Бұдан ширек ғасыр бұрын ауызекі «КСК» аталып кеткен пәтер иелері кооперативін (ПИК) құрамыз деп қалай алашапқын болғанымыз әлі ұмытыла қойған жоқ. Енді жиырма күннен кейін жұрттың жүйкесін жүндей түтіп, талайдың шашын ағартқан сол сойқанның орнын ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, тұрғындардың қалауына қарай мүлік иелері бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серіктестік (ҚС) басады.
Бірақ, қанаттас қоныстанған қос қаланың тұрғын үй инспекциясы көптен бері түсінік жүргізіп жатқанына, тіпті қала басшылары тұрғындармен бірнеше рет кездескеніне қарамастан, бұл бағыттағы жұмыс баяу жылжуда. Соған қарағанда көпшілігіміз өмірлік маңызы бар бұл мәселені әлі жете түсінбей жүрген сияқтымыз.
Жаңа тұрғын үй қатынасына көшудің алғашқы қадамы үш жылға, кемі үш адамнан тұратын, пәтер иелерінің мүддесін қорғайтын тұрғын үй кеңесін сайлаудан басталады. Сосын МИБ пен ҚС-тың қайсысы қолайлы екені анықталады. Әрине, мұның бәрі тұрғындардың басым бөлігі қатысқан жиында жүзеге асырылады.
МИБ – Жарғысы жазылған заңды тұлға. Оның төрағасы сенімхатсыз-ақ тұрғындар мен ғимараттың мүліктік мүддесін қорғайды. ҚС – заңды тұлға емес, тек тұрғындар сенімді өкіл сайлайды. Бұл екеуінің қараң қалғыр КСК-дан айырмашылығы – МИБ таңдаған әр үйдің екінші деңгейдегі банкте ағымдағы және жинақтық жеке шоты болады, ҚС қалағандар ақшалай жарна орнына үйді күтіп ұстауға нақты еңбегімен қатысады.
Тарифті мүлік иелері өзі белгілейді. Оны есептегенде көпқабатты тұрғын үйді күтіп ұстауға кететін шығын, түскен жарнаны жұмсау тәртібі (25% – нысанды басқаруға, 5% – кеңсе тауарларына, 70% – үйді күтіп ұстауға) мұқият ескерілуге тиіс. Жарнаның жұмсалуын төрағасы сервистік фирмамен тікелей келісім-шарт жасаған және оның орындалуын талап ететін тұрғын үй кеңесі қадағалайды. Күрделі жөндеуге жұмсалатын қаражат жинақтық шотқа жеке салынып отырады.
КСК басқарушы компанияға немесе сервистік ұйымға айналады деген әңгіме бар. Оның бәрін бірдей қарғап-сілегеніміз артықтау шығар?! Егер тұрғындарды қазіргі КСК қызметі қанағаттандырып жатса, онымен қызмет көрсетуге қатысты келісім-шартқа отыруына болады. Жазың зыр етіп өте шығып, көздің қарасы көрінетінін, арғы жағында қылтиып қыс тұрғанын ұмытпайық. Ендеше ырғалып-жырғалып жүріп алмай, бір жағына шығатын уақыт келді.
- Алдын ала дерекке қарағанда Жезқазғанда – 486, Сәтбаевта 583 МИБ немесе ҚС құрылуы керек. Өткен жұмадағы мәдіметке жүгінсек, Жезқазғанда – 7 МИБ пен 357 ҚС, Сәтбаевта 45 МИБ пен 253 ҚС құрылған.
Бірақ, осының қаншасы алым-берім актісін жасағандығы туралы дәйекті дерек жоқ. Сонда қалай, ширек ғасырда тұрғын үй қорын тұралатқандардан, ол аздай ЕНДІ сервистік компания болуға құлшынып отырғандардан жауапкершілік сұралмай ма?
Бұл сауалдың жауабын екі қаланың басшылығынан күтеміз?
Әлібек ӘБДІРАШ.