Көшені ластағандарға бақылау күшейді. Мәселен, жыл басынан бері Жезқазған қаласында қоғамдық орында тәртіп пен тазалықты бұзған 500-ге жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жедел басқару орталығындағы бейнекамералар арқылы анықталып отыр.
Жезқазғанда қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 916 бейнекамера қосылған. Бұл техникалық құралдар заңбұзушылықтарды анықтау және олармен күресуге үлкен мүмкіндік береді. Полиция басқармасы жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарды ластаған азаматтарды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, қоғамдық орынды ластаған 495 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға төмен.
Бейнекамералар арқылы жыл басынан бері 12 қылмыстық құқық бұзушылықтың да беті ашылып, белгісіз орындарда сауда жасаудың 4 фактісі анықталды. Одан бөлек, жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге де шара қолданылуда. Бүгінгі күні жол ережесін бұзғаны үшін 900-ден астам көлік жүргізушісі жауапкершілік арқалады.
Шаһардың келбетін, шырайын сақтау – барлығымызға ортақ. Отырған орнымызды, жүрген жерімізді таза ұстауға міндеттіміз. Алайда, қолындағы қоқысты кез-келген жерге тастап кететіндер қоғамда жетерлік. Еске салу керек, қоғамдық орынды ластасаңыз, айыппұл арқалайсыз. Егер де тағы қайталасаңыз, айыппұл екі есеге артады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.