қашық емес. 600-700 метр. Сондықтан оларды күздің бірер айында толық аяқтап шығуға мүмкіндік бар.
Жалпы, қаладағы жол жөндеу жұмыстары мүмкіндігінше уақытылы жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы елдің көзқарасы жақсы. Алғыстарын да айтып жатыр. Мұны біздің жұмысымызға берілген баға деп қабылдадық.
Мұның сыртында қаланың шығыс аумағындағы мұсылмандар қорымына баратын жолдар да қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұған жоғарыда айтып өткен 25 мың шаршы метрден бөлек, 2600 шаршы метрге қосымша келісім-шарт жасалынды. «Өлі разы болмай, тірі байымыс» деген тәмсіл тұрғысынан келгенде бұл бір жағынан сауапты іс деп қарадық. Өмірден өткен мұсылман бауырларымызды ақтып сапарға алып бара жатқанда ойқы-шойқы жол елдің жүруіне қолайсыздық тудырушы еді. Енді ол «азаптан» құтылды. Бұл да елдің ризашылығын тудыруда. Орталық көшелердің бәрі қалпына келген. Енді түрен төменгі аймаққа түсуде.
Елдің жергілікті билікке шағым түсіруіне себеп болатын тағы бір жайт – ауланың жайы. Бұл мәселелер де биыл шешімін тауып жатыр. Аулаларды абаттандыруға биыл жылдағыдан да қомақты қаржы бөлінді. Осы жерде мына бір мәселеге де ерекше тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Ол – қаладағы апатты үйлердің жайын. Қазір қалады мұндай 21 үй бар. Осы үйлердегі тұрғындардың тағдыры мен үшін өте өзекті. Қатты алаңдатады. Сондықтан да біз қала тарихынды тұңғыш рет Алаш көшесіндегі апатты жағдайда деп танылған екі подъезді, 3 қабатты 15-үйдің тұрғындарын қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуді қолға алдық. Облыс әкімінің тапсырмасымен бюджеттен 18 пәтерлі үйге 351 млн. теңге бөлінді. Осы сома тұрғындарға өтемақы ретінде беріліп, олар апатты үйден көшірілді. Қазір үй толық босап тұр. Мұндай жағдай бұрын болмаған. Келесі жылы да осындай апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспаналармен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынатын болады. Әрине, бәрін бірдей жаңа жайға қоныстандыруға қаланың шамасы келмейді. Бірақ, шамамаз келгенше бұл жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Қаламызда екі жүзден астам ескі ағаш үйлер бар. Біз осы үйлерді де кезең-кезеңімен заманауи үйлермен алмастыруымыз керек. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі нәрселер.
– Әңгімеңіздің ауанынан байқап отырмын, бұл жұмыстар сіздің қалаға әкім болып келгенде қолға алған шаруаларыңыз сияқты. Әрине, олар өз кезегінде бір сыдырғы жүзеге асырылып жатыр екен. Ал, енді қаланың 50 жылдық мерейтойы шеңберінде қандай жұмыстар жоспарланды. Олар қалай жүзеге асырылып жатыр. Әңгімені енді осы арнаға бұрсақ.
– «Той атымен тон бітеді» деген тәмсіл бар ел арасында. Дәл айтылған сөз. Осы жарты ғасырлық мерейтойдың арқасында қаламызда ауқымды жұмыстар жоспарланды. Оған облыстық деңгейде қолдау, көмек те болды. Нәтижесі жаман емес. Сол жоспарлардың арқасында қаланың әлеуметтік әлеуеті артып, абаттандырылып жатыр. Бұл бағытта мен жылдағы жоспарланатын жұмыстардан бөлек, осы мерейтойға орайластырылған шараларға кеңірек тоқталғым келіп отыр. Соның бірі де бірегейі, сонау жылдардан бірі жөндемді жөндеу көрмеген «Юность» стадионы қайра қалыпқа келтіріліп, елдің игілігіне берілді. Қазір мұнда жұртшылықтың жеңіл атлетиканың кез-келген түрімен айналысуына мүмкіндігі бар. Стадион қаланың спортқа жақын, оны дамытуға әлеуеті жететін жандардың сенімді басқаруына берілді. Олар стадионды күтіп ұстап, онда жастардың спортпен шұғылдануына, жалпы спорттың бұқаралығының артуына мүмкіндік жасайтын болады.
Екінші бір ауыз толтырып айтатын нәрсе, 50 жылдық аясында қалада балалар үшін 20 ойын алаңы мен 20 жасанды желек төселген футбол алаңдар салынып, жабдықталып, пайдалануға беріліп жатыр.
Үшінші бір жақсы жұмыс деп айтуға болатын іс – қаланың МЖК деп аталатын шағын ауданын жаңғырту. Бұл жер де ұзақ жылдар бойы жөндемді жөндеу жүргізілмеген аймақ. Жарты ғасырлық тойдың елге әкелген бір жақсылығы, сол аудандағы 10 үйдің қасбеттері боялып, жолдары жаңғыртылды. Балаларға арналып жаңа алаңдар жабдықталды. Аулалар абаттандырылды. Жалпы, бұл ауданның жер рельефінің өзі ерекше. Бір үй жоғарыда, бір үй төменде. Ауданды абаттандыру да осы жер бедеріне сәйкес жасалуда. Осылайша 50 жылдықта «МЖК» айтарлықтай жаңарып, тың серпіліс алғалы тұр.
Мұндай жаңғырту жұмыстары ел ауызекі «Көгілдір дунай» атап кеткен аймақта да жүргізілді. Қаланың төменгі бөлігіндегі ленинградтық үлгідегі төрт үйдің ортасындағы аула бұрын соңды жөнделмей, құлазып жатушы еді. Сол жер асфалтталып, балалар алаңы мен спорт алаңдары орнатылды. Осы жерде енді жаңадан футбол алаңы да салынады. Бұл да осы 50 жылдықтың шеңберінде атқарылған жұмыс.
Тағы бір ерекше тоқтала кететін әңгіме, «Қазақмыс» корпорациясының қаланың 50 жылдық тойына тартуы. Бұл мақсатта компания қаламыздағы «Кеншілер даңқы» алаңын жаңғыртуды қолға алды. Осы бірер айда алаң адам танығысыздай өзгеріп, абаттанады деп күтіп отырмыз.
– Сіз жоғарыда «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы ұстанатыныңызды айтып қалдыңыз. Осы тұрғыда «Ауладағы жүздесу» жобасын да қолға алдыңыз. Бұл жоба қаншалықты нәтиже беріп отыр.
– Нәтижесі ұшан теңіз. Ең бастысы елдің билікке деген сенімін оятты. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының жәй сөз емес, іс жүзінде тиімді тәсіл екенін және оның нәтиже беретінін де көрді ел. Мен жеке парақшама келіп түскен арыз, шағымның кез келгенін назарға аламын. Сол шағым бойынша тұрғындардың айтқан көшесіне, ауласына барып елмен жүздесемін. Оған өзіммен бірге сол көтерілген мәселеге жауапты бөлімдердің басшыларын да ал барам. Ел ойындағысын ашық айтады. Басшылар да мейлінше ашық жауап береді. Болатынын болады, болмайтынын болмайды деп ашық айтады. Сондай-ақ, неге болмайтынын мейлінше түсіндіреді. Осындай екі жақты ашық диалогтың арқасында қордаланған мәселені шешудің жолдары бірлесіп талқыланады. Әрине, шамамыз келгенше айтылған мәселелерді уақытылы орындауға күш саламыз. Оны елдің өзі көріп, біліп отырады. Бұл жұмыс та келешекте өз жалғасын табатын болады.
– Қаланың тынысын ашып, әлеуетін көтеру үшін қомақты инвестиция тарту қажет. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Облыс ашылғалы бері өңірімізге инвесторлардың келуі айқын аңғарылуда. Бұл бағытта Сәтбаев қаласы да сырт қалып отырған жоқ. Әлігінде айтып өткен апатты үйлердің орнына жаңа, заманауи тұрғын үйлер салуда инвесторлардың көмегіне сүйенбекпез. Қазір қалаға бірлі жарымды инвесторлар келіп, осы бағытта келіссөздер жасап жатыр. Тіпті, қызығушылық танытып, келісімге келетін сыңайлары да бар.
Дейтұрғанмен, іргемізде облыс орталығы жақын орналасқандықтан инвесторлардың дені сол жаққа қарап елеңдейді. Құрылыс, әлеуметтік сала, өндіріс саласына негізделген инвесторлар Жезқазған қаласынан орын алып жатыр.
Соған қарамастан, қаламыздағы жеке және орта бизнес иелері кенді қаланың әлеуетін көтеруде ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Олардың қатары да жыл санап артып келеді. Осы жарты ғасырлық мерейтойға қала кәсіпкерлері де өздерінің қомақты үлестерін қосуда. Қалада жаңадан әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Әрине, шаһарды шырайландыра түсу үшін өзіңіз айтқандай қомақты инвестиция керек. Оған жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері өз үлестерін қосады. Сырттан келемін деген инвесторлар болса оларға есігіміз әрқашан ашық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.