Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ғалым Мұхамедин 70 жасқа толып отыр. Оның өнер жолында жүргеніне жарты ғасыр болса, соның 47 жылында табан аудармастан Жезқазған филармониясында еңбек етіп келеді. Республикалық эстрадалық өнер студиясында оқыған ол Қазақстанның халық артисі, атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің класын бітірді. Мәдениет министрлігінің арнайы жолдамасымен 1975 жылы Жезқазғанға келіп, жаңадан ұйымдасқан «Жезкиік» ансамбліне әнші болып орналасты. Ғалым – облыстық филармонияның негізін қалаушылардың бірі. Әншілік қырын кеңінен танытқан ол 1985 жылы жастардың Республикалық «Жігер» фестивалінің, 1988 жылы Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері атанды. Ғ. Мұхамединнің орындауындағы бірнеше әндер Қазақ радиосы мен теледидардың «Алтын қорына» жазылған. Орындауындағы әндер топтастырылған «Жезкиік» және «Алтын кесе» күйтабақтары жарық көрді. Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойында Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен, 2002 жылы Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2016 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ, ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл және 30 жыл мерекелік медальдарымен марапатталған. Қарағанды облысы әкімінің «Халық әндерін үздік орындаушы», «Мамандығына адалдығы үшін» номинациялары бойынша сыйлығының иегері. Жезқазған қаласының және Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Айтулы әнші бұл күндері Т. Қалмағанбетов атындағы филармониядағы «Жезқазған дауысы» тобының жетекшісі ретінде әнін әуелетіп, ел ішінде әлі де өнер көрсетіп жүр. Біз жетпістің желкенін керіп отырған Ғалекеңмен мерейтойы қарсаңында жолығып, ұзақ жылғы әншілік жолдағы ізденістерінің қыры мен сыры, көңілге түйген ойлары төңірегінде әңгіме өрбітіп сұхбаттасқан едік.
Ескенеден басталған жол
– Ғалеке, өнермен жастай еншілес болғаныңызды білеміз. Дегенмен, осы әнге деген құштарлық қай кезеңде, қалай басталған еді? Бұған кімдердің әсері болды? Әңгімені сол кезеңді еске алудан бастасақ.
– Ертедегі ауыл адамдары ән-күйге құштар болушы еді ғой. Бала кезімізде тойға барамыз. Ондағы қызықтың бірі – ән тыңдаймыз. Оның үстіне сол уақытта біздің Ескене ауылында әншілігімен ерекшеленген ағаларымыз бен апаларымыз көп болатын. Тойларда көбінесе қазақтың халық әндері шырқалатын. Соларға біз еліктеп өстік. Сонымен қатар, Қайып Төлешев деген жақын ағамыз ғажап әнші еді. Кезінде әке-шешесі өнер жолына жібермей, ауыл арасында қалып қоймағанда атақтылардың бірі болатын еді деп ойлаймын.Керемет күйші Пазыл Тұтқабеков деген ағамыз болды. Боса-болмаса, өзімнің туған ағам Қарақойшы да (құжат бойынша Сембі) әншілігімен жастай танылып, ойын-тойдың ортасында жүретін. Солардың ізін басып, соңдарынан еруім менің де домбыра шартіп, әнге еліктеуіме әсер етті. Үйде отырғанда кейбір ән мәнерін дұрыс келтіре алмаған жерімді «былай болады» деп Қарақойшы көрсетіп жіберетін. Сөйтіп мектепке барған оқушы кезімнен бастап ара-тұра ән айтып көріне бастадым. Өнердегі осы қадамым кейіннен өрістей келе орта мектепті бітірген соң аудандық Мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа тұруыма себепші болды. Ауыл аралап кино қоямыз, концерт береміз.
– Осылайша Жаңаарқа ауданы жұртшылығына әнші Ғалым ретінде таныла бастаған боларсың?
– Ол кезде таныла қойдым деп айту артықтау болар. Ел ішінде ерекше талантты өнерпаздар көп болды ғой. Жаңаарқа өңірі ғана емес, бүкіл республикаға белгілі Игілік Омаров, Мұхамеджан Тілеуханов, Қорабай Есенов сияқты ағаларымызбен бірге аудан көлеміндегі концерттерге бірге қатысудың өзін үлкен мәртебе санайтынбыз. Мәдениет үйінде екі жылдай жұмыс істеген кезімде 1973 жылы жаңадан Жезқазған облысы ашылды. Біршама уақыт өткенде жаңа облыстың үшінші хатшысы мәдениетке, ұлттық өнерге айрықша көңіл бөлетін адам екен дегенді естіп жүрдік. Содан 1973 жылдың сәуір, не мамыр айы болу керек, Жезқазғанда облыс көркемөнерпаздарының бірінші байқауы өтіп, Ұлытау мен Балқаштың аралығындағы өңірлерден небір іріктелген өнерпаздар келіп қатысты. Бұл шара 3 күнге созылған ән мен күйдің мерекесіне айналды. Әлі есімде, осы байқауда Сәкеннің «Тау ішінде» әнін орындадым. Жүлделі болғандар қорытынды концертке қатыстық. Обком мен облыстық атқару комитетінің басшылары Хамзе Жұмабеков, Кәкімбек Салықов, Жылқыбай Аралбаев, мәдениет басқармасын басқарған Қалкен Мәкенбаев сияқты жандардың сол уақытта өнерге, өнерпаз жастарға деген қамқорлығы ерекше болатын. Мәдениет министрлігінен де арнайы өкіл қатысып, талантты жастарды іріктеумен қатар, болашақта оларды оқытудың жайын да ойластырса керек. Оны кейіннен білдім. Байқау аяқталған соң бір бейтаныс ағай мені шақырып алып, ән орындау мәнерімді ұнатқанын айтып: «Алматыда республикалық эстрадалық-өнер студиясы бар, онда Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Гүлжаhан Ғалиева, Кәукен Кенжетаев сынды қазақ өнерінің майталмандары сабақ береді. Дауысың жақсы екен. Сен осы студияға оқуға бар», – деді. Үлкен өнер жолына түсуді армандап жүрген мен «қашан» деппін бұл хабарға қуанып кетіп. «Бір 10-15 күннен қалмай кел. Алматыдағы Красин көшесі, 78» деді ол кісі шегелеп. Содан қуаныштан алып-ұшып ауылдағы әке-шешеме бардым. Әкей соғысқа қатысқан майдангер, ептеп домбыра шертетіні бар-тын. Шешей де әу дейтіні бар, қара жаяу емес еді. Ол кісілер әншілікті мақсат тұтып жүргендіктен оқуға баруыма қарсы болған жоқ. Талабымды қоштап, ризашылықтарын білдірді. Облыстық көркемөнерпаздар байқауында көзге түсуім осылайша менің өнердегі жолымды ашты.
Ұстаз тәлімі ұмытылмайды
– Иә, өнер студиясында халық артисі Жүсіпбек Елебековтің класында оқығаныңды көпшілік жұрт жақсы білуге тиіс. Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сияқты халық әндерін орындаушылардың небір саңлақтарын өнер биігіне қанаттандырған Жүсекеңдер аңыз адам еді ғой. Халық әндерін қайта тірілтіп, барлық бояу-нақышымен кейінгі ұрпаққа жеткізуде өлшеусіз еңбек еткен қазақтың осындай біртуар тұлғаларының шәкірті болу, Ғалеке тағдырдың өзіңе деген үлкен сыйы болар деп ойлаймын. Енді өнер тарланынан алған тәлім-тәрбие туралы тарқатыңқырап айтсаң. Ол кісі негізінде шәкірттеріне қандай басты талаптар қоюшы еді?
– Мен оқыған кезде ұстазымыз Жүсіпбек Елебековтің 70 жасқа толуы қарсаңындағы шаралар болып жатты. Соған байланысты ол кісі Алматы, Талдықорған облыстарын ән сапарымен аралайтын болды. Менімен бірге боласың деп осы сапарына мені алып шықты. Аудандармен қатар көптеген ауылдарға да барып концерт қойдық. Жүсекеңнің бір әдеті барған бетте ауылды бір аралап өтеді. Елдің жай-күйін байқайды-ау деймін. Сондайда маған әңгімесін, ақыл-кеңесін айтады. «Өнер адамы өте сақ болуы керек, көпшіліктің көз алдында жүресің. Өнер жолы – нәзік жол, бұл жерде қуанышпен қатар реніш те, қызғаныш та қатар еріп жүреді. Болдым-толдым деп асып-таспау керек», – дейтін. Сол сапарда өзінің 70 жаста ел аралап, ән айтып жүргенін айта келіп, «сен де менің осы жасымда сахна төрінде, ел алдында жүргейсің» деп батасын берген еді. Міне, ұстазымның сол ақ тілегі қабыл болып, біз де сол жасқа келдік. Әнімізді айтып жүрміз.
Жүсекеңнің шәкірттеріне қояр талабы да ерекше болатын. Ол кісі шәкірттерінің орындауына көрінген әнді бере бермейтін. Кімнің қандай әнге бейім екенін дөп басып, соған көп мән беріп отыратын. Халық әндері класында 8 бала оқыдық. Әрқайсымыздың қабілетіміздің қандай екенін айна қатесіз біліп, әнді соған лайықтап үйрететін. «Әнді жүрекпен беріліп айтыңдар. Құр айқайға басуға болмайды, әннің сөзінің мағынасын жеткізе отырып орындау керек. Ертең бітіріп шыққан соң менен үйренген әнді басқаша мәнермен бұзып айтып жүрмеңдер» деп халық әндерінің қаймағы бұзылмай, сол бастапқы қалпында сақталуын қатты қадағалайтын. Өзінің Әміреден, Қали Байжановтан үлгі алып, үйренгенін, бізге сол қалпында жеткізіп отырғанын айта келіп, осы әндерді бұрмалап, басқаша сарынмен бұзсаңдар халық әндерінің қасиетінен айрылып қаламыз дейтін. Кейінгілерге үйреткенде де осыған мән беруімізді көп айтатын.Әншілерді баулып жүрген ұстаздардың бірі Ғарифолла Құрманғалиев Жүсекеңнен бес жастай кіші болатын. Сабақ арасында екеуі емен-жарқын әңгімелесіп отыратын кезі болады. Бірде Ғарекең: «Ел ішінде әлі еленбей жүрген тамаша әндер аз емес-ау» деп ой тастағанда: «Міне, мыналар отырған жоқ па. Ертең бітіріп, жер-жерге аттанған кезде осылар жинайды», – деген болатын Жүсекең бізге қарап ақырын жымиып, аманат жүктегендей.
Студияны бітіретін жылы ұстазым бірде: «Ғалым, мен биыл 71 жасқа келіп отырмын. «Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде» демекші, енді өзімнің орныма бір шәкіртімді қалдырсам деп едім. Соған сені лайықты көріп жүрмін. Кез келген әнді жылдам қағып аласың. Слухың жақсы. Ұстаз болу сенің қолыңнан келеді», – деді ішкі ойын ақтарып. Бұл жөнінде министрлікпен де келісіп қоятынын айтты. Сөйтіп жүргенде Жезқазғаннан мәдениет басқармасынан Қалкен Мәкенбаев пен жаңадан құрылған филармония басшысы Серік Елеусізов келіп бір топ бітірушілерді жаңа облысқа жіберуді сұрады. Қалекең мені меңзеп: «мына Ғалым біздің облыстың баласы, бұл да келетін болсын» деп еді. «Ғалым бармайды, оны осында қалдыруды ұйғардық. Басқа бітірушілер де бар ғой» деді Жүсекең бірден. Содан көңілі қайтып қалған ол кісілер бір-екі күннен кейін тағы келіп Жүсекеңмен оңаша сөйлескен соң бір мәмілеге келген болуы керек. Мені шақырып алып: «Мынау Қалкен болмай отыр, өзіңді қолқалап. Ұлытау өңірі қасиетті жер, кешегі Болман мен Тайжанның елі. Барсаң бар, батамды берейін. Егер жағдайың дұрыс болмаса бір жылдан кейін қайтып кел» деп Жүсекең ақ тілегін айтып, батасын берді.
Ел ішіненән жинады
– Ғалеке, ұстаз аманатын арқалап, Арқаның әншілік дәстүрін абыроймен жалғастырып жүргенің өнер сүйер қауымға жақсы мәлім. Репертуарыңда халық әндерімен қатар Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Үкілі Ыбырай, Естай, Иманжүсіп, Жарылғапберді, Мұхит және басқа да халық композиторлары туындыларының мол екенінен хабарымыз бар. Сонымен қатар, ел ішін аралап жүргенде ұмыт бола бастаған әндерді жинап, халық игілігіне айналдыруда айтарлықтай іс тындырып жүрсің. Тайжан ақын мұрасын қайта тірілткеніңді жұрт сүйсініп айтады. Осы бағытта атқарған істеріңді енді өз аузыңнан естігіміз келеді?
– Әншінің ән қоржыны бай болғаны дұрыс. Тағы да ұстазымның тәлімін еске алатын болсам, Жүсекең ел аралап жүргенде бір ауылда айтқан әнін екінші жерге барғанда қайталамауға тырысатын. Сосын ол кісінің бір қасиеті залда отырған көрерменнің көңіл күйін, жас мөлшерлерін байқап алып, сол ортаның талғамына сай, жандарына жақын әндерді орындайтын. Мен жаңағы айтқан халық әндеріне жататын туындылармен қатар Абайдың, Сәкеннің әндерін, қазіргі дәуір композиторларынан Әбілахат Еспаевтың, Ілия Жақановтың және басқаларының, кезінде бір ұжымда еңбек етіп, талай гастрольдерде бірге жүрген Жақсыкелдінің (Сейілов) біраз әндерін айтып жүрмін. Жақаң арамызда бар кезінде «Жезкиікті» ең алғаш домбырамен мен айтқан болатынмын. Ол қазақ радиосының «Алтын қорында» бар.
Гастрольдік сапармен Қазақстанның біз бармаған өңірі жоқ шығар. Жас кезден бастап отбасымызбен сапарда жүруге үйрендік. Филармонияда бірге еңбек еткен зайыбым Әлия Айтжанова да көркем сөз оқу шебері, концерт жүргізуші ретінде көп жылдар бойы бірге жол үстінде жүрді. Өзбекстан, Қарақалпақ, Қырғызстан елдерінде де болдық. Сол сапарлардың бәрінде ел ішіндегі өнерпаз жандарды іздестіріп, қандай ән білетіндігін талмай сұрастырып жүруді әдетке айналдырдым. Мәселен, 1982 жылы Көкшетаудың Қызылту ауданындағы Аманкелді аулында болғанда Марат Жармағамбетов деген сері жігітпен таныстым. «Естайдың соңғы әнін» әкесінің айтуы бойынша үйреніп айтады екен. Сол жігіттен үйреніп бұл әнді мен үлкен сахнаға шығардым. Осы тәрізді әр өңірден тірнектеп, Сәкеннің «Бабаларыма», «Әупілдек», «Көкшетау», сондай-ақ халық туындыларынан «Ертөлеудің әні», «Қос апаның әні», «Ақ шашақ», «Алтын кесе», «Бір торы ат, бір қара ат», «Жалғыз жусан», «Көк айдай», «Құлажекей» тағы да басқа бірталай ұмыт болып бара жатқан әндерді қайта жаңғырттым. Оларды іздеп табуға қатысты оқиғаларды айта берсем ұзақ әңгіме. Ал, Тайжан ақынның ұмыт бола бастаған оншақты әнін жинақтап, қайта тірілткенімді көпшілік біледі. Олар үнтаспаға да жазылған. Үнемі насихаттап, шәкірттеріме де үйретіп жүрмін.
– «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, музыкалық колледждегі Жүсіпбек Елебековтің әншілік дәстүрі бойынша дәріс беріп жүргеніңе де біраз жыл болды Ғалеке. Мұны да ұстаз аманатына адалдық деп бағалауымызға болар. Жалпы қазіргі жастар арасында дәстүрлі әнге құштарлық деңгейі қалай? Өзіңнен ән сабағын алып, түлеп ұшқан түлектер өнер жолын жалғастыруда үмітіңді ақтап жүр ме?
– Музыкалық колледжден класс ашып, дәріс беруіме осы оқу орнының сол кездегі директоры Қуандық Стамбақиев ұйытқы болды. Алғашқыда ол ұсынысқа тайсақтап едім, Жүсекең ұстазымның «ертең сен де мұғалім боласың» деп айтатын ақыл-кеңестері еске түсіп, нартәуекел деп бұл іске 1993 жылы кірістім. Әуелде алдыма бес бала жинап берді. Біртіндеп домбырамен ән айту мамандығына қызығушылар көбейе түсті. Ол кезде 3 жыл оқитын, қазір 4 жылдық болды. Алғашқы бітірген түлектер ыстық қой, әлі де есімде. Айман Бірімжанова, Қарлығаш Байдалина, Мақпал Сейткамалова, Еркебұлан Қасымжанов, Жақсыкелді Ахмет, Дәрігүл Алдажанова деген жастар еді. Содан бері домбырамен ән айту мамандығы бойынша 60-тан аса шәкірт тәрбиелеп шығардым. Бір қуанарлығым, олардың барлығы дерлік ұлттық өнерімізді өрістету жолында еңбек етіп жүр. Өнер саласының докторы, халықаралық ән байқауларының жүлдегерлері болғандары бар. Бір шоғыры әр жердегі Мәдениет үйлерінде істеп, халыққа мәдени қызмет көрсетуде.
Осы күнге дейінгі өткен жолымды, атқарған істерімді таразылап қарар болсам, ойдағы жобаларымның дені сәтімен жүзеге асқанына шүкіршілік деймін. Ең бастысы, Жүсекең ұстазымның аманатына адалдық таныттым деп ойлаймын. Уақыт шіркін мүмкіндік берсе алда да біраз жоспарларым бар. Осы аймақтан шыққан өнерпаздардың әндерін жинап, топтастыру ойымда бар. Мысалға, елеусіз қалып бара жатқан Болманның әндері, нақыл термесі бар екен. Ұлытаудағы Жақия Бимағанбетовтің әндері де айтылмай қалды. Өмірден өткен Марат Түсіпбековтің әндері де жинақтауды қажет етеді. Осындай ойлар бар.
– Ғалеке, бүкпесіз айтылған әңгімеңе көп рахмет. Мерейлі жасың құтты болсын! Мамырлатып шырқаған қоңыр әуенің тыңдарман жүрегін тербеп, көкке өрлей берсін!
Амандық РАХҰЛЫ.