ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев, сондай-ақ, министрлікке қарасты Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков жұмыс сапарымен Ұлытау облысына келді. Сапар барысында олар облыс орталығындағы бірқатар сауда нысандарында болып, кәсіпкерлермен істің жайы туралы сөйлесті. Соңынан облыс әкімдігінде бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Министрлік өкілдері «Ұлы дала» көтерме-тарату орталығының жұмысымен танысты. Үш терминалдан тұратын орталықта 11 вагон көлеміндегі ұн, жарма және бакалея өнімдерін сақтау мүмкіндігі бар. Сонымен қоса ет пен балық, шұжық өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқыш камераларымен қамтылған екі терминал жұмыс істейді. Кәсіпкер енді еттің жартылай фабрикаттарын шығаратын цех ашып, 10 мың тоннаға дейінгі өнімді сақтай алатын көкөніс қоймасын іске қоспақшы. Бұдан әрі вице-министр Жезқазғандағы «Ұлытау нан» зауыты мен «Samadi mart» гипермакетін аралап көрді. Халықты ас атасымен қамтамасыз етіп отырған нан зауытының қуаттылығы тәулігіне 20 тонна нан өндіруге арналған. Сауда министрлігінің басшылары кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, мұндағы шығарылатын нан өнімдерінің түрлерін көрді. Ал, үстіміздегі жылы ашылған гипермаркетте тұтынушыларға азық-түлік өнімдерінің 50 мыңнан астам ассортиментінің түрлері ұсынылуда.
Сауда нысандарын аралау барысында вице-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу жөніндегі міндеттерді пысықтай келе, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жезқазғанға азық-түлік өнімдерінің барлығы дерлік сырттан жеткізіледі. Логистикалық тасымалдау шығынына байланысты бағаның көтеріліп кететіні жасырын емес. Осыған орай, бағаны қалыпты жағдайда ұстау үшін тұрақтандыру қоры арқылы субсидиялауды жалғастыру, азық-түлік зертханасын ашу жөнінде ұсыныстар жасалды.
Шағын және орта бизнес өкілдерімен болған кездесуді облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков ашып, сөз кезегін вице-министр Қайрат Балықбаевқа берді. Ол Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудағы Сауда және интеграция министрлігінің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Негізгі бағыттары ретінде Қытай, Орта Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Еуропа одағы елдерімен сауда қарым-қатынастарын нығайтуға көңіл бөлінуде. Шикізаттық емес экспорттық тауар көлемін 46,5 млрд. долларға дейін жеткізіп, 5 шекара маңы хабын құру шараларын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Алайда, Ұлытау облысына қатысты нақты ештеңе айтыла қойған жоқ. Кездесуде кәсіпкерлер министрлік өкілдеріне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Мәселен, шағын наубайхана иесі Ә.Шайқымбаев бұрын Қарағанды облысына қарап тұрғанда тұрақтандыру қорынан ұн бөлінгенін, биыл бөлінбей қалғанын айтып көмек сұрады. Қ.Балықбаев бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке өтінім беру қажеттігін, олар өз кезегінде облыс әкімдігіне жолдайтынын айтты. Тағы бір кәсіпкер өңірде аккредиттелген азық-түлік зертханасын ашуды сұрады. Бұған байланысты вице-министр 2018 жылға дейін Жезқазғанда «Ұлттық сертификаттау-стандарттау орталығы» АҚ филиалы жұмыс істегенін, кадрлар жетіспеушілігінен жабылып қалғанын айтты. Негізінде зертханалардың жеке кәсіпкерлік нысаны болып табылатынын, оларды құру үшін жетілдірілген құрал-жабдықтар, жалақы, коммуналдық қызмет сияқты және басқа да шығындарды жабатын көп көлемде инвестиция салу қажеттілігі туындайтынын түсіндірді. Кәсіпкерлер басқа да сауалдары бойынша тиісті түсініктеме алды. Кездесу соңында вице-министр БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Амандық РАХҰЛЫ.