«Қазақмыс» корпорациясы жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді. Соның ішінде қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы компанияның маңызды әлеуметтік бастамаларының біріне айналған.
Биылғы жылдың наурыз айында әлеуметтік осал санаттағы 13 жұмыскерге пәтер кілті табысталған болатын. Қазіргі таңда тағы 16 қызметкер тұрғын үйді меншікке рәсімдеу кезеңінде. Оның ішінде 7 жұмыскер Жезқазған қаласынан, ал 9-ы Балқаш өңірінен.
Компанияда бұл бастама тек тұрғын үй мәселесін шешу ғана емес, сонымен қатар жұмыскерлердің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Бағдарлама аясында қызметкерлер өздері тұрып жатқан қызметтік пәтерді жеңілдетілген шартпен сатып ала алады. Төлем мерзімі бес жылға дейін қарастырылған. Ал бастапқы сатып алу құны тұрғын үйдің нарықтық бағасының небәрі 10 пайызынан басталады.
Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмыскері Игорь Порабкович. Ол корпорацияда 34 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Біз 2006 жылдан бері тұрып келе жатқан қызметтік пәтерді жеңілдетілген бағамен сатып алып жатырмыз. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш, әрі болашаққа деген сенім. Осындай қолдау көрсетіп отырған «Қазақмыс» корпорациясына алғысым шексіз, – дейді ол.
Бұл бастама тек біздің өңірде ғана емес, компания жұмыс жүргізіп жатқан өзге аймақтарда да жүзеге асып жатыр.Соның бірі Балқаш өңірінің тұрғыны, корпорацияда 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сайрагүл Мәдешова.
– Ұлымды жалғыз тәрбиеледім. Бұл өмірде түрлі қиындықтар болды. Кезінде «Қазақмыс» маған жалдамалы пәтер беріп, үлкен қолдау көрсетті. Ал енді сол баспананы қолжетімді шартпен сатып алу мүмкіндігі туғаны біз үшін зор қуаныш, – дейді Сайрагүл Мәдешова.
Компания тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау көптеген отбасы үшін маңызды қадамға айналып, қызметкерлердің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беруде.


