Бүгінде бір жерде бір апат жағдайы, немесе төтенше оқиға бола қалса ел сол сәтінде шу ете қалып, құлағдар болып жатады. Бұл бір жағы ақпарат ағынының шапшаң дамуының нәтижесі болса, екіншіден, демократиялық қоғамның жариялыққа барынша ашықтығын көрсетсе керек. Ал, кеңес заманында небір трагедиялық жағдайлар мен оқиғалар орын алғанымен ол құпия күйінде қалатын. Жақында архив құжаттарын сүзіп отырғанда Жезді аудандық партия комитеті бюросының осыдан 75 жыл бұрынғы «мүлдем құпия» деген белгімен қабылданған қаулысы көзімізге шалынды. Онда адам шығынына жол берілген қайғылы оқиғаның себеп-салдары талқыланыпты.
Қарсақпай кентінде 1947 жылғы 16 қарашада болған қатты жарылыс сол маңдағы адамдарды аяғынан тік тұрғызған болатын. Жарылыс болған жерге жүгіріп жеткендер жергілікті орталық электр станциясы ғимаратының күл-талқаны шыққанын көреді. Іргелес машина залы мен байыту фабрикасының, химиялық-су тазарту ғимараттарының да төбесі опырылып түсіпті. Құлаған ғимараттардың үйінділерін тазартқан кезде қаза тапқан 17 адамның денесін және ауыр жараланған екі адамды аршып алады. Олардың да өмірін сақтап қалу мүмкін болмай, ауруханада қайтыс болады.
Бір ауысымдағы энергетиктер түгел опат болған осы оқиғаның себеп-салдарларын талқылау мен кінәлілерді жазаға тарту КП(б)К Жезді аудандық комитетінің сол жылғы 25 қараша күнгі бюросында қаралады. Қайғылы оқиғаға қазандықтың барабанының жарылуы тікелей себеп болыпты. Апат жағдайын тексеру барысы Орталық электр станциясы мен энерго басқарма басшылығының өздеріне жүктелген міндеттеріне салғырт қарап, жұмыстарында жауапсыздық танытқан деген ұйғарымға келеді.
Құпия құжатта бұл жөнінде былай деп жазылған: «КП(б)К аудандық комитетінің бюросы Қарсақпай Орталық электр станциясындағыжабдықтарды пайдаланудың тәртібіне басшылық тарапынан дұрыс көңіл бөлінбей, қылмыстық-салғырттық әрекетке жол беруі апатқа себеп болғанын атап көрсетеді. Айқын ақауы белгілі бола тұра №6 қазандықты іске қосуға пәрмен берілген. Апатқа кінәлі басшылардың кейбіреуі коммунист болса да партия ұйымының сенімін ақтамады. Ал, Жезқазған комбинаты директоры тарапынан Орталық электр станциясы мен энергобасқармадағы сенімге лайықсыз тұлғаларды жауапты учаскеден айырбастау туралы аудандық партия комитетінің бірнеше рет берілген нұсқауы орындалмаған». Сөйтіп бюро қаулысы бойынша Орталық электр станциясының бас инженері мен энергобасқармасы техникалық бөлімінің бастығы партия қатарынан шығарылады, қалған партия мүшелеріне қатаң сөгіс беріледі. Аудан прокурорына апатқа кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту тапсырылады. Жезқазған комбинатының директорына электр станциясы қызметкерлерінің штатын қайта қарап, оны саяси жағынан сенімді адамдармен толықтыру жүктелді. Партия ұйымы хатшыларына қауіпсіздік техникасы жағдайы туралы мәселені жабық партия жиналыстарында талқылау міндеттелді. Міне, 75 жыл бұрынғы құпия құжатқа себеп болған бір қайғылы оқиғаның сыры осындай еді.
Амандық РАХҰЛЫ.