Мыс сапырған Жезқазған шаһарынан 1000 шақырымды артқа тастап, Жамбыл облысының Шу станциясы аумағында орналасқан «Шатыркөл», «Жайсаң» кен орындарына сапарлап барамыз. Жолбасшы — Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Болат Бодықов.
Алғашқы табан тіреген нысанымыз – «Шатыркөл» кеніші болды. Мақсатымыз — кен өндірісінің дамуы мен кәсіподақ ұйымының өркендеуіне үлес қосып жүрген треске қарасты «Шатыркөл» кенішіндегі №24 күрделі тау-кен телімінің үздіктерін марапаттау. Темірлан Тәліповтің басшылығындағы бұл телім «Шатыркөл» кен орнының кеншілеріне жол ашып, үңгілеу жұмыстарын тиянақтылықпен орындап келеді. Осы еселі еңбектің өлшемі ретінде Болат Маратұлы «КәсіпҚорған» кәсіподағының бір топ мүшелеріне алғыс білдіріп, ұйым атынан марапаттады.
— Шалғайда болса да маңдайдағы учаскенің бүгінде бағы жанып тұр. Кен өндірісінде үңгілеу жұмыстары қаншалықты маңызды екендігін жақсы білеміз. Осы салада еңбек еткен маман ретінде Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында трестің тасы өрге домалауда. Өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудағы жетістіктеріңіз, жоспарды орындаудағы табыстарыңыз айрықша. Сонымен қатар, «КәсіпҚорған» кәсіподағының қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, азаматтық ұстанымдарыңызды байқатып келесіздер. Сол үшін ұжым еңбеккерлеріне алғысымыз шексіз.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы әрбір жұмысшының мүддесін қорғау мен ынталандыру, әлеуметтік көмек көрсету сынды бағыттарда іргелі істердің басы-қасынан табылып келеді. Сондықтан біз бір ұйым болып, алға қарай қарышты қадам жасай бермекпіз, — деді комитет төрағасы Болат Бодықов.
Марапаттау рәсіміне Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің Қарағанды шахтапроходкалау басқармасының басшысы Бейсембек Бұлақбаев қатысты. Өткен жылдың өндірістік көрсеткіштері бойынша жоспарды орындау мен қауіпсіздік саясатын жүзеге асыруда еңбектері жоғары бағаланған Бақыт Тілеубаев, Мұқатай Ералиев, Балғабай Әбішев, Қанағат Тағаев «КәсіпҚорған» кәсіподағы атынан марапатқа ие болды.
Еңбек адамдарының мәртебесін асқақтатып, құрметтеп жатқан «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғысымды білдіремін. Мен бұл ұйымда алғашқы күннен мүшемін. Шалғайдағы телімді назардан тыс қалдырмай, елеп-ескеріп жатқан кәсіподақ пен трест басшылығына ризамыз, — дейді марапатқа ие болғандардың бірі Қанағат Тағаев.
Озаттарды үкілеген марапаттау еңбек адамына қанат бітіріп, шабыттандыра беретіні сөзсіз.
Үздіктерді марапаттау жиынында телім басшысы Темірлан Тәліповті әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, ұжым өткен жылдың межелі міндетін мерзімінен бұрын еңсеріп, жосапрды 100 пайызға орындаған. «Шатыркөл» кен орнында кен алты портал арқылы жер бетіне өндіріліп шығарылады. Солардың барлығында да біздің телімнің жұмысшылары жол бастайды. Сондықтан болар бізді «ен байлыққа түрен салушылар» деп атайды. Екі вахтада 100-ден аса адам еңбек етеді. Жұмыс күші негізінен Жамбыл, Түркістан облыстарынан бөлек, Қарағанды облыстарынан және Алматы қаласынан келеді. Өндірістік көрсеткіш бойынша трест көлемінде біздің телім тік және көлбеу үңгілеу жұмыстарын қатар атқарады. Тік үңгілеу әдісі өте қиын болғанымен біз бұл жұмысты да тәжірибеге сүйеніп жүзеге асырып отырмыз. Өткен жылғы жоспар 100 пайызға мерзімінен бұрын толық орындалды. Сондай-ақ, жарақат алудың нөлдік деңгейін қалыптастырдық. Бұл әрине еңбек ұжымының сақтық шараларын барынша орындағанының арқасы деп білемін. Телімде 3 бригада бар. Қазіргі таңда төртінші бригаданы жасақтау жұмыстары жүргізілуде. «Қазақмыс» компаниясы тарапынан кенішке жаңа техникалар берілуде. Бұл біз үшін зор жауапкершілік жүктейді, – дейді Темірлан Уәлиұлы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ, «Мысты өңір».