Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда дертіне дауа іздеп баратын жері – емхана мен аурухана. Демек, бұл екі медициналық мекемеге көпшіліктің көзі қанық. Ал, атауын сырттай білгенімен, ішкі тыныс-тіршілігі сырт көзден тыс қалатын емдеу мекемелері де бар. Облыстық психикалық денсаулық орталығы сондайдың сойынан.
Жуырда осы медициналық мекеменің басшысы Нұрбек ҚАЛМЕТОВКЕ кездесіп, бірнеше сауал қойған едік.
– Нұрбек Тағайұлы, өзіңіз тізгінін ұстап отырған облыстық орталық қандай материалдық-техникалық база негізінде құрылған?
– Ұлытау облысының психикалық денсаулықты қорғау қызметінің қалыптасу тарихы Жезқазған ауданаралық психоневрологиялық диспансері құрылған 1959 жылдан басталады. Оның құрамында амбулаториялық қызмет пен 50 төсектік стационарлық бөлімше болды. Диспансер Жезқазған қаласы мен Ұлытау және Жезді ауданының жұртшылығына мамандандырылған психиатриялық-наркологиялық көмек көрсетті.
1973 жылы Жезқазған облысының құрылуына байланысты диспансер облыстық мәртебе алып, қызмет көрсету аумағы 4 қала мен 7 аудан көлемін қамтыды, қуаты 610 төсекке ұлғайды. 1984 жылы қаңтарда наркологиялық қызмет жеке бөлініп шығып, 120 төсектік облыстық наркологиялық диспансердің тұсауы кесілді.
Тілші түйіні. Жезқазған облысы таратылғанда бұл мекеме қызметтік сипатына қарай Қарағанды облыстық психоневрологиялық диспансерінің құрамына берілді. Ұлытау облысы құрылғанға дейін бірқатар өзгеріске ұшырады.
– Орталықтың қазіргі құрылымдық қауқары қандай? Сондай-ақ, алдына қойылған міндетіне тоқтала кетсеңіз…
– 2023 жылы қаңтарда Ұлытау облысының психикалық денсаулықты қорғау қызметі жаңадан шаңырақ көтерген осы облыстық психикалық денсаулық орталығының құзырына көшіп, саланың сан-сапалақ сипаттағы қызметі бір орталықтың басқаруына берілді. Қазір Сәтбаев қаласының емханасында бастауыш психикалық денсаулық буыны, қалал мен аудандағы ауруханалардың қасында төрт психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істеп тұр.
Құрылымдық құрамында жалпы қуаты 105 төсектік 3 стационарлық бөлімше бар. Оның 90-ы психиатриялық бейінге бейімделген, таратып айтсақ, 25 төсек – балаларға, 15 төсек нашақорлыққа шалдыққандарға арналған, 25 төсек күндізгі стационарға қойылған, қалғаны уақытша бейімдеу мен усыздандыру орталығының және медициналық куәландыру кабинетінің құзырында.
Уақытша бейімдеу мен усыздандыру орталығы – спирттік ішімдікке жеңіл масайған жағдайдағы адамға мамандандырылған медициналық жәрдем жасайтын біздің бөлімше, мамандандырылған күзет қойылған, тәулік бойы істейді, 15 төсегі бар. Кезекші дәрігер, арнайы қосымша білім алған медбикелер жұмыс жасайды. Адамның қаншалықты белсенді психикалық зат тұтынғаны мен масаю дәрежесі ҚР денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Жалпы облыстық психикалық денсаулық орталығының негізгі міндеті – денсаулығына қатысты қабылданған шешімді орындауға атсалысуға емделушіні белсенді түрде тарта отырып жұртшылыққа қолжетімді әрі сапалы мамандандырылған психиатриялық және наркологиялық көмек көрсету. Ол үшін қызметкерлердің біліктілігін жүйелі түрде көтеру және жоғары корпортивтік мәдениет қалыптастыру арқылы диагностиканың тиімділігін, емдеу мен сауықтырудың және медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға ұмтыламыз.
Тілші түйіні. Орталықта психикасы мен мінез-құлқы бұзылған, сондай-ақ, психикалық белсенді заттар тұтынуға бейім науқас емделеді. Оларды негізгі сырқатынан сауықтыру барысында терапевт, акушер-гинеколог, невропатолог, фтизиатр мамандар ақыл-кеңес береді, әсіредыбыстық зерттеу (УЗИ), рентген сияқты қажетті диагностикалық іс-шара жүзеге асырылады.
– Сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан балаларға байланысты ақпарат ауқымын кеңейте түссеңіз…
– Иә, балалар психиатриялық қызметіне айрықша назар аударылады. Оларға арналған бөлімшеге 25 төсек бөлініп отырғанын жоғарыда айттым. Қызметтің бұл буынында жүйке-психикасы бұзылған 4-15 жас аралығындағы балалардың денсаулығы тексеріліп, емделеді. Стационарлық жағдайда мамандандырылған, жоғары білікті емдік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, оның оқуы мен мүгедектік белгісіне байланысты мәселе де өз шешімін табады. Бөлімшеде тәжірибелі медбике, педагог-тәрбиеші, логопед-дефектолог, психолог жұмыс істейді.
Клиникалық диагноз қою кезеңінде логопедтік, дефектологиялық және психологиялық зерттеу кеңінен қолданылады. Психоэмоциалық және мінез-құлықтық мін, сөйлегенде тіл мүкістігі байқалған жағдайда әрқайсысымен заманауи әдістемелікті пайдалана отырып күнделікті логопедтік, дефектологиялық жаттығу жүргізіледі. Диагностика кезеңінде клиникалық, биохимиялық, тағы басқа зертханалық, электроэнцефалографиялық (ЭЭГ), электрокардиограммалық (ЭКГ), эхокардиографиялық (ЭХО) зерттеу жасалады.
Қажет болған жағдайда баланы педиатр, невропатолог сияқты белгілі бір саланың маманы, басқа да дәрігерлер қарайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, бөлімшеде медициналық емдеуден басқа дәрі-дәрмексіз емдеу әдістері кеңінен енгізіліп, тиімді пайдаланылуда. Олардың қатарында физиоемдеу, емдік денешынықтыру, психикалық түзету, артемдеу, тағы басқалары бар.
Тілші түйіні. Қолдағы дерек кейінгі кезде балалық аутизммен (қоршаған ортадан алшақтау), мінез-құлқында бір аурудың жинақты белгілері байқалатын ауытқушылықпен ауыратындар қатары көбейгенін көрсетеді. Келешекте балалар бөлімшесін жаңа ғимаратқа көшіру көзделіп отыр. Онда анасының баламен болуына барлық жағдай жасалады. Бұл емдеу жүйесінің жақсаруына игі ықпал ететіні анық.
– Маман тапшылығы медицина саласына да таңсық тауқымет емес. Орталықтағы бұл мәселенің мән-жәйі қалай?
– Ондай «бастың сақинасы» бізде де бар. Бірақ, «ауызды құр шөппен сүрткен» артықтау болар. Құдайға шүкір, алға қарап бой түзейтін ардагерлер арамызда баршылық. Бұл тұрғыда «Үздік еңбегі үшін» медалінің, «Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi» және «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісінің иегері Сергей Гик-Сенович Тёні, «Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi», дәрігер-психиатр Татьяна Васильевна Рощупкинаны, балалар бөлімшесінің меңгерушісі, осы салаға отыз жылдай ғұмырын арнаған «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Гүлбану Бұланбаеваны, уақытша бейімдеу мен усыздандыру орталығының меңгерушісі, бірінші санаттағы психиатр-нарколог Жанкелді Әбілхамитовті, аға медбикелер – жоғары санаттағы Әсел Қуатова мен бірінші санаттағы Айгүл Рабалиеваны атап айтар едім.
Психикалық денсаулықты қорғау қызметінде кәсіпқойлық машықты меңгеру мен ардагерлер мен жастар арасындағы берік байланыстың маңызы зор. Бұл біліктілікті нығайтып, жалпы жұмысқа игі әсер етеді. Бүгінде орталықта жас дәрігерлер Дәулет Бейбітов пен Асыл Дәуітбаева еңбек етеді. Аға әріптестерінің тәжірибесін меңгеруге, олардың орнықты дәстүрін жалғастыруға ынта-ықыласы мен жұмысты ұйымдастырудың заманауи тәсілін қолдануға ұмтылысы екеуінің келешегінен көп үміт күттіреді.
Алдын ала жасалған келісім бойынша биыл тағы бір жас психиатр-нарколог келеді деп күтілуде. Әрине, мекемені мамандармен қамтамасыз ету үдерісі үзілмейді. Дәрігерлер қатарын психиатр-нарколог және психотерапевт мамандармен толықтыру үшін «мамандар жәрмеңкесіне» де қатысып тұрамыз. Облыстық бюджетте жас мамандар үшін 5 миллион теңге көшерпұл қарастырылған. Ал, баспана жалдау ақысын жұмыс орны төлейді. Келешекте облыстық денсаулық сақтау басқармасы салынып жатқан үйлерден пәтер бөлуді жоспарлап отыр.
Тілші түйіні. Қазір облыстық психикалық денсаулық орталығы қызметкерлерінің қатарында 9 дәрігер мен 31 медбикенің біліктілік санаты бар. Олар кәсіби біліктілігін ұдайы көтеріп отырады және «Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін қызметерлер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше.
– Сұхбат соңында облыстық орталықтың келешек көкжиегіне көз жүгіртіп көрсек…
– Қазір қызметті оңтайландыру, мекемені анағұрлым жетілдірілген заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базасын жақсарту, бастауыш медициналық буындармен өзара байланысты нығайту жұмысы мақсатты түрде жүргізілуде. Халықтың психикалық денсаулығын қорғаудағы негізгі интенсивті көршеткіштерді тұрақтандыру мен одан әрі жақсартуға қол жеткізілді.
Психикалық денсаулықты қорғау қызметін одан әрі кеңейтуге облыста жете мән беріліп отыр. Таяу жылдары психикасы мен мінез-құлқы бұзылған, араққұмарлықтан мәжбүрлі түрде емделген адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту жөніндегі жаңа бөлімшелер, нашақорлықтан емделушілерді қолдау кабинеті ашылады.
– Нұрбек Тағайұлы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.