Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөз. Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп. Міне, осынау кәсіп арқылы нәсібін тауып, көкпен таласқан ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған жандар аз емес. Солардың қатарында Зибатқали Ыстыбаевтың да еңбегі ерен.
Өмір арнасында өз жолын салған Зибатқали Ыстыбай бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал өткен-кеткен тарихтан сыр шерткенде, өзі еңбек еткен салалардың жілігін шағып, майын ішкен майталман екенін ұдайы аңғартады.
Зибатқали Қасымұлы – қасиетті қарашаңырақ Қарсақбайдың тумасы. Жастайынан құрылыс саласына қызыққан ол қалашықтағы мектепті тәмамдаған соң Қарағандыдағы политехникалық институттың құрылыс инженерлерін даярлайтын факультетіне оқуға түседі. Оқуды жақсы деген бағамен аяқтап, Жезді аудандық ауылшаруашылық мекемесіне келіп аға прораб болып Алғабас кеңшарына жіберіледі. Жұмысқа деген ынтасын байқаған ауданның бірінші хатшысы оны Қарсақбайдағы ПМК-11 «Казводстрой» басқармасына бөлім бастығы етіп жібереді. Зәкең екі жыл ауылшаруашылық жайылымдарын сумен қамтамасыз етуге аисалысып, артизан, тік құдықтар, бөген, тоған салу жұмыстарына басшылық жасайды.
– Мені жерлестерім бірден құшақ жая қарсы алды. Өйткені, құрылыс басында өзге елден келгендер де жететін. «Өзіміздің қара домалақтар құрылысты меңгерсе, тілін тапса несі айып?», – деп, мені қалың топқа қосқан да осы жерлестерім еді. Әрине, өзің таңдап алған мамандық болған соң оны жан-тәніңмен сүйетіндігіңді іспен дәлелдеу керек. Мен соны дәлелдеуге тырыстым. Институт қабырғасында алған теориялық білімімді іс-тәжірибеде ұтымды пайдалана білгеннің арқасы болар біршама уақыттан кейін басшылық назарына іліге бастадым.
Сөйтіп жүргенде 1967 жылы Жезқазған қаласындағы құрылыс техникумына оқытушылыққа шақырту алдым. Жезқазған құрылыс техникумы аймақта құрылысқа мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны болды. Ол 1953 жылы ашылды. Өткен ғасырдың 60 жылдары техникумға басшылық еткен Василий Булгаков Рудник кентінде жаңадан ашылған тау-кен техникумына директор болып ауысуына байланысты Жезқазған құрылыс техникумына жас маман Әубәкір Әпеев басшы болып бекітілді. Одессадан шақырылған мамандар өз елдеріне көшуіне байланысты техникум әкімшілігі жергілікті мамандардың арасынан өндірісте шыныққан, тілін білетідерді қызметке шақырды. Олардың қатарында Сәбит Мұқанов, Қазкен Бірімжанов, Еркін Сақтағанов сынды азаматтар орта буынды техник-құрылысшы кадрын даярлауға абыроймен атсалысты. Құрылыс техникумы құрылысшы-техник, ғимараттардың бөлшек құрастырмаларын зауытта дайындау, құрылыста, өндірісте есеп-қисап жүргізу мамандығы бойынша мамандар даярлады. Ұлағатты ұстаздар С.Гапон, Қ.Сабыров, Г.Мәдиева, М.Оспанов, Юлия Клютконың тәлімінен өткен жастар құрылыс саласының білікті мамандарына айналды. Техникумға кейіннен Бакуадин Дүйсеков директоры болды.
Техникумда шәкірт тәрбиелей жүріп Мәскеудегі инженерлік-құрылыс институтын сырттай оқыдым. «Білгеніңді үйрету — сауапты іс» дейтін баяғыда көнекөздер. Осы сөз санамда жатталып қалғаннан болар, сабаққа келген әрбір студенттің құрылыс саласы жөніндегі таным-түсінігін, оның қызық та қиын сала екендігін ұғындырып, білім көкжиегін аша түсуге күш салдым. Техникалық базаның, құрылыс алаңындағы қызу жұмыстарың шәкірт біліміне білім қосатыны тағы бар. Осының барлығын біріктіріп келгенде олардан мықты маман шығу қажеттігі талап етілетін. Сол талапты орындауға да барынша еңбектендім, — дейді Зибатқали Ыстыбай.
Зибатқали Қасымұлы 1983 жылы Жезқазған мамандандырылған құрылыс басқармасында инженер-құрастырушы, құрылыс учаске бастығы болып еңбек жолын жалғастырды. Осы мекеменің әкімшілік және метал конструкцияларын даярлайтын ғимараттарымен, электр станция мен бірнеше тұрғын үйдің құрылысы Зәкең ақсақалдың қолынан өтті. Білікті мамандардың құрылыс басында болуы салынып жатқан нысандардың сапасының кепілі. Олар тұрғын үйдің қараша халыққа жайлылығына баса мән беретін. Басқармасының әр алуан құрылыс учаскелерінде басшылық жасаған Зибатқали да осы бір қағиданы қатаң түрде ұстана білді.
Кейін өндіріске бет бұрған ол «Қазақмыс» корпорациясының басты ұстанған қауіпсіздік саясатын жүзеге асыру бағытындағы игі шараларына атсалысты. Өндірістегі жарақаттардың алдын алу, адам шығынын болдырмау мақсатындағы жұмыстарда Зибатқали Қасымұлы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 2003 жылы корпорацияның кеніштердегі еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі бойынша бақылау-алдын алу жұмыстары жөніндегі бас инспектор болды. Кеніштердегі апатты жағдайлардың алдын алуға, өндірістік жоспарды толық көлемде орындау сынды жауапты істен де Зәкең ақсақал абырой биігінен көрінді.
«Жезқазғантүстімет» ӨБ оқыту пунктінде де ұстаздық етті. Ол мұнда бірлестік құрамындағы құрылымдардың жұмыскерлері мен қызметкерлерін еңбекте қорғау мен техника қауіпсіздігі бойынша қайта оқытты. Әлі есінде 2005 жылы кен-металлургия өнеркәсібі еңбекшілері кәсіби одағының семинар-кеңесінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттанудың жай-күйі туралы және оны төмендету жөніндегі шараларды, негізгі проблемаларды алға тартты.
Еңбек жолын құрылысшы болып бастап, талайға тәлімді ұстаз атанған Зибатқали Қасымұлының кеудесінде жарқыраған «Еңбек ардагері» медалі мен екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Бір әттеген-айы, осыдан 5 жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан Зибатқали Қасымұлына «Қазақмыс» корпорациясы бойынша қауіпсіздік саясатындағы тыңғылықты атқарған еңбегі үшін бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгіне ұсынылған болатын. Алайда, ол марапат ақсақалдың қолына тимеді. Осыған ақсақал іштей қынжылады. Осы сексен жаста төсбелгіге ие болып қалармын деген үміт сәулесі де жоқ емес. «Мамандығыңның майталманы болсаң, еңбегіңді еліңе жұмсасаң, беделіңнің биіктейтіні анық» деген қағиданы берік ұстанған Зибатқали Қасымұлының саладағы еңбек жолы кейінгі буынға үлгі.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Зибатқали ақсақал ұрпағының қызығын қызықтауда. «Жас келгенде немеренің күлкісі жанға ем», дейтін ақсақал немерелерінің балғын күлкісін жанына жұбаныш етіп отырған жайы бар.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.