Халқымыз қарты бар үйді қазынаға балайды. Иә, шын мәнінде қарттарымыз бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның байлығы. Олардың ақыл-кеңесі, өмірден түйгендері еш алтынмен бағаланбас құнды дүние. Қарттық шақта ұрпағының қызығына бөленіп, елге жасаған еңбегінің жемісін көріп отырған ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің өмір жолы өнеге.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіріс ошақтарында ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған сол ардақтылармен тілдескеннің өзі бір ғанибет. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында өндіріспен өмірлерін өрнектеген абзал жандармен жолығып қайтқан болатынмын. Бірі – кен байыту саласының, екіншісі – түсті металлургияның ардагері.
Бірінші кейіпкерім Мұхамедқали Әбдіраманов 48 жылын Жезқазған байыту фабрикасының №1бас корпусында өткерген. Ұлт ұясы Ұлытаудың Айыртауында өмір есігін 1938 жылы ашқан Мұхамедқали ақсақал Қарсақбайда ерте еңбекке араласты. Әкесі мен анасы сол төңіректе ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосты. Теміржол бойында қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолы әскерден соң кен байыту саласымен ұштасты. 1960 жылы байыту фабрикасына табан тіреген Мұхамедқали Әбдіраманов сол кәсіпорында 2008 жылға дейін үздіксіз тер төкті. 1967 жылы бригадирлік міндетті мойнына алған маман сол қызметті еңбек жылнамасының соңына дейін адал атқарып өтті.
Бүгінде 85 жасқа келсе де өткен күндерін жаңылмай сыр қылып шертіп отырады.
– Адам ғұмыры сырғып жатқан құм сағатындай екен. Қарттық дейтін бір мейзам шуақтың келіп жеткенін де байқамай қалыппыз. Артта қалған өмір жолыма көз салсам, талай елдің қадірлі азаматтарымен бірге жүріп, дәмдес болыппын. Сол ағалардың жақсылығын көп көрдім. Өзім еңбек еткен байыту фабрикасына жұмысқа орналасқанда көбі өзге ұлттың өкілдері болатын. Бірақ олар шет қақпай, өздеріне тартып, мені мамандыққа баулыды. Алғашқы тәлімгерім Александр Герасимович Гальбес бас корпуста атқарылатын жұмыстың қыр-сырын меңгертіп, мені 7 жылдан соң бригадирлікке ұсынған еді. Алғашында бригадаға жетекші болуға келіспей: – Менен де үлкен кісілер бар ғой. Ағалардың алдын кесіп өткенім жарамас. Ұлы Отан соғысының жолынан өткен ағалар бар, соларға тапсырғаныңыз жөн болар, – дедім. Сонда Александр Герасимович: – Сенің еңбекқорлығыңа біз көптен тәнті болып жүрміз. Осы жеті жылда ысылдың, көп нәрсені үйрендің. Сен осы қызметке лайықсың, – деп өзінің қызметін аманаттап кеткен еді.
Аманаттап алған қызметіме еңбек жолымның ақырғы күніне дейін адал болдым деп ойлаймын. Жастар келсе басшылар «Әбдірамановтың бригадасына барсын» деп жіберіп жататын. Сондай сәтте мен: – Әбдірамановтың бригадасында алтын бар ма екен? Неге менің бригадама жібере береді, – дейтінмін. Сонда қасымдағы жігіттер: – Мұқа, тәліміңіз мықты ғой, тәліміңіз. Сіздің бригадаңызға ұмтылып тұратынымыз сондықтан ғой, – дейтін.
Сол жылдарда фабриканың кезең-кезеңмен цехтары іске қосыла бастаған еді. Жұмысшылар күндіз жұмыс істеп, кешкілік өндірістік мектепке жіберілетін. Олар сонда өздерінің бағыттары бойынша білім алатын. Өзіміздің негізгі жұмысымыздан бөлек, жастардың білімі мен тәжірибесін көтеруге негізделген шараларды қатар атқардық. Соның арқасында біраз жігіттер өндіріс ошағында тәжірибелі маман атанды.
Менің қол астымнан қанаттанып ұшқан жігіттердің көбі «Қазақмыс» корпорациясының түрлі салаларында еңбек етіп жүр. Мен солармен мақтанамын. Балқаш байыту фабрикасының директоры болған Ғабдулла Шаяхметов іскер де білікті басшы екендігін таныта білді.
Өндірістегі 48 жылым зая кеткен жоқ. Еңбегімді бағалады. Елге абыройлы азамат ретінде қалыптастым. Алты ағайынның ішінде өндірісті таңдаған мен ғана болдым. Өткен өміріме өкпем жоқ. Елдің алдында еңсемнің биік болуына қызметін жасаған бәйбішем Ағайша Дүкенбайқызының еңбегі сіңді. 61 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келеміз, – деп сөзін түйіндеді ақсақал.
Иә, шын мәнінде азаматтың аты мен абыройы асқақ болуында таңдап алған жарының еріне деген ықыласы бәрінен биік тұрса керек. Сол құрмет пен ізеттің арқасында Мұхамедқали ақсақал аймағымызға танымал байытушы атанды. Алпыс бір жыл отасқан отанасы да «Қазақмыс» корпорациясының ардагері. 37 жыл есеп-қисап саласында еңбек етті. Ағайша әжей:
– Ұлытауда туып, Қаныш атамыз жұлдызын жағып кеткен Қарсақбайдан түлеп, ұштық. Менің есепші болуыма тумалас ағам Зікірия Нысанбаев себеп болған еді. Сол ағамның ақылынан алшақ кетпей, Жезқазғандағы құрылыс техникумынан есепші мамандығын алып шықтым. Ол кезде комбинат дейтін, қазіргі «Қазақмыс» корпорациясының балабақшаларының есепшісі болып, 37 жыл еңбек еттім. Еңбегім еш кеткен жоқ. Комбинат бағалап, маған да ленинградтық жобадағы пәтердің кілтін берді. Елге жасаған қызметіміз өзімізге жақсылық болып тиді, – деп ағынан жарылды әңгіме арасында.
Мұхамедқали ақсақал мен Ағайша ана үш қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Гүлнар да зейнет жасқа жетті. Астана қаласындағы М.Горький атындағы орыс драма театрының тігін цехын басқарып отыр. Екіншілері Алма – прокуратура саласының ардагері. Астанада жеке нотариус. Кенжелері Шолпан ана жолын қуып есепші болды. Жезқазған қаласындағы Қарттар үйінде еңбек етуде. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» дейтін халқымыздың даналығына салған қос қария қыздарынан өрбіген немере-шөберелердің қызығын жандарына демеу етіп отырған жайлары бар.
Қос қария да – кеңестік кезеңнің «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Мұхамедқали Әбдіраманов 1986 жылы «Құрметті металлург» атағын алған. Тәуелсіздік жылдарында «Құрмет» орденін иеленді. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақмыстың» Құрметті еңбек ардагері» атақтары кейіпкеріміздің еңбек жолына берілген шынайы баға. Бастысы – 1997 жылдың 19 мамырында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан 91-орамдағы кең сарайдай коттедждің кілтін алуы. Бұл оқиға қарапайым еңбек адамына деген сол кездегі мемлекет басшысы мен корпорация басшылығының құрметі еді. Қос қарияға құтты шаңырақ болған коттедждің айналасы гүлмен көмкеріліп, бау-бақша түрлі жеміс-жидекпен ажарланып-ақ тұр. Мұның барлығын 85 жастағы қарт Мұхамедқали Әбдіраманов өз қолымен өсіріп, баптаған десек, сенер ме едіңіз?! Еңбекпен шыңдалған ақсақалдың қимылы әлі де ширақ. Ұзақ әңгімеден соң, ақ батасын берген қос қарттың ақ пейілімен шаңырақтан марқайып шықтым. Мен де кетерімде қарттарға ғұмырларының ғасырға жалғасуына тілектестігімді білдірдім.
***
Өндірістің тыныс-тіршілігін, еңбек адамының қоғамға тигізіп отырған сүбелі үлесін жазып жүрген осы алты жылда «Жезқазған мыс қорыту зауытында Табыс Міржақыповтың бригадасы табысты тасқындатып жатыр» деп естіп жататынмын. Бірақ, даңқты бригадирмен тілдескен емеспін. 42 жыл түсті металлургияның қазанында қайнаған Табыс Міржақыпов та қазір зейнет жасына жетті.
Қарсақбай кентінде өмірге келген кейіпкеріміз 1971 жылы әскерден соң Жезқазған мыс қорыту зауытының шихта дайындау цехына жұмысқа орналасты. Ол кезде зауыттың цехтары кезең-кезеңімен іске қосылып жатқан болатын. Нағыз өндірістің бастау алған кезінде еңбекке араласқан жас маман цехта күйдіруші болып еңбек етті. Аға буынның тәлімінде шыңдалды. Табыс Міржақыповтың майталман маман ретінде қалыптасуына цех басшысы болған Қуанышбек Бексұлтановтың, Вячеслав Постонововтың ықпалы тиді.
– Менің еңбек кітапшамда «шихта дайындау цехына күйдіруші ретінде жұмысқа қабылдансын» деген бір ғана жазба бар. Сол жазбадан кейін ешқандай цехқа да, кәсіпке де ауысқан жоқпын. Адамның еңбекте абыройға кенелуінде тұрақтылық, кәсіп пен ұжымға деген құрмет ерекше болу керектігін ұғындым. Жалпы бұл мамандыққа келуіме атақты металлург Смағзам Салқауов себеп болды.
1971 жылдан 2013 жылға дейін шихта дайындау цехында қызмет жасадым. Бригада басқардым. Зауыттың сапалы өнім өндіруіне тікелей қатысы бар шихташылардың еңбегі ерен деп айта аламын. Бригадирлікпен бірге тәлімгерлікті де қатар алып жүрдім. Менің мектебімнен шыңдалған жігіттердің алды қазір елуді еңсеріп, алпысқа бет алды. Төлеген Салқауов, Жеңіс Ершаев сынды шәкірттерім – өндіріс озаттары. Екеуі де қазір бір-бір мектеп. Төлеген Тағанбайұлы – металлургтер әулетінің өкілі. Өз саласында жинақтаған тәжірибесі мол. Зауыттан зейнетке кеткеніме де 10 жыл болыпты. Алайда зейнетте екенмін деп қоғамдық шаралардан қалыс қалып жатқан жоқпын. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен өткізілетін спорттық жарыстарға қатысамын. Менің бос кездегі ермегім – балық аулау. Бұл бала кезімнен бар әдетім. Зейнетке шыққаннан бері қармақты қолымнан түсірмейтіндей болып алдым. Кеңгір жағасына қармақ салып, бір мезгіл сергіп қайтамын, – дейді Табыс аға.
Түсті металлургияның аймағымызда қалыптасып, дамуына үлесін қосқан Табыс Міржақыповтың салаға сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. 1997 жылы сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жезқазғанға сапары барысында екі қабатты жер үйдің кілтін алуы Табыс ағаның мерейін үстем етіп, еңбекке деген ынтасын одан әрі жігерлендіре түсті. Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы», «Қара мыстың алынғанына – 85 жыл», «Қазақмыстың» Құрметті еңбек ардагері» төсбелгілері байырғы металлургтің омырауында жарқырап тұр.
Табыс Міржақыповтың өмірлік серігі Мейрамгүл Бекқалиқызы да өндірістің майталманы. Жезқазған мыс қорыту зауытындағы техникалық бақылау бөлімінде еңбек жолын бастап, кейіннен Жезқазған байыту фабрикасындағы бөлімнен зейнетке шықты. Төрт баладан он немере, екі шөбере сүйіп отыр.
Тұңғыштары Гүлжанат Жезқазған теміржол вокзалында оператор болса, екіншісі Мадина – жеке кәсіпкер. Ұлдың үлкені Мәди – Шығыс Жезқазған кенішінің № 57 шахтасында бригадир. Кенже Нұрлан да өмірін кеншілікпен байланыстырған.
Табыс аға мен Мейрамгүл жеңгей бүгінде шаттықты шаңырақтың иелері. Үлкендердің ақ батасымен өсіп-өнген әулеттің немерелері де дарынды. Үлкен немерелері Арсен нағашыларының жолын қуып, кенші мамандығын игерген. Ол да №57 шахтада кен шебері. Санжар жиендері Қарағандыда туризм мамандығы бойынша білім алса, Аяжандары Астана қаласында суретші мамандығын игеруде. Аяжанның қаламызда өткен көрмелерде туындылары қойылып, көпшіліктің оң бағасына ие болып жүр. Республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауының жүлдегері.
Қоғам игілігіне еңбек етіп, күш-жігерлерін арнаған аға буынның бүгінгі қарттық шақтағы сәттері ұрпақтарымен осылайша қызықты өрбуде. Халқымызда «ұрпағыңмен мың жаса» деген бата бар. Сол батамен өсіп-өнген қарттарымыз қашанда аман болсын!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ