Қазіргі медицинада жұқпалы аурулардың алдын алуда ең сенімді, тиімді әрі үнемді құрал – иммунопрофилактика. Әсіресе, жаппай вакцинациялау қоғамның эпидемиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Иммунопрофилактика Дегеніміз не?
Иммунопрофилактика – адамның немесе қоғамның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін күшейтетін әдістер жиынтығы. Ол спецификалық және спецификалық емес болып бөлінеді.
Спецификалық емес иммунопрофилактика – салауатты өмір салтын ұстану, яғни дұрыс тамақтану, ұйқы тәртібі, белсенді күн тәртібі, зиянды әдеттерден бас тарту және жағымды психоэмоционалды жағдайды қамтиды. Ал, спецификалық иммунопрофилактика – нақты ауру қоздырғышына қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында вакциналар енгізу арқылы жүргізіледі.
Вакциналар туралы не білу керек?
Вакцина – белгілі бір инфекцияға қарсы иммунитетті жасайтын биологиялық медициналық препарат. Ол микроорганизмдердің әлсіретілген не өлтірілген түрлерінен немесе синтетикалық жолмен алынған ақуыздарынан жасалады.
Вакцинаға қойылатын негізгі талаптар: Иммуногенділік – күшті әрі ұзақ иммунитет тудыру қабілеті. Иммунитеттің ұзақтығы – ауруға қарсы қорғаныштың сақталу мерзімі. Ареактогенділік – минималды жанама әсер мен аллергиялық реакцияның болмауы.
Қазақстандағы жоспарлы вакцинация
Қазақстанда ҚР Үкіметінің 2020 жылғы № 612 қаулысына сәйкес профилактикалық егулер күнтізбесі бекітілген. Ол бойынша 11 түрлі жұқпалы ауруға қарсы жоспарлы иммундау жүргізіледі. Олардың ішінде: вирусты гепатит B, туберкулез, көкжөтел, қызылша, қызамық, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, паротит, Haemophilus influenzae b инфекциясы, пневмококк инфекциясы.
Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты құтыру, сібір жарасы, тұмау, іш сүзегі, оба, А гепатиті және туляремия сияқты ауруларға қарсы иммундау жүргізіледі.
HPV-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырынан қорғаныс
Соңғы жылдары Қазақстанда адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакцинация жүргізілуде. Бұл вирус әйелдерде жатыр мойны обырының дамуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі. Жатыр мойны обыры жағдайларының 97 %-ы HPV-мен байланысты. 2024 жылғы 17 қыркүйектегі ҚР Бас санитарлық дәрігерінің № 11 қаулысына сәйкес 11 жасқа толған қыздарға HPV-ға қарсы екпе жоспарлы түрде жүргізіледі. 12–13 жастағы қыздарға қайталама иммундау қарастырылған. Вакцинация ата-аналардың жазбаша келісімімен тегін жүргізіледі.
Вакцина жыныстық белсенділік басталмай тұрып салынса, ең тиімді болады. ДДСҰ 26 жасқа дейін вакцина алуды ұсынса, АҚШ-та бұл жас 45-ке дейін ұзартылған. Тіпті жыныстық белсенді әйелдер де вакцинаның пайдасын көре алады, өйткені олар вирус штамдарының барлығымен бетпе-бет келмеген болуы мүмкін.
Скринингтің маңыздылығы
Вакцинациямен қатар, жатыр мойны обырына скринингтік тексеріс те аса маңызды. Қазақстанда 30–70 жас аралығындағы әйелдер тегін скринингтен өтуге құқылы. Бұл – қатерлі ісікті ерте анықтаудың тиімді жолы. Жалпы, иммунопрофилактика – ұлт денсаулығын қорғаудың сенімді құралы. Халықтың екпеге деген сенімі мен қатысуы неғұрлым жоғары болса, жұқпалы аурулардың таралуы соғұрлым азаяды. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерді вакцинациялау арқылы біз болашақ ұрпақтың денсаулығына инвестиция жасаймыз.
Вакцина – бұл қауіп емес, қорғаныс. Сіздің бүгінгі шешіміңіз – ертеңгі қауіпсіздік кепілі.
Қ. Әбілқасымова.
Сәтбаев қалалық емханасының дәрігер-эпидемиологы.