«Қызыл су басып жатқан жолдарда қажет болса, Полиция Департаментімен бірлесіп автокөлік қатынасын шектеу қажет. Адам қауіпсіздігі – бірінші орында. Елдімекендер тұрғындарын азық-түлікпен қамту, шұғыл жағдайда қатынауына Төтенше жағдайлар департаментімен бірге керекті көмек қолын созуды тапсырамын».
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірлерді су басу қаупін сейілтуге орай өткізген шұғыл кеңесте қала, аудан әкімдері мен сала мамандарына осындай міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді. Жиында аймақ басшысы кезекшілік жұмыстарын түнгі мезгілде күшейту міндетін алға қойды. Бұл шаралар, әсіресе, жолдарды қызыл су шайған өңірлерде күшейту қажеттігі айтылды.
Орайы келгенде айта кетейік, өңіріміздің көптеген аймақтарында жолдар мен елдімекендерді қызыл су басу қаупі зор екені айтылуда. Мәселен, Ұлытау ауданында Сарлық аулына баратын тас жолдың үстімен еріген қар суы ағып жатқандығы туралы хабарлама түскен. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен мәселе дер кезінде қолға алынып, жол жиектеріне қапшықпен құм қойылып, жолды су шаю қаупі сейілді. Қазіргі уақытта еріген қар суының ағып жатқан аумағы ені – 100 метр, тереңдігі – 20-25 сантиметр болады.
Сондай-ақ, Қорғасын ауылына кіреберіс 0-27 шақырым жолының 6,5 шақырымында су құбырының өткізу қарқыны жетпей тас жолдың үстінен еріген қар суы ұзындығы 40 метр, тереңдігі 50 см асып ағып жатыр.
Аталған аймақтар бойынша үздіксіз кезекшілік кестесі қойылған. Өту қажеттілігі туындаған жағдайда адамдарды сақтықпен өткізу мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні өңірдің барлық бағыттарындағы жолдар қатаң бақылауда. Әсіресе су басу қаупі бар аймақтарда бұл жұмыстар жіті жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Жезқазған – Петропавл автожолының (Арқалық арқылы) 137-149 шақырымында қауіпті учаскелерді су басудан сақтау үшін бекіткіш біліктер орнатылуда. Ол үшін 1 тиегіш және 1 шансиман жұмылдырылды.
Осы бағыттағы автожолдың 137-252 шақырымы «ГАЗель» автокөлігінің көмегімен, 120-163 шақырымы «Нива» автокөлігінің көмегімен патрульдік бақылауда. Патрульдеу жұмыстары үшін барлығы 7 бірлік көмекші персонал жұмылдырылды.
Өңіріміздегі кейбір облыстық маңызы бар жолдарды да су басу қаупі зор. Әсіресе, «Жезді – Қарсақбай – Байқоңыр – Қоскөл» облыстық маңызы бар автомобиль жолының учаскелерінде су өту фактілері тіркелді. Аталған жерде 3 су өткізгіш құбыры бар, алайда құбырлардың су өткізгіштігі судың көлеміне төтеп бере алмауда. Қазіргі уақытта көлік қозғалысына кедергі жоқ. Мердігер күшімен 6 адам 3 бірлік техника тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда, ескерту белгілері қойылған.
«Қаражал – Атасу» облыстық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңарту учаскесінің 12 шақырымдық уақытша айналма автомобиль жолында қардың қарқынды еруіне байланысты, айналма жол үстімен су өту фактісі тіркелді. Автокөліктердің жүруіне кедергі жоқ. Мұнда да 6 адам, 3 бірлік техника тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, ескерту белгілері қойылды.
Ал, Жаңаарқа ауданының Орынбай ауылына қарасты «Ауа» және «Айт-
қожа» шаруа қожалықтарының мал қоралары мен үй-жайларын су басу қаупі басым екендігі мәлім болды. Төтенше жағдай ауыл маңындағы тоғанға құйылған қызыл судың бөгеттен асып тасуынан орын алған. Бөгеттен асқан су шаруа қожалығының үйлері мен мал қораларының маңына 1,5 шақырымдай аумақта жайылып келген. Алайда, алдын ала жасалынған жұмыстардың нәтижесінде еріген қызыл су «Жаман Сарысу» өзеніне қарай құйылып жатыр. Қазіргі уақытта ықтимал апаттың беті қайтып, елдімекендерге қауіп сейілген. Өңір мамандардың бақылауында.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.