Сәтбаев қаласында биыл бірқатар ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жуырда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы сол құрылыс нысандарын аралап, жауапты тұлғаларға қадау-қадау міндеттер жүктеді.
Өңір басшысы кеншілер қаласындағы жұмыс сапарын Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан 56 пәтерлік 4 қабатты тұрғын үй құрылысынан бастады. Бүгінгі күні көпқабатты үйдің ішін сырлау, төбесін жабу, қасбетін қаптау сияқты жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, Сәтбаев қаласында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше маңыз берілген. Қазір шаһарда бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмысымен танысқан облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс барысында жоспарынан ауытқу бар екенін ескертіп, мердігерге адам санын көбейтуді тапсырды.
Өңір басшысы, сондай-ақ, күрделі жөндеуден өтіп жатқан екі балалар бақшасының да құрылысын аралап көрді. «Ақбота» балабақшасындағы жұмыстар «Қазақмыс» корпорациясымен меморандум аясында іске асырылса, екінші бөбекжай білім басқармасы есебінен жөнделуде. Айта кету керек, екі нысанның да құрылыс жұмыстары баяу жүргізілуде.
Облыс басшылығы қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Кенші даңқы» алаңында да болды. Қала әкімі Мұрат Бөрібаев бұл нысанда атқарылып жатқан жұмыстар легі жайлы айтып өтті. Оның айтуынша, жоба екі кезең бойынша іске асады. Биыл субұрқақ құрылысын аяқтап, тақтатастар мен арка жаңартылуы тиіс.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ