«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС қарасты тау-кен, шахта жабдықтары зауыты мен Жезқазған сервис кәсіпорны еңбеккерлерінің арасында шағын футболдан турнир өтті.
Оған «КәсіпҚорған» кәсіподағы мен «Jastar Bolashaq» Жастар одағы ұйытқы болды. Қос кәсіпорыннан турнирге 6 команда қатысты. Еңбеккерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткен турнирде ала доптың қыр-сырына қанық командалар жеңімпаз атанды.
Шығыс Жезқазған кеніші жобасы бойынша І орынды Анненск шахтасындағы сервистік телім жеңіп алса, ІІ орынды «Сары-Оба» жобасы бойынша Жыланды кенішіндегі сервистік телім еншіледі. ІІІ орын тау-кен, шахта жабдықтары зауытына бұйырды.
– Аталған кәсіпорындардағы еңбеккерлердің жұмыстан кейінгі уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спортқа ынталандыру біздің басты қағидамыз. Сондықтан біз мұндай шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Алдағы уақытта да ала доп бәсекесі жалғасын табатын болады, – деді «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.