Ұлытау облысы Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Музейлік кездесу. Алтын қор» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, сценарист, кинорежиссер, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Кенжебай Ахметовтың 60 жас мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетінің саңлағы» атты музейлік кездесу өтті.
Кездесу Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшеновтің орындауындағы «Ұлытау» әнімен шымылдығын ашып, мерейтой иесін қошемет көрсете төрге орналастырумен жалғасын тапты.
Музейлік кездесудің алғы сөзі «Ұлытау және ұлт» журналының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Батырбек Мырзабековке берілді.
Кездесуге мәдениет саласының басшылары, зиялы қауым өкілдері, құрметті ардагерлеріміз, БАҚ өкілдері, ағамыздың замандастары, әріптестері, қоғам белсенділері, шәкірттері және мектеп ұстаздары жиналды.
Жүргізуші мерейтой иесі, кештің басты қонағы Кенжебай Кәрібозұлын құттықтап, өмір жолы мен, елеулі еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау бүгінгі кештің басты мақсаты екеніне тоқталып өтті.
Сонымен қатар, кеш қонақтары сан салалы дарын иесінің көпшілік жақсы біле бермейтін бірнеше қырларымен экран арқылы танысып, Кенжебай Кәрібозұлының сценарийімен дайындалған көркем фильм үзінділері (триллерлер) мен театрлық қойылымдарының бейнесюжеттерін қызықтады. Артынша кездесу кешін ұйымдастырушылары дайындаған «Сағым жылдар» атты слайд көпшілікке ұсынылды.
Кездесуде «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, ғалым, металлург Төлеген Бүкіров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы, Ұлытау облысының Құрметті азаматы, ақын Мұқаш Сейтқазинов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналистика саласының ардагері Базарбай Әлеуханұлы, Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің директоры, Ы. Алтынсарин белгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, ақын Светлана Жумкина, Астана қаласынан келген шәкірті, Астана қаласындағы «Кәусар» баспасының директоры, баспагер, журналист Қуат Құрмансейіт, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының басшысы Бағдат Байжантаев, «Неге солай» фильмінде негізгі кейіпкерді сомдаған Жезқазған политехникалық колледжінің студенті Абдулрасул Нұртазин сөз сөйлеп, тілектерін білдірді.
Кездесуде Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, ҚР еңбек сіңірген артисі, Тайжан ақынның әндерін жинақтап, насихаттаушы, Жезқазған қаласының және Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ғалым Мұхамедин және Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық байқаудың бас жүлдегері, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ардақ Мұқышев дәстүрлі ән өнерінің ғажайып тылсымымен қонақтарды тәнті етті. Кеш қонақтарына мерейтой иесінің өмір жолы, шығармашылығы жайында арналып жасалған буклеттер таратылды.
«Қазақ әдебиетінің саңлағы» атты музейлік кездесудің соңында музей ұжымы атынан кездесудің қонағы Кенжебай Кәрібозұлына дәстүрге сай сый-сияпат көрсетілді.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.