Әңгіме қазақтың атақты әнші-композиторы, айтыскер ақыны, атүсті ойынының түрлі тәсілін мінсіз меңгерген өнерпаз, керемет күш иесі Балуан Шолақ пен қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан туралы. Қос тарихи тұлға «кезінде белдескен бе?» деген сауалға қатысты аңызы мен ақиқаты астасқан талай зерттеу мен мақала жазылды.
1864 жылғы Балуан Шолақтың Қажымұқаннан жеті жас үлкендігі бар. Балуан Шолақтың жерлесі, жазушы, публицист Естай Мырзахметов 1989 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған очеркінде қос балуанның қандай жағдайда кездескенін баяндайды.
Ел аралап, күресіп жүрген Қажымұқан әкесінің қазасын естиді. «Патшаның балуаны Қызылжар-Көкшетаулатып келе жатыр» деген дақпырт тарайды. «Патша балуанын» тым болмаса, түстендіріп жіберуді абырой-дәреже көрген бай-манап жолын тосып әлекке түсіп, бірінен соң бірі іліп әкетеді.
Бұл хабар Балуан Шолаққа да жетеді. Ол: «Маған қалайда соғады, сәлем береді» деген оймен қам жасап, қатты күтеді. Өйткені, күрежол Тастыөзекте отыратын Балуан Шолақ ауылын іргелей өтеді. Бірақ, Қажымұқанды атығай байы Әлжан мен керей болысы Сатыбай бұрып әкетеді.
Бұл Балуан Шолақтың қытығына тиеді. Түнде атқа аяқ артып, Қажымұқан қонып жатқан Шаймерденнің үйіне тұмсық тірейді. Автордың жазуына қарағанда қос балуан бірін-бірі сырттай білгенімен, бұрын бетпе-бет кездеспеген сыңайлы.
Қадірлі қонақтарға арналған түпкі бөлменің тақ төрінде, белден салынған құс төсекте дөңбектей дөңкиіп жалғыз жатқан Қажымұқанның үстіне кіріп барған Балуан Шолақ: «Ей, Шаймерден, малдың қарны жуан, басы үлкені – соғым, адамның қарны жуан, басы үлкені – боғым деуші еді, сенің мына қонағыңның қарны кебежедей, басы қара бақырдай бірдеме екен!» деп түйреп өтеді.
Қажымұқанда үн жоқ. Өзіне шүйіліп, сөзбен піспектеп тұрған жанның осал емесін іші сезеді. Бірақ, тап басып танымай тұр. Бір кезде анау: «Менімен күресемісің?» дейді. Шыдамы шегіне жеткен Қажекең: «Күрессем, күресемін!» деп, шамырқанған қимылмен көрпені серпе лақтырып тастап, сілкіне тұрады.
Босағаға сүйеніп тұрған Балуан Шолақ Шәймерденге: «Қане, екі қыл шылбыр әкел!» дейді. Біреуін Қажымұқанға «Ал, ұста!» деп лақтырады, бірін шапан сыртынан беліне өзі байлайды. Ширыға жақындай берген Қажымұқанның беліндегі шылбырға Балуан Шолақтың қолы сарт етіп бұрын тиеді.
Сол сәтте Қажекең ышқына дауыстап: «Ойбай, аға, Сіз Балуан Шолақ емессіз бе?!»– деп еденді опырып жіберердей дүрс еткізе, жалп етіп отыра кетеді. Жалма-жан екі қолын көкірегіне басып: «Ойбай, аға, менен бір ағаттық кетті, мен жығылдым! Мен жеңілдім!» дейді. «Қанеки, тұр-дағы, тез киін! – деп әмір етеді оған Балуан Шолақ. – Қазір жүреміз!».
Әке қазасына асығып келе жатқан Қажымұқан ләм демей балуан ағасына ілесіп жүре береді.
Ал, бұл оқиғаны өнер зерттеушісі Серік Оспанов өзгеше өрнектейді.«Күшін сынасуға келеді ғой. Қажымұқан: «Ол кісіні былай бір рет шиырып жібердім де, алдына тізерлеп отыра қалдым. Маңдайымнан сүйді, «бәсе, өзімнен де мықты біреу тусын, деп едім. Туған екен, жаның жамандық көрмесін, жауырының жерге тимесін! деп бата берді» деп өле-өлгенше көзіне жас алып, айтып отырады екен» дейді Секең Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.
Қажымұқанды зерттеуші ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімқұл Бүркітбаев 1990 жылы «Жалын» журналында жарияланған «Қажымұқан» атты мақаласында Балуан Шолақ пен Қажымұқанның қалай күресе жаздағанын баяндайды. Олардың күресуінехалық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп қарсы шығады.
Оқиға былай өрбиді: Ұлытау өңірінде атақты Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан үшеуі бас қосып, кең даланы керемет думанға бөлейді. Бір-бірімен жолығуға ынтықзар болып жүрген қазақтың арыстары алқа-қотан отырып, өнер көрсетеді.
Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап, тастай салады. Қажымұқан болса жуан темірді жотасына көлденең қойып, жиналған жұртшылыққа: «екі басына сыйғанша мініңдер!» дейді. Ел жуан темірге жабысады. Қажымұқан оны шыр айналдырғанда жұрт шашылып қалады. Осылай қос арыстың алып күшіне халық тамсанып, таңданып, қайран қалады.
Ойын қызған бір сәтте жылқысы қойнауға сыймай жатқан атақты бай Сәлімбай ортаға шығады. «Уа, халайық, Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін! Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін!» дейді. Сәлімбайдың сөзін естіген елде ес жоқ. Жер тоқпақтап шулап жатыр. «Күрессін! Күрессін!» деп еліреді.
Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, ол жанарын төмен салып, еріксіз ыңыранады. Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр. Көптің айқай-сүреңінен кейін Балуан Шолақ пен Қажымұқан беліне шылбыр байлап, күреске дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады.
– Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Елдің бағына туған екі балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал, екеуін күрестірдіңдер, бір-бірін майып қылса, обалы кімге?! Ей, Балуан Шолақ, сен артыңнан ерген жалғыз ініңді жер қаптырмақсың ба? Ей, Қажымұқан, сен мына елдің айтағына еріп жалғаз ағаңның жағасына жармаспақсың ба? – дейді ызаға булығып.
Имакеңнің салмақты сөзінен кейін ел сабасына түседі. Қажымұқан еңіріп келіп: «Қайран, ағам-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан алып, күнәкар болар едім» деп екі ағасын құшақтап, біразға дейін солқылын баса алмапты.
Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың 1963 жылы жазған «Замана бұлбұлдары» кітабында бұл кездесу жайлы аз-кем айтылады. Балуан Шолақтың 150 жылдығына орай «Балуан Шолақ» жинағын құрастырған Балжан Хабдина зерттеуші ҚалмақанӘбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесінен осы кездесуге қатысты үзінді келтіреді.
Аңыз бен ақиқат айшықталған қай еңбекте болмасын тарихи қос тұлғаның күш сынасқаны туралы нақты дерек көрініс таппаған.
Әзірлеген Әли БЕК.