Халықаралық балаларды қорғау күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Ұлытау облысы бойынша Экология департаментімен бірлесіп, «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты балалардың сурет байқауын өткізді.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамыту және қоршаған ортаға ұқыпты көзқарасын қалыптастыру болды. Қатысушылар табиғатты қорғау және қоршаған әлемге қамқорлық жасау тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушылар анықталды. Олардың қатарында Жезқазған қаласындағы Маруа Құлұшева атындағы Балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері де болды.
Мереке аясында балалармен арнайы кездесу ұйымдастырылып, сыйлық табысталды. Әр балаға спорттық киім, футбол добы, су құтысы мен тәттілер салынған жеке жиынтық тарту етілді. Осылайша белсенді әрі салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінді.
Бүгінде Маруа Құлұшева атындағы орталықта 60 бала тәрбиеленіп жатыр. Жылы атмосферада өткен кездесу балалар үшін есте қаларлық мерекелік сәтке айналып, оларға шаттық пен қуаныш сыйлады.
Компанияда атап өтілгендей, балалар мен жастарды қолдау Қазақмыстың әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Компания өзіне қатысы бар өңірлерде өскелең ұрпақтың дамуына, білім алуына және қабілетін шыңдауына мүмкіндік беретін бастамаларды іске асыруды жалғастыруда.









