«Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы аясында Ұлытау ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың тапсырмасына сәйкес, аудан бюджетінен қаржы бөлініп кент, ауылдық аймақтарда тұрғын үйлер сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта ауданға қарасты Мибұлақ, Борсеңгір, Ақтас, Қарсақбай, Егінді ауылдарында жөндеуден өткен бос үйлер қоныстануға дайын. Одан бөлек, жалдамалы тұрғын үймен немесе жеке үй сатып алуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ, биылғы жылы кентауылдарда жаңадан медициналық пунктердің салынуына байланысты, бұрынғы медициналық пунктердің құжаттарын қайта рәсімдеп, көшіп келуші мамандарға тұрғын үй ретінде беру жоспарланып отыр.
Орайы келгенде айта кетейік, 2022–2024 жылдары ауданға 31 отбасы (96 адам) көшіп келді, оның ішінде мектепте 56 бала, балабақшада 16 бала, үйде 7 бала, 2 студент бар.
Сонымен қатар, қоныс аударушылардың жеке кәсіптерін дамытуы үшін де мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Жалпы, Ұлытау ауданына қарасты ауылдарға қоныс аударуға ниетті болған азаматтарға аудан әкімдігі тарапынан заң аясында барлық мүмкін көмек көрсетіледі.
Атап айтқанда, тұрақты әрі табысты жұмыс орындары, әр отбасы мүшесіне көтерме жәрдемақы, жалдамалы тұрғын үймен немесе жеке үй сатып алуға қолдау көрсету, балаларға сапалы білім мен мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру, қолайлы өмір сүру жағдайлары мен қауіпсіз орта қарастырылған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.