Елімізде өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы жақындап қалды. Жаңа Қазақстанның жаңаруы бағытында халық болып үлкен үміт күтіп отырған саяси науқанда сайлаушылар белсенділік танытып қана қоймай, өздерінің құқықтарын да жақсы білу керек.
Осы мақсатта «Адал сайлау үшін» республикалық қоғамдық штабының төрағасы Серік Ақылбай Қаражал-Жәйрем өңірінде өндіріс еңбеккерлерімен кездесті.
Қазыналы өлкеде өткен алғашқы жиын Қаражалдағы «Өркен-Атасу» ЖШС болды. Қала құраушы кәсіпорын ұжымы «Адал сайлау үшін» республикалық қоғамдық штабының төрағасына тақырып аясында көкейде жүрген сауалдарын қойды. Айта кетейік, «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған штабтың республика бойынша 14 өңірде филиалдары жұмыс істеуде. Құрамындағы 150-ге жуық жоғары білікті заңгерлер шалғайдағы елді мекендерде жүздесулер өткізуде. Қарапайым еңбек адамдары сайлаудағы өз құқықтары жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.