Экономиканың даму көрсеткішіне ие саланың бірі – құрылыс. Өндіріс ошақтары шоғырланған біздің өңірде әлеуметтік маңызға ие нысандардың бой көтеруіне ықпалды күш ретінде құрылысшылардың еңбегі ерен.
Мұнан бөлек «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс орындарының құрылыс және жөндеу жұмыстарын атқарып отырған ірі құрылым – Құрылыс-монтаждау басқармасының жан-жақты бағыттарының арқасында ғимараттар мен кәсіпорындардың жұмысы өріс алып отыр.
Бірнеше мәрте қайта құрылымдаудан өтсе де құрылыс-монтаждау басқармасының аймақ құрылысындағы орны айрықша. Кезінде құрыш қолды құрылысшылардың басы біріккен басқарма сол қарқынынан бәсеңдеген жоқ. Бүгінгі таңда 274 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекеменің құрылысшылары тек Жезқазған өңірін ғана емес, Қарағанды, Балқаш, тіпті бір кездері Өскемен өңіріне дейін барып, сапалы жұмыстарымен көзге түскен болатын.
Дарқан Бейсембаев тізгінін ұстап отырған басқарманың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында құрыш білекті құрылысшыларымен мереке қарсаңында тілдесіп қайтқан болатынбыз.
«Қазақмыстың» өндірістік нысандарында жөндеу жұмыстарында жүрген құрылысшылардың қарқынды қадамы қуатты құрылыстың негізі болып отыр.
Берік Әбілмәжин, Нұрлан Қасымов, Саят Сыздықов, Болат Сықымов, Бауыржан Әжібаев сынды «Құрметті құрылысшы» атағын иеленген майталмандар топтасқан ұжымның еңбеккерлері құрылыс қарқынын бәсеңдетпей келеді.
Еңбектері ерен құрылысшылардың арасынан озат еңбеккер ретінде жастарға үлгі болып жүрген тәлімгерлердің мықты мектебі қалыптасқан. Сондай білікті де тәжірибелі маманның бірі – Өмірзақ Маханшаев. Құрылыс саласында 42 жыл тәжірибесі бар ағаш шебері Өмірзақ Елеусінұлы еңбек жолын Өзбекстан мемлекетіндегі Зарафшан қаласындағы құрылыс-жөндеу цехында бастаған. 2003 жылға дейін аталмыш цехта ағаш шебері болған кейіпкеріміз 2004 жылы Жезқазғанға қоныс аударып, осы басқармаға жұмысқа орналасты.
Өмірзақ Маханшаев осы 19 жыл ішінде өңірде бой көтерген әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысына белсене атсалысты. Сәтбаев қаласындағы спорттық-сауықтыру кешені, сол шаһардағы орталық мешіт пен шіркеу, Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театры сынды бірнеше нысандарда қолтаңбасы қалды.
Берік Әбілмәжиннің жетекшілігіндегі телімнің білікті маманы кәсібінің қыр-сыры жайында былайша әңгіме өрбітті:
– Құрылыс – бірнеше кәсіптің басын біріктірген сала. Сондықтан оның қызметі де ауқымды. Мен ағаш шебері ретінде сүргі мен балғаны қолыма алғалы да 42 жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде кәсіби тұрғыдан жетіліп, шыңдалдым. Жезқазғанға қоныс аударғалы осы басқармада үздіксіз еңбек етіп келемін. Ұжымымыз – тату, бірлік пен берекенің арқасында табысқа қол жеткізіп келеміз. Бір телімде қатар еңбек етіп жүрген ағаш шеберлері Саят Сыздықов, Арқабай Аманов деген жігіттердің іскерлігін атап өткен жөн. Екеуі де қолынан өнер тамған шеберлер. Осындай іскер әрі еңбекқор жігіттердің қатарында жүріп, шәкірт тәрбиеледім. Ержан Темешбаев, Нұрлан Жақсыбеков, қазір тәлімімде жүрген Михаил Малыйдың беталыстарына көңілім толады, – дейді Өмірзақ Елеусінұлы.
Өмірзақ Маханшаев салаға сіңірген еңбегіне қарай бірнеше мәрте «Қазақмыс» басшылығының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Аталмыш басқармада 2007 жылы еңбек жолын бастаған Арман Асанғазин құрылыс саласының сатыларынан өтті. Бес жылдай бетоншы болған Арман Төлеубайұлы бригадир, шебер сынды жауапты міндеттерді атқарды. Соңғы жылдары аға шебер ретінде телімнің жұмысының оңға басуына ықпал етіп келеді.
– Біздің телімде 30 адам бар. Монтаждаушы, бетоншы, дәнекерлеуші, тас қалаушы, сылақшы сынды кәсіп иелерінен құралған ұжымның шаруашылығы оңға басып тұр. Қатарымызда монтаждаушылардың бригадирі, «Құрметті құрылысшы» атағының иегері Болат Сықымов бастаған монтаждаушылар Қант Дүржанов, Сабыржан Қожабергенов, ағаш шебері Өтеғұл Бержанов, бетоншы Нұрбол Байторин, ағаш шебері Өмірзақ Маханшаев, тас қалаушы Думанжан Балиманов сынды майталмандар бар.
Бірлікті ту еткен ұжымның арқасында құрылыстың қарқынын бәсеңдетпей келеміз, – дейді Арман Асанғазин.
Арман Төлеубайұлының еңбектегі жолын қызы Зейнеп жалғастырам деген ниетпен Астана қаласында сәулет және құрылыс мамандығы бойынша білім алуда. «Төртінші курстың студенті келер жылы қолына дипломын алып, өлкенің құрылыс саласына үлес қоспақ ниетте», – дейді асқар тау әке.
Өзбекстаннан 2006 жылы Жезқазғанға қоныс аударған Орынбасар Боқановтың бұл басқармада еңбек еткеніне 17 жыл толыпты. Құрылыс саласына 1983 жылы келген Орынбасар Пірәліұлы қазір 6 разрядты слесарь жөндеуші. Басқарма ғимаратының төменгі қабатында орын тепкен цехта техникаларды жөндеумен шұғылданатын Орынбасар Боқановты жұмыс сәтінде жолықтырдық.
– Көлік және механизмдер телімінде басқарманың құрылыстағы техникаларын жөндеп, іске қосумен айналысады. Жұмыстың тоқтап қалмауы үшін бар күшімізді салып, техникаларды уақытында іске қосуға тырысамыз. Жауапкершілігі мол болғандықтан бұл жұмысқа мұқияттылық керек. Слесарь жөндеушілер Азберген Жолдаяқов, Ұлан Әбиев, электргазбен дәнекерлеуші Нұрлыбек Баязиев жүктелген шаруаны ың-шыңсыз атқарып келеді. Соңымыздан еріп, «үйренсем, білсем» деп талпыныс жасап жүрген Марғұлан Қоянбаевтың талпынысы таудай. Осы ұжымға келген күннен бастап барлығы ыстық ықыласпен қарсы алып, жастары «аға» деп сыйлап келеді. Бұл еңбегіммен сыйлы болғанымның белгісі шығар, – дейді емен-жарқын жүзбен Орынбасар Пірәліұлы.
Орынбасар Боқановтың інісі Жарас та осы басқармада аға шебері. Оның да осында келіп, құрылысқа араласқанына 17 жылға жуықтапты. Қызы Гүлжанат та бірнеше жыл сылақшы болып еңбек етті. Қазір Жезқазған байыту фабрикасындағы құрылыс телімінде сылақшы.
Ағаштан түйін түйіп, шеберлігімен көзге түскен маманның бірі – Ақан Есімов. Қызылорда облысы Қазалы ауданында ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен Ақан Саржанұлы 2005 жылы мысты өлкеге қоныс аударады. Содан бері осы басқармада.
Іскерлігінің арқасында көптің көңілінен шыққан Ақан Есімов «Қазақмыс» корпорациясының бірнеше өндірістік нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарына атсалысты. Жезқазған байыту фабрикасы, Жезқазған мыс қорыту зауыты және тағы да басқа өндіріс ошақтарының мезгілімен өнім өндіруінде жеделдетілген сапалы құрылыс жұмыстарының жүргізілуі басты арқау. Сондықтан Ақан Саржанұлы сынды білікті мамандардың кәсібилігі осындай сәттерде сыналады.
– Жезқазған құрылыс-монтаждау телімінде өз мамандығына адалдық танытқан азаматтар топтасқан. Әрқайсысының іскерлігі бір мектеп. Ағаш шеберлері Айдос Әпеков, Мейірбек Аппасов, Саят Сүлейменовтің қолынан шыққан бұйымдардан мін таппайсыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, кем-кетігімізді реттеуде де ортақ ой қосамыз. Жұмысқа деген ынта бар жерде алынбайтын қамалдың жоқтығын біздің жігіттер жақсы біледі, – дейді Ақан Есімов.
Ақанның ағалары да осы басқармада. Асан Саржанұлы монтаждаушы болса, Матығұл ағаш шебері. Жезделері Болат Сықымов білікті бригадир.
Өлкенің өндірісімен қатар маңызды нысандардың тұрақты жұмыс жасап, зәулім ғимараттардың бой түзеуіне өзіндік үлесін қосып отырған басқарманың еңбек озаттары осылай сыр шертті. Ұлытау облысы болып қайта құрылған аймақта құрылыс қарқын ала бастады. Құрылыс-монтаждау басқармасының құрылысшылары да сол жұмыстарға түрен салатын күн де алыс емес. Олай болса, құрыш білекті құрылысшылардың қолтаңбасы қалар ғимараттар көп болсын деп тіледік.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.