Ел экономикасының әлеуетін арттырып, түрлі салада тер төгіп жүрген мамандық иелеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі көңіл бөліп келеді. Еңбек адамының мәртебесін арттыру мен ынталандыру басымдыққа ие бола бастады.
Президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауында да қарапайым еңбек адамына қолдау білдіру мәселесі шет қалмады. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы жылы» деп белгілеп, кәсіп иелеріне деген құрметті одан әрі ұлғайта түсу керектігін атап өтті. Осы негізде біз «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылымдарында еңбек етіп жүрген азаматтар жайында сыр шертуді жөн санадық.
Біздің кейіпкеріміз өндіріспен қатар, атадан-балаға мирас болып келе жатқан саятшылық, аңшылық дәстүрді жалғастырып келе жатыр. Нұрбол Асановтың өндірісте 16 жыл тәжірибесі бар. Ол – еңбек әулетінің өкілі. Ата-анасы «Қазақмыс» корпорациясының құрылымында еңбек етуде. Ал, өзі 2023 жылы компания тағайындаған «Еңбек әулеті» номинациясының иегері атанды. Шығыс Жезқазған кеніші №57 шахтаның ұнтақтаушысы Нұрбол Асанов атқа мініп, аң аулауды өзіне серік еткен. Оның 8 мыңнан аса оқырманы мен 7 миллионға таяу қаралымды қамтыған «Қансонар» Ютуб каналы бар. Нұрбол осы канал арқылы келешек буынды аңшылыққа баулып, қазақ тазысының қасиеттілігін танытуды көздейді. Кейіпкеріміз 2022 жылы аңшылық жайлы қазақ тілінде контент қалыптастырғаны үшін «Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісіне ие болды. Аңшылықты, саятшылықты серік еткен Нұрболдың «Көкарлан», «Сұлудара» деген таза қазақы тазылары бар. Сонымен бірге ағылшынның грейхаунд тұқымына жататын Найд, Эверест атты екі итін де аңшылыққа қосады. Бұлар жылына 15-20 қоян ұстайды.
Нұрбол аңшылықтың да өз ережесі мен қағидаттары барын ескергенді жөн санайды.
– Аңшылық – көзге көрінген аңды қырып тастау емес, нағыз аңшы тазымен, бүркітпен көздегенін алады. Бейберекет қырып салу ол табиғатқа жанашырлыққа да, адамгершілікке де жатпайды. Осыны көбі ескере бермейді. Мен каналым арқылы аңшылықтың қыр-сырын қамтимын, – деді кейіпкеріміз.
Жұмыстан бос уақытын саятшылыққа, спортқа бағыттап жүрген Нұрбол өндіріс озаты. Еңбегіне қарай ұжымында сый-құрметке де кенелді. Өндірісте еңбек етіп жүрсе де ата мұрасын жаңғыртқан Нұрбол Асановтың шаңырағында әке ұлағатын өз бойларында қалыптастыратын екі ұл мен қылықты екі қыз бой жетіп келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.