«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Ұлытау облысы филиалы аймағымыздағы жаңа құрылымдардың бірі. Филиал директоры Сұңғат Ертайұлы Рахымжанов 1982 жылы бұрынғы Семей облысының Абай ауданында туған азамат. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі, Қазақкөлік және коммуникациялар академиясын теміржол көлігінде тасымалды ұйымдастыру және басқару жөніндегі инженері мамандықтары бойынша, сондай-ақ, Қазақ мемлекеттік және жергілікті басқару университетін бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы пойыздарды құрастырушы, одан кейін станса кезекшісі болып бастаған. Өскеменде 2007-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау комитеті инспекциясында жетекші маман, Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бөлім басшысы, 2010-2013 жылдары ҚР Көлікжәне коммуникация министрлігі Көлік бақылау комитетінің сарапшысы, одан әрі Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы, 2014 жылы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік бақылау комитетінде басқарма басшысы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметтерін атқарып, біршама тәжірибе жинақтаған маман. Сұңғат РАХЫМЖАНОВ «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ныңҰлытау облысы филиалын басқаруға Астанадағы «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағында атқарушы директоры болып жүрген жерінен келіпті.
– Сұңғат Ертайұлы, қасиетті Ұлытау өңіріндегі жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз! Қазіргі уақытта мекеменің негізгі жұмыс бағыттары айқындалған болар. Жалпы, облыстағы жолдардың жай-күйі қалай екен?
– Ұлытау облысының аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 961 шақырым желісі бар. Бұлар – негізінен Қарағанды бағытындағы 350, Қызылорда бағытындағы 208, Ұлытау-Арқалық аралығындағы 252 шақырым жолдар. Шет жағасын өздеріңіз де білетін боларсыздар, осы жолдардың қазіргі жағдайы өте нашар. Соның ішінде Қызылорда бағытындағы жолдың жайын халық біршама уақыттан бері көтеріп жүргені белгілі. Бұл жолдың біздің облыс аумағындағы 208 шақырымдық бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары биыл қолға алынбақшы.
– Дегенмен, Жезқазған – Қызылорда жолының құрылысы басталатын болды деген әңгіме жылда айтылғанымен, кейінгі уақытта ел осыған сенбейтін болды. «Әне-міне басталады» деген шаруа өткен жылы да басталмай қалды. Жақында Жезқазған өңіріне келген сапары барысында Үкімет басшысының да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін күре жолдың жобасына назар аударып, оның құрылысы туралы пысықтағаны көңілге сәл сенім орнықтырғандай. Қазіргі жағдай бойынша жол құрылысына қажетті қаржы мәселесі толық шешілді ме, мердігерлер анықталды ма? Бір сөзбен айтқанда нақтылы жұмыс қашан, қай айда басталады?
– Жол құрылысын Азия даму банкі беретін несие арқылы қаржыландыру ұйғарылған болатын. Өткен жылы банк 90 млрд. теңге қаржы бөлетін болғанда, жобаны жүзеге асыруға қатысатын бас мердігер құрылыс жұмыстарына бұл көлемдегі қаржының жетпейтіндігін алға тартып іске кірісуден бас тартты. Уақыт өткен сайын бағаның қымбаттап бара жатқанын ескеріп, биыл Азия даму банкі жол құрылысына 130 млрд. теңге қаржы бөлуге келісті. Қаржы мәселесі шешілген соң жол құрылысына мердігер тарту жөніндегі конкурс жарияланды. Қашықтығы 208 шақырым жол өткен жылы 4 лот бойынша тендерлік ұсынысқа түскен еді. Биыл біз осыған өзгеріс енгіздік. Жол учаскелерін әрқайсын 26 шақырымнан 8 кезекке бөліп, қайта жаңғырту көзделуде. Сметалық құнына қайта есептеу жүргізілді. Үстіміздегі жылғы 31 наурызда жарияланған тендердің құжаттарына осы өзгертілген шарттардың талаптары енгізілді. Енді алдағы мамыр айында конкурс нәтижесі бойынша мердігерлер анықталып қалар деп отырмыз.
– Сонда маусым айында жол құрылысы басталады деп айтуға бола ма?
– Халық біршама уақыттан бері көтеріп жүрген күрежол құрылысының тезірек басталуына біз де мүдделіміз. Дегенмен, маусымда бола қоймас. Мердігер анықталған соң жабдықтарды жұмылдыру, келісімшартқа қол қою рәсімдері сияқты шаралар жүргізіледі. Осының бәрін ойдағыдай өткерген соң жол құрылысы шілде айында басталады деп жобалап отырмыз. Бұл жол Президенттің тікелей бақылауындағы үлкен жоба. Сондықтан барынша қысқа мерзімде бітіруге күш салынады. Жоспар бойынша жолды толықтай жаңарту жұмыстары 2025 жылдың соңында аяқталуға тиіс. Ек ібағыт бойынша екі көлік қатарынан жүретіндей, төрт қатарлы жол бірінші класты деңгейде болады.
– Биыл Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жолдың да қайта жаңғырту жұмыстары басталады деп еді. Бұл жобаның қазіргі жайы қалай болып жатыр?
– Иә, екіншіүлкенжобамызҚарағандыбағытындағы осы жол құрылысы болып отыр. Қазіргі таңда жолдың 433-788 шақырымындағы «Жезқазған – Қарағанды» учаскесі бойынша қайта жаңғырту жобасына ЖСҚ әзірленуде. Қашықтық аралығы 355 шақырым болатын жол 7 учаскеге бөлінеді. Бес учаске бойынша сметалық құжат әзірлеуге келісімшарт бойынша 797 млн. теңге қарастырылған. Қазірде оның 527 млн. теңгесі игерілді. Төрт жобалаушы компания жасап жатыр. ЖСҚ әзірлеу кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде 40 шақырымдық бір учаскенің сметалық құжаттарын әзірлеу толық аяқталып, тиісті министрліктің келісіміне жіберілді. Енді одан әрі мемлекеттік сараптамаға жолданады. Қаржы жөнінен Евразия банкісімен сөйлесіп жатырмыз. Бәрі ойдағыдай өтсе шілде айында конкурс жарияланады. Бұл – Жаңаарқадан әріқарайғы бағыттағы 40 шақырымдық бөліктің 28 шақырымы Ұлытау облысының аумағына жатады.
– Өңір тұрғындары жиі көтеріп жүрген маңызды бағыттардың бірі Ұлытау – Арқалық автожолы. Солтүстік аймақпен қалыпты қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін бұл жолдың облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын орны зор екені белгілі. Қолға алынуы биылға жоспарланған еді, жөндеу жұмыстары қашан басталады?
– Бұл бағыт республикалық деңгейде «Жезқазған –Петропавл» автожолы деп аталады. Үстіміздегі жылы Ұлытаудан Арқалыққа қарайғы 143-163 шақырымындағы учаскеге орташа жөндеу жүргізіледі. Республикалық бюджеттен 2 млрд. 131 млн. теңге қаржы қарастырылған еді. Содан биылғы жылға 883 млн. теңге берілетін болды. Жарияланған конкурс нәтижесі бойынша мердігер ұйым анықталды. Біздің тапсырысымыз бойынша 20 шақырымдық жолға «ДорСтройМатериал 21» ЖШС орташа жөндеу жұмыстарын жүргізетін болды. Қазір жұмыс көлемі бойынша келісім шарт жасалды. Мердігер осы сәуір айының аяғына дейін жұмысты бастаймын деп отыр.
– Байқауымызша, республикалық маңызы бар үш бағыттағы жолдар бойынша қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстары бірер жылда біте қоятындай жоба емес екені көрініп тұр. Күрежолдың бойындағы қозғалыс жылдың төрт мезгілінде де бір сәтке тоқтамайтыны белгілі. Үлкен жобалар жүзеге асқанша осы жолдар арқылы қалыпты қарым-қатынастың үзілмеуі үшін қандай шаралар қолға алынбақ? Жолдык үтіп ұстайтын мүмкіндіктеріңіз бар ма?
– Облыс аумағындағы республикалық маңызға ие автожолдарды күтіп ұстауды біз қадағалауға тиіспіз. Қазірде көп шаруа қаржыға келіп тіреледі ғой. Автомобиль жолдарын күтіп ұстаудағы белгіленген норматив бойынша үстіміздегі жылы 2,5 млрд. теңге қаржы қажет болатын. Нақты бөлініп отырғаны 1,2 млрд. теңге. Жолдарды күтіп ұстауға қатысты жұмыстармен тікелей «Қазақавтожол» ЖШС айналысады. Қолдарында қажетті 32 бірлік техникасы бар. Облыста 3 жол пайдалану учаскесі (ДЭУ) жұмыс істейді. Атап айтқанда Жезқазғандағы ЖПУ-44, Жаңаарқадағы ЖПУ-43 және Ұлытаудағы ЖПУ-78 арнайы жол жөндеу жұмыстарымен айналысатын мекемелеріміз болып табылады. Қысқы борандарда жол тазалау, көктемгі су тасқыны қарсаңында су өткізетін құбырларын аршу, жолдың ой-шұңқырын тегістеу сияқты жұмыстар ұдайы назарда болады.
– Дұрыс болған екен. Ал, енді өңірімізге үлкен жолды әкелетін жобалардың сәтімен жүзеге асуына ел үмітін үзбей қарайтын шығар. Жолға шыққан жолаушылардың сапары оңынан болсын дейік!
Амандық РАХҰЛЫ.