Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Жан Ақжановтың «Қазақстанды сүю» атты республикалық көшпелі көрме жобасы Жезқазғанға жетті. Тағлымды шара Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде өтті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен 1 қарашадан бастап өңірге қарасты қала-аудандарды аралап жүрген көшпелі көрменің негізгі мақсаты: жастарды отансүйгіштік рухқа тәрбиелеу, сонымен қатар Қазақстанның тарихи орындарын насихаттау. Мұнда көрме авторы Жан Ақжановтың жазған туындылары бойынша салынған суреттер келушілер назарына ұсынылуда.
– Көрменің атауы – Қазақстанды сүю. Сол сүю үшін Қазақстанды білу керек. Өкінішке қарай барлығымыз бірдей Қазақстанның өзіне толық саяхат жасай алып жүрген жоқпыз. Ата-аналар балаларын апара алмайды. Ал, мына суреттер арқылы сол жаққа барып келгендей күй кешеді, – дейді «Қазақстанды сүю» көрмесінің авторы Жан Ақжанов.
Облыс орталығында қойылған көрменің алғашқы күніне зиялы қауым өкілдері мен кітапхана, архив қызметкерлері және студенттер қауымы белсене қатысты. Музей басшылығы көшпелі көрменің маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, республикалық көрме әрі қарай Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданы және Жезді кентіне атбасын бұрады. Ұлытау облысынан кейін көшпелі көрме Павлодар облысында жалғасын таппақ.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.