«Ендігі межем – Мекке». Бұл күні кеше ғана еліміздің 17 облысын артқа тастап, қасиетті Ұлытауға дін аман оралған Сәрсенбай Қотырашовтың алға қойып отырған мақсаты.
Республикалық телеарналардан Ұлытаудан шыққан жиһанкез, марафоншы Сәрсенбай Қотырашовтың әр облысқа жеткендігін хабарлап жатқанын аймақ жұртшылығы ұмыта қойған жоқ шығар. Наурыздың отыз бірінде арбасын сүйреп жолға шыққан Сәрсенбай Оспанұлы алты ай ішінде сегіз мың шақырымды жүріп өтті. Қазақстан бойынша мұндай қашықтықты бағындырған 72-жастағы ақсақалды құрметпен қарсы алу рәсімі қасиетті Ұлытауда, осы аптаның басында облыс орталығы – Жезқазғанда сән-салтанатымен өтті.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Ұлытау ордасының шежірелі тарихынан сыр шертіп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрі мен қолөнерін жұртшылыққа танытып, дамуына ықпал ету мақсатында жаяу марафонды сәтті аяқтап шыққан Сәрсенбай Қотырашовпен кездесу ұйымдастырылды.
Сәрсенбай Оспанұлы Жаңаарқа ауданының тумасы болғанымен, қарт Ұлытаудың қасиеті мен қадірін көпшілікке ұғындырып жүрген қолөнер шебері. Жетіпс екі жастағы жиһанкезбен жүздескенімізде оның жүзінен шаршап, қалжырау мүлде сезілмейді. Қайта ол өзі белгіленген межені артығымен орындап, елге бір ай бұрын ерте келгеніне қуанышты екендігін аңғартты.
Сәрсенбай Оспанұлын құрметтеу жиынына облыстың мәдениет саласының қызметкерлері, облыс пен корпорация басшылығы, жастар мен ақсақалдың туған-туыстары қатысты. «Ақ әжелер» ансамблі жиынның себепкерін ұлттық дәстүрге сай қарсы алып, сый-құрмет көрсетті.
Шара Сәрсенбай Қотырашовтың марафон барысында бағындырған белестері жайында сыр шерткен фильммен бастау алды. Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали сөз алып, ақсақалға жасына қарамастан жастарға үлгі боларлық ісі үшін алғысын жеткізді.
– Біз әлбетте Ұлытауды қасиетті мекен деп ұлықтап, қастерлейміз. Мұның да өз сыры бары анық. Өйткені, Ұлытау өзінің қасиеттілігін көрсетіп келеді. Елдің тілеуімен жеке еншіміз өзімізге тиіп, ширек ғасырдан соң облыстық дәреже алсақ, екінші қуанышымыз, осы құт дарыған мекеннен тұңғыш марафоншы еліміздің облыстарын аралап, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады. Бұл тарихта Сәрсенбай Оспанұлының ерлігі деп бағаланады. Егде тартқан жасына бой ұсынбай алға қойған мақсатына жету жолында жиһанкез түрлі қиындықтарды жеңіп, мәреге жетті. Естігеніміздей Сіз бұл сапарларыңыз қасиетті Меккеге бару алдындағы дайындығыңыз екен. Бойыңызда күш-қуатыңыз барда бұл сапарды да оңынан өтеп шығарыңызға сенім зор. Бастысы ниетіңізге жеткізер денсаулығыңыз мықты болсын. Жаңа құрылған облыстың даңқын асырған Сізге өңір жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз, – дей келе, Ғалымжан Құсманғали Сәрсенбай ақсақалға «ат» мінгізді.
Сәрсенбай Қотырашовтың ерлік ісін аймақ тұрғындары қолдап, тілекші болып отырды. Қарт марафоншының үлгі тұтарлық ісіне құрметпен қараған «Қазақмыс» корпорациясы да оны демеуден шет қалмады. Жиында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нұриев Сәрсенбай Қотырашов сынды қайсар мінезді аға буын жастардың елін, жерін сүйіп, дәстүрі мен құндылығын насихаттауда өнеге екендігін тілге тиек етті.
– Сіз бағындырған меже шынымен керемет нәтиже! Біздің облыстың барлық тұрғындары БАҚ арқылы сіздің сапарыңызды бақылап, сізге сәттілік тілеп, денсаулығыңызға алаңдап, ортамызға оралғаныңызды тіледі. Сіздің бұл ісінің жас ұрпақ үшін үлкен үлгі.
Қазақмыс компаниялар Тобының басшылығы атынан Сізді шын жүректен құттықтағым келеді. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір және сарқылмас қуат тілейміз. Сіздердей асыл ағалар, ардақты әкелеріміз барда біздің ұлттық құндылықтарымыз ұрпақ санасында жаңғырып, жаңара бермек. Ұрпақ пен ел игілігі үшін жасаған сапарыңыздың сәтті болғаны біз үшін де үлкен қуаныш, – дей келе, Нұрахмет Қанатұлы «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының ұйғарымымен Сәрсенбай Оспанұлына Жезқазған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
«Қазақмыс» корпопрациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі» ҚБ Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров замандасының екінің бірінің қолына келе бермейтін ерлігі үшін алғысын білдірді.
– Республикалық және жергілікті БАҚ-тардан: «Қарт Ұлытаудан 72 жастағы жиһанкез еліміз бойынша жаяу марафонын бастады. Бағындырар белесі 7000 мыңнан асып жығылады. Ұлытаулық марафоншы мына облысқа жетті, мына облысқа аялдады. Сәрсенбай Қотырашовты мына өңір тұрғындары қошеметпен қарсы алды» деген жаңалықты естіп, оқығанда іштей тілекші болдым.
Мұндай жаста 8000 мың шақырымды бағындыру ерлікпен пара-пар дүние. Сондықтан Сіздің қайсарлығыңыз бен төзімділігіңіз жастарға үлгі болмақ, – деді Төлеген Нұрмағанбетұлы. Сәрсенбай Қотырашовқа Төлеген Нұрмағанбетұлы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі атынан ұлттық дәстүрді насихаттаудағы ерен еңбегі үшін «Кетбұқа баба» атындағы арнайы төсбелгіні омырауына тақты.
Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар Сәрсенбай ақсақалдың жиһанкездік дәстүрін қайта жаңғыртып, оны жаңа ғасырда жаңа мазмұнмен өрнектегенін атап өтті.
– Біз «жиһанкез» деп ұлықтап, құрметтеп жатқан Сәрсенбай Оспанұлы ұмыт алған салт-дәстүрді жаңғыртып қана қойған жоқ, ата-бабаларымыздың тұсындағы жиһанкез деп аталатын ұғымды қайта тірілтті. Тірілтіп қана қойған жоқ, оны ісімен дәлелдеді. Әрине, бұған көпшіліктің қолдауы да себеп болды. Өзіміз куә болып жүргендей талай марафоншылар жолға шықты. Бірақ, олар өз межесіне жете алмады. Өйткені, оларда Сәрсенбай асқақал кенелгендей құрмет пен демеу болмады. Осы істің басы қасында жүріп, марафонды ұйымдастыруға ұйытқы болған, Сәрсенбай ағамызға қолдау білдірген Қлытау облыстық мәслихатының депутаты, Ұлытау ауданың Құрметті азаматы Бақтияр Қожахметовке, арнайы құрылған топ мүшелеріне, қарт марафоншының ерлігін құрмет тұтып, сый-құрмет көрсеткен жерлестерге мың да бір алғыс. Елге оралған соң баспаналы болуына ықпал жасаған «Қазақмыс» корпорациясы басшылығына деген ризашылығымыз ерекше, – деді Әнуар Серікбайұлы.
Осы марафонның қасиетті мекеннен бастау алып, Ақтауда аяқтаған сапарына қолдау білдірген өлкетанушы, облыстық мәслиха депутаты Бақтияр Қожахметов қарт жиһанкездің сапары барысында жолыққан қиындықтары мен қызықты сәттерін баяндай келіп, жан-жақты демеудің арқасында көздеген меже бағындырылғанын тілге тиек етті.
– Жетпіс екі жаста жаяу жолға шығып, сегіз мың шақырымды жүріп өту үшін қайсарлық пен адамның өзіне деген іштей сенімділігі керек. Бұл қасиет пен қабілетті Сәрсенбай ақсақалдан бірден байқадық. Өзіне деген сенім оны нәтижеге жеткізді. «Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын марафонда ақсақал жолында кездескендердің барлығынан Ұлытау жайында сұрастырды. Өкінішке орай, Ұлытау жайында білетіндер аз болып шықты. Тіпті «Ұлытау деген не?», «Ол қайда орналасқан?» деген сұрақтардың да қойылғаны қынжылтпай қоймады. Біз алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтырып, Ұлытауды кеңінен насихаттауды көздеп отырмыз.
Ақсақалдың марафондағы екінші мақсаты әр аймақтағы қолөнершілер жайында ақпараттар жинау болатын. Оны арнайы сайт арқылы топтастыратын боламыз. Ал, үшіншіден, ежелден келе жатқан «Қымыз» мерекесін жаңғыртып, қымыз жайында жұртшылық арасында кеңінен ақпараттандыру болды. Сәрсенбай Оспанұлы осы үш миссияны сәтті орындай отырып, Қазақстанның тұмса табиғатқа бай жерлеріне куә боолып келді. Оның сапарлары сәт сайын әлеуметтік желіде көпшілікке жеткізіліп отырды. Сәтті сапар үшін қолдау көрсеткен жандарға алғысымды білдіремін, – деді Бақтияр Сапарбекұлы.
Қарт жиһанкездің құрметіне арналған кешті жергілікті өнерпаздар әнмен әрлеп, күймен көмкерді. Жиналған көпшілік тарихи-археологиялық музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен арнайы әзірленген көрмені тамашалады. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нұриев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали бастаған топ Сәрсенбай ақсақалдың жаңабаспанасына құтты болсын айта барып, туған-туыстары қазақты дәстүргі сай шашу шашып, қуанышты бөлісті. Екі бөлмелі пәтер еуро жөндеуімен заман талабына сай келетін техникалармен, жиһаздармен жабдықталған. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нұриев ақсақалдың пәтеріне көрімдік ретінде өз атынан теледидар тарту етті. Қуанышын бөлісіп, құрметтеп жатқан қауымға Сәрсенбай ақсақал ақ батасын берді.
Халқымның ақ батасы қабыл болды
Сәрсенбай Қотырашов өңірімізден шыққан тұңғыш марафоншы. Оның сегіз мың шақырымды жүріп өтуі ерлікке тең. Ақсақал осы сапарында қолдау көрсеткен барша жұртшылыққа риза екендігін жеткізді.
«Бұл сапарға шығуымның үш мақсаты бар. Біріншіден, туған жерім Ұлытаудың мәдени-тарихи мұрасын насихаттаймын. Екіншіден, қымыздың пайдалы қасиеттеріне жұртшылықтың назарын аударғым келеді. Оның үстіне ЮНЕСКО-мен келісімім бар.
Қазақстанды аралап, мыңнан астам қолөнершілер туралы мәлімет жинасам, олар жеке сайтқа еніп, сол арқылы дүниежүзіне танымал болады. Жаяу сапарымды Ақтауда аяқтадым.
Еліміздің барлық өңірінде болдым. Жоспар орындалды. Мақсатым — Қазақстанды жаяу аралап шығу еді. Енді дүниежүзіне сапар шексем бе деп отырмын. Оның қатарында қасиетті мекен – Мекке де бар. Келер жылы жазда жолға аттанамын. Ұлытаудан бастау алған сапарымда халқымның берген ақ батасы қабыл болды. Мені қолдаған баршаңызға разымын».
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.