С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
Жалпы байқаудың бірінші кезеңіне отызға жуық отбасы қатысты. Облыстық кезеңге өткен 5 үздік отбасыға құрмет көрсетілді.
Сонымен, «Мерейлі отбасы» байқауының «Үлгілі отбасы» аталымын жезқазғандық Айтмұхановтар әулеті иеленді. Сәтбаев қаласынан қатысқан Сыздықовтар отбасы «Берекелі шаңырақ» аталымына лайық деп танылды. «Белсенді отбасы» аталымын Қаражал қаласынан қатысқан Наукеновтер отбасы еншіледі.
Қазылардың шешімімен «Өнерлі отбасы» аталымы Айтжановтар отбасы бұйырды. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы жеңімпазы Қыдырпатшаевтар әулеті деп танылды.
Әулеттің үлкені Ұлытау ауданы, «Жетіқоңыр» совхозында аға шопан болған. Сол шақта Еділбай қойының басын өсіріп, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, елдің қадірлісі атанды. Қой бағудағы жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ 40 жыл бойы аға шопан болып еңбек атқарған кезде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 4 алтын медалін иеленді. Қазіргі уақытта Ұлытау ауданының Құрметті азаматы. Қыдырпатшаевтар отбасында 9 бала, 47 немере, 35 шөбере тәрбиелеп отыр.
Байқау жеңімпазы атанған Қыдырпатшаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атағына ие болып, Астана қаласында өтетін республикалық марапаттау салтанатына қатысатын болады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.