Әубәкір Құсайынов
Қазақ кеншілерінің даңқты шежіресінде есімі ерекше аталатын тұлғалардың бірі – Социалистік Еңбек Ері Әубәкір Құсайынов. Ол 1926 жылы Қарағанды облысы, Қарсақбай поселкесінде дүниеге келген.
Алғаш еңбек жолын 1946 жылы ФЗО мектебін тәмамдағаннан кейін көмір шахтасында электрслесарь болып бастады. Кейін колхозда зоотехник те болған. 1956 жылдан бастап Жезқазған кен-металлургия комбинатының №44 шахтасында забойшы, кейін комплексті бригаданың бригадирі қызметін атқарды.
Әубәкір Құсайынұлы еңбек ете жүріп, бұрғылаушы, қопарғыш, скреперші сынды тау-кен мамандықтарының барлығын меңгерді. Кенішке келген жаңа өздігінен жүретін техникаларды алғаш игергендердің бірі болды. 1963 жылы №44 шахтаға енгізілген жаңа жабдықты оның бригадасы қысқа мерзімде игеріп, өндіріске тиімді қолданды. 1964 жылы бұл тәжірибе Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде көрсетілді.
Әубәкір Құсайыновтың бригадасы әрбір забойшының өнімділігін едәуір арттырып, жеті жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады. Қажырлы еңбегі үшін «Құрметті кенші» атағына ие болып, бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар Жезқазған қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Оның қажырлы еңбегі Отан тарапынан да жоғары бағаланды. 1966 жылдың 20 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Әубәкір Құсайыновқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Даңқты кенші 1979 жылы дүние салды. Артында ел еңсесін көтерген еңбектің жарқын ізі қалды.
Қазымхан Кентаев
Қазақ кеншілерінің еңбек даңқын асқақтатқан арда азаматтардың бірі – Қазымхан Кентаев (1936–1994). Ол қарапайым жұмысшыдан Социалистік Еңбек Ерінің биігіне дейін көтерілген қажырлы еңбектің иесі.
Қазымхан Кентаев еңбек жолын 1953 жылы «Крестозапад» шахтасында бастап, кейін Жезқазған кеніштерінде жұмыс істеді. Ұзақ жылдар бойы Оңтүстік Жезқазған кенішінің № 44 шахтасында еңбек етіп, кейін №65 шахтадағы тазалау бригадасының бригадирі болды. Кен өндіру ісінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, 8-ші бесжылдықта ерен еңбек үлгісін көрсетті. Алғы шептегі тәжірибелі кенші ретінде әріптестерін ұйымшылдыққа, еңбекке адалдыққа баулыды.
Қазымхан Кентаевтың өмір жолы қарапайым еңбектің қадірін, маңдай тердің бейнетін жақсы білетін ұрпаққа өнеге боларлықтай. Ол өндірістің қиын-қыстау кезеңдерінде тау-кен жұмысын жетік меңгеріп, ұжымдастары арасында алдыңғы қатарда жүрді. Кен қабаттарын ашу, кенді мол өндіру ісінде өзінің шеберлігімен, қажырлы еңбегімен көзге түсіп, еңбек өнімділігін арттыруда өзгелерге үлгі болды. Осы еңбектері үшін Қазымхан Кентаевқа 1971 жылы КСРО-ның ең жоғары марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Даңқты кенші 1994 жылы өмірден өтті. Оның өнегелі жолы мен ел игілігі үшін атқарған еңбегі әрдайым құрметпен еске алынады.
Демберген Баймағамбетов
Жезқазған кеншілерінің даңқын асырған ардақты еңбек адамының бірі – Демберген Баймағамбетов (1932–2020). Ол Қостанай облысы, Жетікөл ауданы, Аманқарағай ауылында дүниеге келген.
Өндірістегі еңбек жолын 1951 жылы Жезқазған шахталарында забойшы болып бастады. Жарты ғасырға жуық ғұмырын кен өндіруге арнаған ол Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында забойшылар бригадирі болып, еңбек көрсеткіштерінің биік шыңына жетті.
Даңқты кеншінің есімі Мәскеуде жарық көрген «Оныншы бесжылдық ерлері» кітабында құрметті адамдар қатарында аталды. Ол Кеңес кәсіподақтары сыйлығының лауреаты (1982), сондай-ақ Макар Мазай, Алексей Семиволос және Михаил Путин атындағы дипломдардың иегері болды.
Өндірістегі қажырлы еңбегі үшін 1976 жылы Демберген Баймағамбетовке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Кейін ол Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атанды.
Жарты ғасырлық еңбек ғұмырын ел игілігіне арнаған ардақты кенші 2020 жылы өмірден өтті. Оның аты ел есінде еңбегімен қалған тұлға ретінде мәңгілік сақталады.

